Accessibility links

YouTube видеосынан соң полицей жұмыстан кетті


Полиция полковнигі Владимир Зиборов ( YouTube видеосынан скриншот)

Петропавлде мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болған полиция полковнигі жұмыстан босатылды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) мас күйінде көлік жүргізген қызметкері, полковник Владимир Зиборовты жұмыстан шығарғанын хабарлады. ІІД тәртіптік комиссиясы полковниктің «қызметтік-әскери тәртіпті бұзғанын, полиция қызметкері деген атқа кір келтіргенін» айтады. ІІД «оқиға болған күні полковниктің қызмет бабымен жүрмегенін» де ескертті.

Полиция полковнигі, Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД тылдық қамтамасыз ету бөлімі басшысы Владимир Зиборовтың мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше машинаға соғылғаны жайлы видео YouTube-ке тарап кеткен еді.

Бұл оқиғаны видеоға түсіріп, интернет арқылы таратқан – ОСА (автоәуесқойларға көмектесу қоғамы) қоғамдық қоры өкілдері.

ВИДЕО: Полковник Зиборов ұрынған көлік апаты

Қазақстанда «полицейлердің өздері тәртіп бұзады» деген сын жиі айтылады. Осындай сындардан кейін патруль және жол полициясы біріктіріліп, қайта жасақталған. Жаңадан пайда болған «әмбебап полицейлер» қарашаның 1-інен бастап жұмыстарына кіріскен. Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол полицейлер «азаматтардың жеке бас және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті және жолдағы қауіпсіздікті сақтайды, қылмыстарды ашып, қылмыскерлерді ұстайды».

Қазақстанда 2013 жылдың алғашқы үш айында ғана жүзге жуық полицей қылмыс жасап, 126-сы жұмыстан кеткен.

Қазақстанда 2013 жылы полицейлердің қатысуымен жасалған қылмыстардың кейбірін мына инфографикадан көре аласыз:
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG