Accessibility links

Базардағы саудагер де жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс


Шымкенттегі базарлардың бірі.
Шымкенттегі базарлардың бірі.

Түркістан облысында 75 мыңға жуық әйел кәсіппен айналысады. Олардың көбі базарда, дүкенде сауда сатып, ақша табады. Сатушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Сарапшы базардағы саудагерлерді кәсіпкер ретінде тіркеуге қарсы.

"ТІРКЕЛМЕСЕҢ ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫС ІСТЕТПЕЙДІ"

Cаудагерлердің көбі Түркістан облысындағы аудандардан Шымкентке келіп сауда сатады. Азаттық тілшісі сол саудагерлердің тіршілігімен танысу үшін Шымкенттегі бірнеше базар мен сауда нүктелерін аралады. Қаладағы азық-түлік сататын дүкендердің басым бөлігінде әйелдер жұмыс істеп жүр. Жол жиегіндегі сауда орындарында да сауда жасап тұрған әйелдер көп. Мысалы ШымкенттегіШаяхметов көшесінің бойында тұрған 20 шақты сауда орынының16-сында әйелдер сауда сатады. Бірі – киім-кешек, екіншісі – азық-түлік, үшіншісі – жеміс-жидек пен көкөніс сатып тұр.

"Көктем", "Айна", "Еуразия", "Самал", "Орталық" базарында сатушылардың басым бөлігі – әйелдер. Кейбірі ерлерімен бірге жұмыс істеп жүр. Кейбірі жеке-жеке көмекші жалдап алған. Тауарды алып келу, тұтынушыға алып беру қызметтерін көмекшілер атқарып жүр.

Саудагерлердің кейбірі Шымкентке жақын орналасқан Сайрам, Төле би аудандарынан қатынап істейді. Алыс аудандардан келгендері қаладан пәтер жалдап тұратындарын айтады. Көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Жеке кәсіпкерліктің жұмысы туралы сұраққа жауап бермейді. Саудагерлердің сөзінше, жеке кәсіпкерліктің пайдасымен қоса зиянын да бар.

40 жастағы Ділдара Махкамбаева Сайрам ауданынан Шымкентке келіп жеміс-жидек, көкөніс сатады. Тауарды көтерме базардан сатып алып, шағын ауданда сатады. Темір контейнердің ішінде арнайы жасалған сөреге жеміс-жидектерін жинап, 9 сағат бойы тапжылмай жұмыс істейді. Ол бес жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

- Тіркелгеннің пайдасын әлі көре қойған жоқпыз. Шыны керек, бізге бұл – артық шығын. Бұрын сауда орнын жалдауға, күзетшіге және қоқыс шығарғанға азын-аулақ ақы төлейтін едік. Қазір үш ай сайын салық және зейнетақы жарнасына 15 мың теңгеден шығарамыз. Азық-түлік сататын дүкеншілерге де, саудагерлерге де кәсіпкер ретінде тіркелуді міндеттеп қойды. Заңмен бекіткеннен кейін біз де ел қатарлы тіркелдік, - дейді ол.

Оның сөзінше, жеке кәсіпкер туралы құжаттарың болмаса учаскелік полиция мен жергілікті әкімдік жұмыс істетпейді. "Тексеріп келгенде міндетті түрде кәсіпкер ретінде тіркелген құжатыңды көрсетуің керек" дейді сатушы.

"БАНКТЕН НЕСИЕ АЛУҒА МҮМКІНДІК"

Ділдара Махкамбаеваның сөзіне Шымкенттегі Орталық базар маңындағы сауда орындарының бірінде азық-түлік сататын Зәуре Сәлібекова да қосылады. Оның айтуынша, Ленгер қаласында азық-түлік дүкенін ашқанда салықшылар келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң Шымкенттегі орталық базар маңынан қосымша дүкен ашқан.

- Мысалы бүгін 20 мың теңгеге сауда саттым. «Бір күнде 80 мың теңге сауда жасап, табыс табады» деп есептеген. Осы есепке сай айына салық пен зейнетақы жарнасына 25 мың теңге төлеуім керек. Оның сыртында сауда орнының ай сайынғы 60 мың теңге жалдау ақысы бар. Бір айда тапқан табысыңның 85 мың теңгесі сыртқа кетеді. Өзіңді асырайсың ба, әлде салықпен әуре боласың ба? Кейде қай шығынды жабатынымызды білмей қаламыз, - дейді ол.

Зәуре Сәлібекова, саудагер. Шымкент, 12 қазан 2018 жыл.
Зәуре Сәлібекова, саудагер. Шымкент, 12 қазан 2018 жыл.

Бірақ сатушылар арасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің пайдасын көріп отырғандар да бар.

Мысалы айына 7 мың теңгеге жуық салық төлейміз. Зейнетақы жарнасын да аударамыз. Қазір елдің бәрінде ақша аз. Сауда да баяу болып қалды. Ақшадан қысылған кезде банктен несие алуға мүмкіндігім бар. Бұл да кәсіпкерліктің бір пайдасы болып тұр,- дейді Сайрам ауданынан келіп Шымкенттегі Орталық базарда киім-кешек сататын саудагер.

Оның сөзінше, қазір базардағы саудагерлер кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті.

Заңды білген, жұмыстың көзін тапқан кейбір әйелдер кәсібін дөңгелетіп әкетті. Бұрын бір сауда орнында тауар сататындар қазір банктен несие алып, бірнеше сауда нүктесін ашып алған, - дейді ол.

"Байтақ болашақ альянсы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, бизнесмен Азаматxан Әміртайдың пікірінше, саудагерлерді кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттеу дұрыс емес.

Классикалық тұрғыдан саудагерлердің бәрі кәсіпкер, бірақ кәсіппен айналысамын деген адамды салықпен қорқытып алмау керек. Бұл –кәсіпкердің псиxологиясына кері әсер ететін іс. Саудагер базарға барып, сауда жасап өз жанұясын асырап әлеуметтік мәселемен айналысып отырғанына мемлекет қуану керек. Саудагер жалға алып отырған сауда орнына салық төлейді, базар әкімшілігі мемлекетке салық төлейді. Сауда жасай алмай, әкелген тауарын сата алмай жүрген адамға қосымша кәсіпкер етіп тіркетіп, салық төлету – қанау. Бұған жол бермеу керек, - дейді ол.

"САУДАГЕРЛЕР ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛҒАН"

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Данияр Дәрменнің айтуынша, ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өндіріс саласындағы кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлес салмағы өте аз. Әйелдердің көбі сауда-сатық, қызмет көрсету саласында жүр.

- Кәсіпкерлікте әйелдер еркектерге қарағанда қорғалған. Іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Тіпті бейресми түрде кәсіппен айналысуды бастаған да – әйелдер. Нарықтық экономика саясатына көшкенде бір базардан екіншісіне, не бір елден екінші елге тауар алып сатқан да – әйелдер. Сол сауда-саттықтағы әйелдердің бәрі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жатыр. Осының арқасында қазір кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің мөлшері 43 пайызға жетті, - дейді ол.

Алаш базары. Шымкент. Көрнекі сурет.
Алаш базары. Шымкент. Көрнекі сурет.

Данияр Дәрменнің ойынша, үйде отырған әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына отбасылық жағдай кедергі. Үй тірлігімен уақытының жоқтығы, күйеуінің кәсіппен айналысуға рұқсат бермеуі салдарынан кәсібін аша алмай жүргендер бар.

- Мысалы, кәсіп ашу үшін қаражат керек. Қаражат табу үшін, айталық, несие алу керек. Несие аламын деп баспанасын кепілге қояйын десе, күйеуі рұқсат етпейді. Міне, осындай отбасылық кедергілер болмаса, сырттан еш кедергі жоқ. Заңмен бәрі бірдей қорғалған, - дейді ол.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, Түркістан облысында жеке кәсіппен айналысатын әйелдер саны 75 мыңға жуықтаған. Олардың 70 пайыздан астамы сауда-сатықпен айналысады. Аймақта 225 мыңнан аса әйел өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG