Accessibility links

Киіз үйді паналаған көпбалалы отбасыға демеушілер көмекке келді


Көпбалалы ана Раушан Иманғалиеваның отбасы күн суытқалы туысы уақытша жалдап берген біреудің сарайында тұрып жатыр. Көктемгі тасқын кесірінен баспанасыз қалып, жаздай киіз үйді паналған отбасына көмекке келген кәсіпкерлер бір айдың ішінде ескі материалдардан үй тұрғызып беруге уәде етеді.

Астанадан 20 шақырымдай жердегі 40-бекет аталатын елдімекендегі Бекболатовтар 15 жыл тұрған баспанасын биыл көктемде тасқын суы қиратып кеткен соң киіз үйде тұрып жатқан еді. Алты баланың анасы Раушан Иманғалиева қыркүйектің аяғына қарай суық түскеннен кейін аурушаң балалары мен мүгедек күйеуін 25 мың теңгеге біреуден уақытша жалға алған сарайға шығаруға мәжбүр болғанын айтады.

- "Саған пенсиямнан жалдап берейін" деді үлкен апам. Енді оның да уақыты өтіп бара жатыр. Ендігі айда не боларын білмеймін, - дейді көпбалалы әйел.

Раушан Иманғалиева еш жерде жұмыс істемейді, үш баласы мен күйеуі мүгедек болғандықтан үйде соларға қарайды. Мемлекеттен алатын жәрдемақы отбасының қажетіне толық жетпейді деп шағымданады ол. Көпбалалы әйел отбасының өз күшімен баспана салуға мүмкіндігі жоғын айтып, Астана қаласының әкімдігінен, "Нұр Отан" партиясынан, мәжіліс депутаттарынан жәрдем сұраған.

– Өзім де, жұбайым да жұмыс істемеймыз. Өзім декреттемін. Екі баланы емдеу керек болды. Тапқан табыстардың барлығы бала-шағаның еміне кетеді, - дейді ол.

Көктемгі тасқыннан зардап шеккен көпбалалы отбасыға жергілікті билік уақытша паналау үшін киіз үй беріп, баспанаға мұқтаж шаңырақ ретінде пәтер кезегіне қойған.

- Олар заңға сәйкес, тұрғын үй инспекциясы басқармасында пәтер алуға кезекке тұрды. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша, олар тұрған үй апатты жағдайда деп танылған. Алдағы уақытта баспана мәселесі кезек ретімен шешіледі, - деді Астананың Алматы аудандық әкімдігінің қызметкері Рамил Досмағанбетов.

Үйсіз қалған Бекболатовтар отбасына жергілікті кәсіпкерлер қаржы бөліп, ескі материалдардан үй тұрғызып беруді ұйғарған.

- Алты баласының үшеуі және ері мүгедек отбасының үйін су шайып, баспанасыз қалғанын көрген соң көмек беру туралы шешім қабылдадық, - дейді кәсіпкер Көңілбай Шүкенов.

Баспананы негізінен бұрын пайдаланылған ескі құрылыс материалдарынан салып жатқан құрылысшылардың сөзінше, аумағы 110 шаршы метр болатын үйге енді бір айдан соң қоныстануға болады. Демеушілердің айтуынша, үйді салуға 10-13 миллион теңге аралығында қаржы жұмсалмақ.

Ресми дерек бойынша, Астанада тұрғын үй кезегінде 40 мыңнан астам адам тұр. Олардың бес мыңдайы - мүгедек жандар мен көп балалы отбасылар.

XS
SM
MD
LG