Accessibility links

Сынала беретін полиция жаңаша жасақталды


Полицейлер белсендіні ұстауға бара жатыр. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицейлер белсендіні ұстауға бара жатыр. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындар «полицейлердің өздері заңды бұзады» деп шағымданады. Ал ІІД өкілі ондай оқиғалар болғанын растап, «профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқандарын» айтады.

28 жастағы Манарбек (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) есімді алматылық – полицияның жол ережесін бұзатынына куә болған азаматтардың бірі. Ол полицейлердің жол ережесін сақтамауы кесірінен өз көлігіне де зақым келгенін айтады.

– Патрульді полиция машинасы бұрылуға тыйым салынған жерден бұрылмақ болды. Мен тура келе жатқанмын. Полиция көлігіне барып соғылдым. Рұқсат етілмеген жерден бұрылған полицей кінәлі болды. Машинамның алды қатты зақымданды. Жөндеп беруді талап етіп едім, «сотқа берсең, өзіңді кінәлі етіп шығарамыз» деп қорқытты. Қорқытқандарына қарамастан «сотқа беремін» деп тұрып алдым. Кейін олар «машинаңды жөндетіп ал» деп ақша берді, – дейді Манарбек.

«ЗАҢ БҰЗҒАН ПОЛИЦЕЙДІ БҰҚАРАҒА ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК»

Полицейлердің қоғамдық орындарда да заң бұзатын кездері болатынына наразылар бар. Рұқсат етілмеген жерде шылым шеккені үшін айыппұл төлеген бір азамат кейін дәл сол маңда полиция өкілінің де темекі тартып тұрғанын байқаған.

– Полицейге бұл жерге темекі шегуге болмайтынын, осы жерде темекі шеккенім
"Қарсылық жиынын" бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қарсылық жиынын" бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
үшін жазаланғанымды айттым. Ол «маған заңды үйрететін сен емессің» деді, – дейді алматылық студент Кеңшілік Қажыбаев.

Халық арасында полицейдің «заң сақшысы» деген бейнесіне сенбеушілік көбейгенін ескертушілер де бар.

– Қазір халық арасында полицияға деген сенім азайып кеткен. Себебі полицейдің өзі заңды сақтамайтын халық біледі. «Пара берсең, хаттама толтырмаймын» деген сөздердің өзі – заң бұзушылық. Ішкі істер министрлігі заң бұзған полицейлермен күресіп, анда-санда олардың жұмыстан кеткені туралы материалдарды жариялап қояды. Менің ойымша, бұл – жеткіліксіз, – дейді заңгер Әділбек Қалмұрзаев Азаттыққа.

Ол заң бұзған полицейдің суретін ішкі істер департаменті ғимаратының алдындағы арнайы тақтаға іліп қоюды немесе аты-жөнін БАҚ-та жариялауды ұсынады.

«ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЗАҢ БҰЗУЫ БОЛЫП ТҰРАДЫ»

Алматы қаласы ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек полицейлердің заң бұзуы болып тұратынын, оны азайту үшін ішкі істер департаментінде профилактикалық жұмыстар көбейгенін мәлімдеді.

– Полицейлердің кінәсінен түрлі оқиғалар болып жатыр. Қазір полицейлер арасында заң бұзушылықты жою үшін көптеген профилактикалық жұмыстар
Полицейлер атыс болған жерде жүр. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицейлер атыс болған жерде жүр. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
жүргізіліп жатыр. Шараларға ІІД бастығының орынбасарлары жауапты. Олар қызметкерлерге күнделікті үгіт-насихат жүргізеді, – деді ІІД баспасөз хатшысы Азаттық тілшісіне.

ІІД баспасөз қызметінің Азаттыққа берген ресми мәліметіне сәйкес Алматыда қазанның 29-ы күні болған жол апатына полицейлердің де кінәсі бар екені анықталған. Ол апатта Түрксіб ауданының екі полицейі қаза тауып, бір полицейі ауыр жараланған еді. Полицейлер көлігі келіп соғылған машинаның жүргізушісі де жараланып, ауруханада түскен. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Қазақстанда полицияның жұмысын соңғы уақытта президент Нұрсұлтан Назарбаев та сынай бастады. Нұрсұлтан Назарбаев биыл құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесуінде «Қазақстанда полицей қызыл куәлік алса болды, ол – құдай, ол – король боп шыға келеді» деп мәлімдеген еді.

Қазақстанда 2013 жылдың алғашқы үш айында ғана жүзге жуық полицей қылмыс жасап, 126-сы жұмыстан кеткен.

Инфографика: Полицейлердің қатысы бар қылмыстар, 2013 жыл

Қазақстанда полицияның атына айтылған сындардан кейін патруль және жол полициясы біріктіріліп, қайта жасақталды. Жаңадан пайда болған «әмбебап полицейлер» қарашаның 1-інен бастап жұмыстарына кірісті. Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол полицейлер «азаматтардың жеке бас және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті және жолдағы қауіпсіздікті сақтайды, қылмыстарды ашып, қылмыскерлерді ұстайды».
XS
SM
MD
LG