Accessibility links

Қала іргесіндегі инфрақұрылымы жоқ ауыл


"Қатын көпір" ауылының тұрғыны Феруза Бейсенова. Шымкент, 2 желтоқсан 2018 жыл
"Қатын көпір" ауылының тұрғыны Феруза Бейсенова. Шымкент, 2 желтоқсан 2018 жыл

Шымкент іргесіндегі "Ынтымақ-2" шағын ауданының мыңдаған тұрғыны бірнеше жылдан бері ауыз су, қоғамдық көлік, жол мәселелерін шеше алмай келеді. Тұрғындар “қала іргесінде тұрып, ауыз суға жарымадық” деп шағымданады. Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар болғанымен шарасыз екенін айтады.

"ӨЛМЕСТІҢ КҮНІН КӨРІП ОТЫРМЫЗ"

Шымкент маңындағы "Ынтымақ-2" шағын ауданына қарасты “Қатын көпір” ауылынан бес жыл бұрын жер алып, үй салған Феруза Бейсенованың бес баласы бар. Үш баласы - мектепке, екі баласы – балабақшаға барады. Күйеуі мен өзі қала орталығында жұмыс істейді. Негізінен көпбалалы отбасы тұратын, инфрақұрылымы жоқ ауылдағы ауыр тірлік жайлы ол былайша баяндайды.

- Ауылда 12 үй бар, барлығы көпбалалы отбасы. Пәтер жалдап тұрып, тапқанына жер алып, үй соққан. Тағы екі отбасы электр жарығын кіргізуге теңгесі болмай, әлі пәтер жалдап жүр. Жер телімі бар болғанымен үй сала алмай жүргендер қаншама? Мұнда өлместің күнін көріп отырмыз. Егер шамамыз келетін болса, бұл жерде бір күн де отырмайтын едік, - дейді ол.

Феруза Бейсенова
Феруза Бейсенова

Феруза Бейсенова күн сайын таңғы сағат 9-да басталатын жұмысына жету үшін үйден сағат 6.30-да шығатынын айтады. Жұмыстан үйіне түнде жетеді. Мектепте оқитын балаларын мектептің арнайы жалдаған автобусы алып кетеді. Ал балабақшаға баратын балаларын күйеуі екеуі таңертең көтеріп, көрші шағын аудандағы қоғамдық көлікке дейін жеткізеді.

- Көрген күніміз құрысын. Ауылдың ішіндегі көшеде асфальт та жоқ. Батпақ. Ауыз су жоқ. Су таусылып қалғанда оған таласамыз. Бұл судың өзі таза емес. Тұнған кезде түбіне неше түрлі қоқыс тұрады. Жарық әлсіз, сығырайып тұр. Кешке балаларымыз сабағын орындату үшін бірімізден-біріміз жарығын сөндіре тұруды сұраймыз. Әйтпесе мына жарықпен балалар кітап оқи алмайды, - дейді Феруза Бейсенова ашынып.

"Қатын көпір" ауылындағы орталық көшеден трассаға шығатын жол
"Қатын көпір" ауылындағы орталық көшеден трассаға шығатын жол

"ЖАЗДА ҚҰРТТАҒАН СУ ІШЕМІЗ"

Азаттық тілшісі барған "Қатын көпір" ауылында үш көше бар, тұрғындар айтқандай үшеуіне де асфальт төселмеген. Ары-бері өткен жұрт батпақ жолмен әрең жүр. Көшедегі тұрғын үйлердің бәрі жаңадан салынған. Оннан аса үйдің біреуінің ғана шарбағы қоршалған. Қалғанында адамдар тұрып жатқанмен құрылысы толық аяқталмаған.

Ауыл көшелерінде жіңішке бағаналардан электр сымы тартылған. Газ тартылмағандықтан тұрғындар көмір жағып, үйлерін пешпен жылытады. Әр үй ауласында әртүрлі су құятын бөшкелер тұр.

- Cуды үнемдеп ішеміз. Аптасына бір рет алып келеді. Әр үйге 200 литр су береді. Қазір күн салқын. Ал жазда судың дәмі бұзылып, құрттап кетеді. Cосын бұл су ішіп, кір жуғанға жетпейді. Әр отбасында 5-6 адамнан бар. Қайдан жетсін? Жауын жауса батпаққа айналатын мына жолға ең болмаса тас төсеп берсе қуанатын едік, - дейді ауыл тұрғыны Меруерт Арыстанова.

Ауыл көрінісі
Ауыл көрінісі

Зейнеткер Сапаргүл Әмірованың пікірінше, ауыл тұрғындары бірінші кезекте ауыз суға жете алмай қиналып отыр. Қоғамдық көліктің де жоқтығы тұрғындардың өмірін күрделендіріп, ауыл мен қала қатынасын қиындатқан.

- Әр үйде кем дегенде мектепке баратын екі-үш бала бар. Балалар мектепке бару үшін таңғы сағат жетіден үйден шығады. Жұмыс істейтіндер кешкі сағат сегізде келеді. Қалалық қоғамдық көлік келетін аялдамаға дейін үш шақырымдай жер. Олар барып келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, - дейді зейнеткер.

"Қатын көпір" ауылының тұрғыны Сапаркүл Әмірсейітова (оң жақта). Шымкент, 2 желтоқсан 2018 жыл
"Қатын көпір" ауылының тұрғыны Сапаркүл Әмірсейітова (оң жақта). Шымкент, 2 желтоқсан 2018 жыл

Тұрғындар бірнеше жылдан бері ауылдағы ауыз су, жол, қоғамдық көлік мәселесін айтып, жергілікті билікке шағымданып келеді. Аудан әкімдігінің қызметкерлерін ертіп келіп, жағдайын да көрсеткен. Бірақ одан нәтиже болмаған.

- Қаланың іргесінде тұрып ауыз суға жарымай, қоғамдық көлікке жете алмай, батпақтан шыға алмай жүрміз. Біз де адамбыз, адамша өмір сүргіміз келеді ғой. Қиналған кезде қала орталығынан пәтер жалдап тұрғың келеді. Күйеуім 50 мың теңге, мен 50 мың теңге жалақы аламын. 100 мың теңгенің 50 мыңын пәтер ақыға берсек, 50 мың теңгеге бес баламен қайдан күн көреміз? Амалдың жоқтығынан осында отыруға мәжбүрміз, - дейді Феруза Бейсенова.

ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Жергілікті әкімдіктің айтуынша, “Қатын көпір” ауылы ғана емес, тұтас “Ынтымақ-2” шағын ауданында жағдай осыған ұқсас. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілештің Азаттыққа айтуынша, қазіргі кезде ауылдағы көшелердің біріне 200 метр жеріне тас төсеуден өзге инфрақұрылым кіргізуге мүмкіндік жоқ.

- “Ынтымақ-2” шағын ауданындағы 2 мың 750 үйде 11 мыңнан аса адам тұрады. Онда мектеп, балабақша, емхана жоқ. Оны салуға жер телімінің өзі жоқ. Өйткені көп жер телімі кезінде заңсыз сатылып кеткен. Заңсыз сатылған жер телімінің бір бөлігі осы "Қатын көпір" ауылында. Рас, ауыз су мәселесі бар. Қазір тасымалданып беріледі. Аптасына бір рет су барады. Мойындауымыз керек, бұл сумен тұрғындардың барлығын бірдей қамтамасыз етуге де мүмкіндік жоқ, - дейді шенеунік.

Шымкент маңындағы шағын аудандардың бірі. 2016 жыл
Шымкент маңындағы шағын аудандардың бірі. 2016 жыл

Нұрлан Тілештің айтуынша, ауданды жарықпен мемлекеттік емес, жекеменшік компания қамтамасыз етеді. Жарықты кейбір тұрғындар өз күшімен тартып алғандықтан электр қуаты төмен, тариф жоғары.

- Шағын аудандағы 21 көшеге тас төселген. Тас төселмеген көшелер әлі де бар. Жауын жауып, не қар ерігенде батпақта жүру қиын екенін білеміз. Қоғамдық көліктің де жайы – осы. Бұл қалалық транспорт және жол бөлімінің бақылауында тұрған мәселе. Жолаушыларды тасымалдау жекеменшік компаниялардың меншігінде. Шағын ауданның ішкі көшелеріне қоғамдық көлік кіргізу мәселесі шешілмей отыр. Ол көшелерге асфальт төселмей компаниялар да қоғамдық көліктерін кіргізбейді, - дейді әкімнің орынбасары.

Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш
Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш

Абай ауданы әкімдігінің дерегінше, ауданда 322 мыңға жуық адам тұрады. Ауданға қарайтын үш шағын ауданда ауыз су жоқ. Жеті елдімекенге газ тартылмаған. 2 мың 750 тұрғын үйдің 340-қа жуығы жекеменшік компаниялар ұсынған жарықты өз күшімен тартып алған.

“Ынтымақ-2” ауданындағы инфрақұрылым мәселесі жергілікті баспасөзде жиі жазылады. Бұған дейін жергілікті телеарналардың біріне сұхбат берген Абай ауданы әкімдігінің өкілі келесі жылдан бастап "Ынтымақ-2"-де бір мектеп салынатынын жазған. Қазір аудан көлемінде осындай мектепті қажет ететін жеті шағын аудан бар.

“Ынтымақ-2” шағын ауданы шамамен он жыл бұрын құрылған.

Қарай отырыңыз: "Бір қасық таза су ішпедім". Шымкент маңындағы ауылдың ахуалы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG