Accessibility links

Алматылықтарға «Сайран» мен «Саяхаттың» зары өтті


"Барлық" базарындағы автобекет
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:36 0:00
Жүктеп алу

Алматыдан Шымкент пен Тараз бағытына қатынайтын автобустар қала сыртындағы "Барлық" базарынан жүруге мәжбүр. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.

Алматы әкімдігі автобекеттерді түгел қала сыртына шығармақшы. Жолаушылар бұл шешімнің қолайсыз тиетінін айтады.

Алматының батыс жағында, Қарасай ауданы аумағындағы «Барлық» базары маңында оңтүстік облыстарға жүретін жолаушылар автобустары топтасып тұр.

«Алматы–Кентау» бағытындағы автобус жүргізушісі Самат өздерін қаланың орталығындағы «Сайран» автовокзалына кіргізбейтінін, сондықтан «Барлық» базары маңына аялдайтындарын айтады.

«Бізді «Сайранның» маңынан да жүргізбейді. Бірақ қуанбасақ ренжімейміз. Өйткені дәл осы жерден «Сайранға» дейін бір жарым сағат жүреміз, қайтқанда да солай. Яғни үш сағат уақытымызды жоғалтып аламыз. Қазір жолаушылар да үйреніп алған, осы жерден келіп мініп кетеді» дейді Самат.

Автобус жанында тұрған жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Автобус жанында тұрған жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Бірақ Саматтың қуанышын көптеген алматылық және басқа қалалардан келген жолаушылар бөлісе қоймайды. 1990 жылдардың ортасына дейін қаланың орталығында қызмет көрсетіп келген екі үлкен автовокзал – «Саяхат» пен «Сайранның» не себепті сатылып кеткенін және олардың орнына салынатын жаңа вокзалдардың неліктен қала сыртына шығарылғанын түсінбей дал болатындар жетерлік.

Азаттық тілшісі «Барлық» автобекетінің маңында жолықтырған Ерлан Ешім есімді жолаушы – Алматыдағы автобекеттердің қала сыртында болуына қарсылардың бірі.

«Барлыққа» такси ұстап баруға жолаушылардың барлығының жағдайы келе бермейді. Көбісі маршрутты автобустарға отырып барады. Ал олар әр аялдамаларға тоқтап, қала ішін шарлап, жарты сағаттық жолға екі сағат жүріп әзер жетеді» дейді ол.

Ерлан Ешімнің пікірінше, автовокзалдар қаланың ортасында болғаны жөн, әкімшілік жолдарды кеңейтіп, көлік кептелістерін азайтудың жолын қарастыруы керек.

«ҮШ АВТОВОКЗАЛ ДА СЫРТТА БОЛАДЫ»

Алматы қаласы жолаушылар көлігі басқармасы көлік дамыту бөлімінің бастығы Ерлан Әділов Азаттыққа «көлік кептелісінің себебі – қалаға күніне сырттан келетін бір мыңға жуық автобусты азайту жоспарын» айтты.

«Алдағы уақытта «Саяхат» вокзалы Құлжа трассасы мен Рысқұлов даңғылының қиылысқан тұсына, «Сайран» автобекеті Қалқаман шағын ықшам ауданына көшіріледі» деді ол.

Ерлан Әділовтің айтуынша, Алматының сырт жағында бұл екеуіне қоса Қапшағай трассасының бойында үшінші автовокзал да салынады.

Бұрынғы "Саяхат" автовокзалының орнында тұрған шағын автобустар. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.
Бұрынғы "Саяхат" автовокзалының орнында тұрған шағын автобустар. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.
«Қазір қала аумағы кеңейіп жатыр. Сондықтан сырттан келетін жеңіл көлік иелері де көліктерін автовокзалдарда қалдырып, қала ішіне қоғамдық көліктер арқылы келетін болады» дейді ол.

Алматыдағы Совет Одағы кезінде салынған «Саяхат» пен «Сайран» авто вокзалдарын қала сыртына шығару туралы бастама 2006 жылы айтылған еді.

1963 жылы салынған «Саяхат» қазір жоқ, ғимараты бұзылған. Оның орнында сауда дүңгіршектері мен асханалар тұр. Қазір бұрынғы автобекеттің орны қалаға жақын ауылдарға ғана қатынайтын автобустар тоқтайтын алаңға айналған.

1976 жылы салынған «Сайран» автобекеті ғимараты әзірше бүтін, бірақ жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Бұл вокзалға басқа өңірлерден келетін автобустардың кейбірі кіргізілмейді.

Ерлан Әділов екі автобекеттің де жекешелендіріліп кеткенін айтады.

"Сайран" автовокзалы. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.
"Сайран" автовокзалы. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.
«Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде біздегі автопарктерден бастап барлығы жеке меншікке өтіп кетті ғой. «Саяхат» пен «Сайран» да сол кездері жекешелендірілді. Бірақ жұмыстарын әлі тоқтатқан жоқ. Сол баяғы бағтытта жұмыс істеп тұр» деді Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының өкілі.

Әділовтың айтуынша, болашақта қала сыртына салынатын үш автобекеттің меншіктік құқығы жарым-жартылай мемлекетке қарауы мүмкін.
XS
SM
MD
LG