Accessibility links

«Үшқоңыр» автовокзалындағы дау басылмай тұр


Автобус иелері "Үшқоңырдағы" қысымға шағымданады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

ВИДЕО: Автобус иелері "Үшқоңырдағы" қысымға шағымданады. Алматы. 19 сәуір, 2018 жыл.

Алматыға оңтүстік аймақтардан келетін автобустардың иелері қала шетіндегі «Үшқоңыр» автовокзалына «жасыл киімдегілер» күштеп кіргізеді деп шағымданады. Автовокзал басшылығы олардың сөзін жоққа шығарады. Бұл мәселені сенат депутаты Үкіметке сауал ретінде жолдады.

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ТАҢҒЫ БРИФИНГ

Сәуірдің 19-ына таңғы бестен аса ондаған автобус бірінің артынан бірі іркес-тіркес келіп, Алматының сыртындағы «Үшқоңыр» автовокзалының қарсы бетіне тоқтады. Алматыға қарай жұмысқа асыққан жұртшылық қарасы әлі көбеймеген сәт. Таң атпай бірнеше автобустың қатар тоқтауы - бұл маң үшін оқшау оқиға.

Алғашқы автобустың бірінен заңгер Василий Резван түсті. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірінен Алматыға бірге келе жатқан автобустардың жалпы саны жиырмаға жететінін айтты.

«Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының» президенті, заңгер Василий Резван "Үшқоңыр" автовокзалында тілшілер сұрағына жауап беріп тұр. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.
«Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының» президенті, заңгер Василий Резван "Үшқоңыр" автовокзалында тілшілер сұрағына жауап беріп тұр. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.

​ - Міне, осылай бірге жүріп, бәрі жолдағы озбырлықтан қорғанғысы келеді. Мына сізбен сөйлесіп тұрған жерде белгісіз біреулер пост орнатып, ішінде жолаушылар толы автобустарды «Үшқоңыр» автовокзалына бұруға тырысып жүргеніне біраз болды. Жолаушылар арасында ауру-сырқауы да, үлкен-кішісі де бар, «Үшқоңырдан» түссе Алматыға жетуі қиын. Ондайда такси бағасы да екі мыңнан бес мыңға (теңге – ред) дейін бірден шарықтайды,-дейді ол.

«Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының» президенті, заңгер Василий Резван және Алматыдағы «Сайран» автовокзалы тасымал қызметінің бастығы Ерлан Әбілдаев бастаған бір топ белсенді бір күн бұрын таңғы бесте «Үшқоңыр» автовокзалының маңында брифинг өткізетінін хабарлаған. Алайда жол үстіндегі брифинге журналистер аз жиналды. Оның орнына полиция қызметкерлерінің күрт көбейгені байқалды.

Заңгер Василий Резван көпшілік алдында полиция қызметкерлеріне алғыс айтты. Өйткені 20-ға жуық автобустың сапарға бірге шығатыны жайлы ескертілгеннен кейін полиция оларды жол бойы бақылап отырған.

- Міне сол себептен де қолдарына жол полициясының қызыл таяқшасын ұстаған, әскери киімге ұқсас «жасыл киім киген белгісіз адамдар» бүгін жоқ,-дейді ол.

«ЕНДІ МӘЖБҮРЛЕП ТОҚТАТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ»

Наразы топ ішінде жүрген Манана Мырзаходжаеваның сөзінше, «Үшқоңыр» автовокзалымен арадағы дау биыл қаңтарда басталған. Ол тиісті орындарға шағымданған, бірақ жауап болмаған.

Тоқтап тұрған автобустан түсіп, журналистерге пікірін айтқысы келген жолаушылар да болды. Өзін «Шымкент тұрғынымын» деген Сәуле Момбекова төрт ұлы да Алматыға автобуспен жолаушы тасуды кәсіпке айналдырғанын, бірақ соңғы кездері «Үшқоңыр» автовокзалына мәжбүрлеп кіргізгісі келетіндерден беті қайтқанын айтады.

Алматы-Ташкент арасына қатынайтын автобус үш күн «Үшқоңырда» тұрды да, ақыры жолаушыларсыз кері қайтты.

- Жүргізушілер бірнеше рет ауысты. «Таяқ жегіміз келмейді» деп жұмыстан шығып кетеді. Мына автобусымыздың маңдай терезесін сындырған, жүргізушілерімізді ұрып соғады. Сондықтан зейнетте болсам да балаларыммен бірге автобуста жүрмін, - деп шағымданады ол.

Шағымданушылар талабын сол жерде жүрген бірнеше полиция тыңдап тұрды. Шағымға байланысты сұрақ қойған Азаттық тілшісіне Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Алмасбеков «істің бақылауға алынғанын, көліктерді мәжбүрлеп тоқтатуға бұдан кейін жол бермейтінін, автобустар белгіленген бағытпен жүретінін» айтты.

"Үшқоңыр" автовокзалы маңындағы автобустар. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.
"Үшқоңыр" автовокзалы маңындағы автобустар. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.

Шағымданушылар арасында жүрген «Сайран» автовокзалы тасымал қызметінің бастығы Ерлан Әбілдаев Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің келісімімен ашылған Алматы-Ташкент бағытындағы автобустың тоқтап қалғанын айтты. Оның сөзінше, сәуірдің 12-сінен бастап Алматы-Ташкент бағыты бойынша жолаушылар тасуға кіріскен кәсіпорын «Сайран» автовокзалымен жасасқан келісімшартты бұзған.

- Олар қазір қатынап жатқан жоқ. Себебін білмеймін. Алматы-Ташкент арасына қатынайтын автобус үш күн «Үшқоңырда» тұрды да, ақыры жолаушыларсыз кері қайтты. Екі мемлекет басшысының келісімдерінен кейін осындай бағыт ашылды деп Ташкентте де, Алматыда да салтанатты шара өткізген едік. Үш күн жүрді де тоқтап қалды,-дейді ол.

«ҮШҚОҢЫРДЫҢ УӘЖІ»

Наразы топ бастаған автобустар орнынан қозғалғанда таң ата бастады. Жолдың қарсы бетіндегі «Үшқоңыр» автовокзалының аумағында жолаушылар автобусы мен олардан түскен жолаушыларды қалаға жеткізетін шағын автобустар да көбейді. Асығыс жолаушыларды Алматыға алып кетуге дайын тұрған таксилер де тұр.

«Үшқоңыр» автовокзалы директорының көмекшісі Данияр Жүнісов автобус иелерінің айтқанына қатысты жауап беруге келісті. Оның сөзінше, «Үшқоңыр» автовокзалына айтылған шағымдар - негізсіз.

"Үшқоңыр" автовокзалының маңдайшасындағы жазу. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.
"Үшқоңыр" автовокзалының маңдайшасындағы жазу. Алматы облысы. 19 сәуір, 2018 жыл.

- «Үшқоңырдың» толыққанды жұмыс істей бастағанына үш айдай ғана болды. Әрине, бұл жолаушылар тасымалында бәсекені күшейтті. Бізге қарсылықтардың бір себебі - осы. Ұрып-соғып, бопсалайтын заман емес. Бәсекелестеріміз «Үшқоңыр» алдына көп адам жинап әкеледі» деген хабар болған. Соған орай күзетті күшейттік. Бұл жөнінде полицияға хабарлап, өтініш те айтқанбыз. Олардан көмек те келген. Әскери пост деп жүргені сол,-дейді ол.

Данияр Жүнісов «автобустарды тоқтатып, Үшқоңырға қарай жіберетіндер нөмірсіз көліктермен жүреді» деген сөзді де жала деп санайды. Оның айтуынша, қайта «Үшқоңырға» келетін автобустардың терезесін әлдекімдер алты рет сындырған. Ал «Алматы-Ташкент» бағытындағы автобус «Үшқоңыр» автовокзалына бұзылып келген.

- Қайта біз оған (Алматы-Ташкент бағытындағы автобусқа-ред.) жөндеу базамыздан орын бердік. Жолаушыларын үш мини автобуспен «Сайранға» дейін тегін апарып тастадық. Жөндеп болған соң автобус қайтадан «Сайранға» кетті,-дейді ол.

Тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның көптеген қалаларында коммерциялық автобустар автовокзалдан өзге базар ішінде немесе тағы да басқа өздеріне ыңғайлы орындарға тұрып, жолаушы жинайды.

«Үшқоңыр» автовокзалының директоры Батыржан Ендібаевтың пайымдауынша, Қазақстанда автобуспен жолаушы тасу реттелмеген кәсіпке айналып кеткен.

- Жолаушылар таситын автобустар графикпен жүретін және коммерциялық автобустар болып екіге бөлінеді. Бірер автобусы бар жеке кәсіпкерлер коммерциялық рейс жасай береді. Тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның көптеген қалаларында коммерциялық автобустар автовокзалдан өзге базар ішінде немесе тағы да басқа өздеріне ыңғайлы орындарға тұрып, жолаушы жинайды. Оларда рейске шығарда автобустың техникалық жағдайы мен жүргізушінің денсаулығын тексеретін ешкім жоқ,-дейді ол.

Батыржан Ендібаевтың айтуынша, «өзі отырған автобуспен қаланың ішіне дейін жетіп қалғысы келетін жолаушыларды түсінуге болады. Бірақ, ерте ме кеш пе, қауіпсіздік техникасына сай келетін және көлік кептелісін туғызбайтын қала сыртындағы автовокзалдар қызметін пайдалануға көшу керек».

Ол «Үшқоңыр» Алматы облысындағы автовокзалдар реестріне тіркелген заңды кәсіпорын екенін білдіретін құжатын көрсетіп, оған келген жолаушыларды Алматыға жеткізетін қалалық автобус бар екенін айтты.

Оқи отырыңыз: «Үшқоңыр» cауда орталығы ма, автовокзал ма?

Азаттық тілшісі «Үшқоңыр» автовокзалынан шыға берісте тұрған автобус жүргізушілерімен сөйлесіп көрді. Олардың сөзінше, автобустарға қала ішіне кірмей «Үшқоңырдан» қайтқан ыңғайлы, бірақ жолаушылар қала сыртына шығып, осы автовокзалға келуге әлі дағдыланбаған.

«ҮШҚОҢЫР» МӘСЕЛЕСІ ПАРЛАМЕНТТЕ КӨТЕРІЛДІ

Автобус иелері наразылық танытқан күні Астанада парламент отырысында сенат депутаты Владимир Волков «Үшқоңыр» дауына қатысты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдады.

Парламент депутаттары. (Көрнекі сурет).
Парламент депутаттары. (Көрнекі сурет).

- Алматы облысы Қаскелең қаласы Үшқоңыр автовокзалының маңындағы жекеменшік компанияға тиесілі пост бар. Ол халықаралық және республикалық маңызы бар трассаны бөгеп тұр. Пост автобустардың адам тасымалдауға рұқсаты болса да тоқтатып жатыр. Осыған байланысты шара қолдануды сұраймыз, - деді депутат Үкіметке сауалында.

Депутат үкіметтен өз сауалына жазбаша жауап беруді сұрады.

Азаттық радиосы «Үшқоңыр» автовокзалына қатысты материал 2015 жылы желтоқсанда да жариялаған еді. Онда Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Үшқоңыр» облыстағы автовокзалдардың реестріне тіркелмегенін, сол себепті қызмет көрсетуге құқықтары жоқ екенін» айтқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG