Accessibility links

Қатаң заң жол ережесін бұзуды азайта ала ма?


Жамбыл облысында болған жол апатының көрінісі. Көрнекі сурет
Жамбыл облысында болған жол апатының көрінісі. Көрнекі сурет

Желтоқсанның 25-інде Қазақстан парламентінің мәжілісі «Жол жүрісі туралы» заң жобасын мақұлдады. Азаттық заң жобасын ұсынған жұмысшы тобының жетекшісінен сұхбат алды.

Қазақстанда жол ережесін өрескел бұзудың кесірінен болған апаттар мен адам өлімі әртүрлі деңгейде жиі сөз болады. Жуырда «мас күйі бірнеше адамды қағып өлтірді» деп сипатталған "жоғары лауазымды шенеуніктің баласы" туралы пост Facebook желісінде қызу талқыланып, тез тараған тақырыпқа айналды. Азаттық мәжіліс мақұлдаған «Жол жүрісі туралы» заң жобасын ұсынған жұмыс тобының жетекшісі, депутат Рамазан Сәрпековпен жол қауіпсіздігі пен жүргізуші құқықтарын сақтау туралы әңгімелесті.

Азаттық: – «Жол жүрісі туралы» мәжіліс мақұлдаған заң жобасының қазіргі қолданыстағы заңнан негізгі айырмашылығы қандай?

Рамазан Сәрпеков: – Қолданыстағы 1996 жылы қабылданған заң тек жол қауіпсіздігіне ғана қатысты болатын. Қазіргі заңның көлемі одан кең. Яғни жолға қатысты барлық мемлекеттік органдардың жол қозғалысына қатысты әрекеттері реттеледі. Жолды жоспарлау, салу, жол құрылысын өткізу мен қабылдап алу, оны пайдалану және жол жөндеу, жол апаттарын тексеру сияқты түрлі мемлекеттік органдардың әрқайсысының заңдарында қарастырылған жолға қатысты баптардың барлығы іріктеліп, бір заңға шоғырландырылды.

Азаттық: – Заң жобасының жалпы сипатына қарағанда негізінен жазалауды күшейту көзделген тәрізді. 2011 жылы маусым айында парламент сенаты құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіру және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру (гуманизация) туралы бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Мына жаңа заң жобасы ізгілендіру процесіне қаншалықты сай келеді?
Жаңа заң жобасында мас күйінде көлік айдау "қасақана қылмыс жасауға" жатқызылған.

Рамазан Сәрпеков: – Біріншіден, көлікті мас күйінде айдап бір жылда бір немесе екі рет ұсталса, жүргізуші куәлігінен айырыла тұра қайтадан көлік жүргізсе, қолданыстағы заң бойынша 15 тәулікке қамауға алынады. Оны 30 тәулікке қамауға алуға ұзарттық. Қазір 10 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыратын болса, оны 15 жылға дейін ұзарттық. Осы норманың төңірегінде ғана күшейтілді. Екінші, құқық қорғау органдарының, көлік құралдарын тексеретін арнайы органдардың, осыған қатысты шекарашылардың заңды талаптарын орындамаған жағдайда, бағынбаған жағдайда, яғни алкогольді ішімдік ішкенін тексеруге барудан орынсыз бас тартуын болдырмау тұрғысында күшейтуді көздеп отырмыз. Бірақ әкімшілік айыппұлдың мөлшерін көбейту немесе жазаны қатаңдату арқылы ғана жол қауіпсіздігі мәселесін шеше аламыз деген ой тумауы керек. Қайта, керісінше, лауазымды тұлғалардың қызмет бабын асыра пайдаланатын жағдайларын көбейтіп алуымыз мүмкін. Кей депутаттар 3 рет мас күйінде ұсталғандарды өмір бойы куәлігінен айыру жөнінде де ұсыныстар жасаған болатын. Бірақ он бес жылдың өзі де жеткілікті. Бәлкім ол адам үлкен мұқтаждықты сезінгеннен кейін өкінетін де шығар, мүмкін көлік жүргізу біреудің кәсібі шығар.
Алматы қаласындағы жол қозғалысы. Көрнекі сурет
Алматы қаласындағы жол қозғалысы. Көрнекі сурет

Тағы бір айта кетерлік жайт, егер мас күйде көлік апатын жасап, адам өліміне соқтыру немесе адам денсаулығына ауыр зардап келтіру қолданыстағы заң бойынша «абайсызда жасалған қылмыс» қатарына жатқызылады. Ең жоғарғы жазасы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырып, қоныс колониясында өткізуге кесіледі. Шетелдерде бұл «қасақана қылмыс» болып есептеледі. Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясына біз де мұны «қасақана жасалған қылмыс» қатарына қосып отырмыз. Бірақ бұл ізгілендіру процесінен ауытқу деген сөз емес. Кішігірім және орта дәрежелі қылмыстарды егер жәбірленуші мен қылмыс жасаушы өзара келіссе, тіпті сотқа жеткізбей мәмілеге келуді көздейтін ізгілендіру тұрғысындағы принциптерімізді сақтап отырмыз.

Азаттық: – Көлікті белгіленген орынға қоймағандарды, мүгедектерге арналған тұрақтарды пайдаланушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған екен. Бірақ Астана мен Алматы қалаларының өзінде автокөлік тұрағы мәселесі әлі толық шешілмей отырған жоқ па? Бұл тым қатаң шара емес пе?
«Құрылысты жоспарлаған кезде көлік қоятын орындар ескерілсін» деген норманы енгіздік.

Рамазан Сәрпеков: – Бұлар заңға жазылғанмен, әрине мәселені бірден шешіп бере алмайды. Қазір көп қабатты үйлердің алдындағы балалар ойнайтын орынға да, адам жүретін жолға да көлік қойылатыны белгілі. Егер оның барлығын әкімшілік жауапқа тартатын болса, онда жол полициясы үйінен шықпай-ақ күніне 100 адамға айыппұл салуы мүмкін. Сондықтан ол үшін әкімшілік жаза қарастырмадық. Бірақ «құрылысты жоспарлаған кезде көлік қоятын орындар ескерілсін» деген норманы енгіздік. Мүгедек адам жүретін жолға арнайы белгілер қоюды да осы заңға енгіздік. Бірер жыл өткеннен кейін бұл нормалар жетілдірілуі мүмкін.

Азаттық: – Заң жобасына қарағанда, жол ережесін бұзғандар айыппұлды сол күні төлесе 50 пайыз, бір аптаның ішінде төлесе, 30 пайызға дейін аз төлейді екен. Бұл жайт Қазақстанда айыппұл өндірудің қиын екенін көрсете ме?

Рамазан Сәрпеков: – Айыппұлдың уақытылы төлене бермейтіні рас. Шетелде айыппұлды дер кезінде төлемесеңіз, көлемі көбейе береді. Біз қайта өз мерзімінде төлесеңіз, өзіңізге жеңілдік берілетінін енгізіп отырмыз. Бұл бап халық айыппұлды төлеу міндет екенін үйренсін деген тұрғыда қосылды.

Азаттық: – Жаңа заң бойынша жол-патрульдік полицияның өкілеті күшейе ме? Олардың жүргізушілерге қатысты құқықтары мен міндеттеріне өзгерістер енгізілді ме?

Рамазан Сәрпеков: – Олардың құзыры қолданыстағы заңда жақсы жазылған, барлық мүмкіндік берілген. Одан әрі күшейтудің қажеті жоқ. Бүгінгі нормалардың өзі тиісінше орындалса, қазіргі келеңсіздіктердің тең жартысы болмас еді.

Азаттық: – 2010 жылы Қазақстан «1968 жылы Венада қабылданған жол қозғалысы туралы Конвенцияға қосымша Еуропалық келісімді ратификацияу» туралы заң қабылдады. Бұл құжат бойынша Қазақстандағы жол ережелері туралы заңнама халықаралық талаптарға сай болуы керек. Бұл мәселе жаңа заң жобасында қалай көрініс тапты?
Осы заң қабылданса, жүргізушілеріміз қай мемлекетке барса да уақытша көлік алып жүргізуіне болады. Жүргізуші куәлігін төлқұжат ретінде пайдалана беруге жағдай жасамақпыз.

Рамазан Сәрпеков: – Жаңа заңның бірінші бабында көрсетілген 40-қа жуық негізгі ұғымдардың барлығын Вена конвенциясына, яғни дүниежүзі қолданып жүрген ұғымдарға сәйкестендірдік. Көлікке де, жүргізушіге де халықаралық талаптарды қойдық.

Азаттық: – Жаңа заң жобасы бойынша жүргізуші куәлігі 7 категория (А,В, С, D, BE, CE, DE) және оған қосымша 6 категория (А1, В1, С1, D1, C1E және D1E) бойынша беріледі. Бұл да халықаралық конвенция талаптары бойынша өзгертілді ме?

Рамазан Сәрпеков: – Әрине. Қазір жүргізуші куәлігінсіз-ақ пайдаланылатын көлік құралдары көп. Кейбірінің жылдамдығы 40-тан немесе 60-тан асып кетеді. Шетелдерде оның барлығы да куәлік талап етілетін құралдар санатына жатқызылады. Жеңіл көліктерден өзге 8 адамнан 10 адамға дейін, 18 адамнан 40-50 адамға дейін жолаушы тасымалдайтын автобустар бар. Осылардың барлығы да халықаралық стандарттар талабымен алғаш рет сәйкестендірілді.

Азаттық: – Олай болса Қазақстанның жүргізуші куәлігімен шетелдерде көлік айдауға бола ма? Батыс елдерінде ұзақ мерзімге қалған қазақстандықтар бұл жаңа куәлікті емтихан тапсырмай-ақ жергілікті куәлікке ауыстыра ала ма?

Рамазан Сәрпеков: – Қазір шетелде жүргізушінің куәлігі тек көлік жүргізуге ғана құзыр бермейді. Оны басқа да қажеттіліктер үшін пайдалануына болады. Яғни өзімен бірге төлқұжатын алып жүруге міндеттті емес. Әзірге оған мүмкіндік жоқтығына байланысты оны кейінге қалдырдық. Ал қазақстандық жүргізушінің куәлігі бүгінде көптеген елдерге жарамайды. Біріншіден, ондағы мәліметтер ағылшын тілінде болуы керек. Екіншіден, әлгінде айтқанымдай, біздегі категориялар сай келмейді. Осы заң қабылданса, біздің жүргізушілеріміз қай мемлекетке барса да уақытша көлік алып жүргізуіне болады. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін төлқұжат ретінде пайдалана беруге болатындай жағдай қарастырайық деп отырмыз.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG