Accessibility links

Полицейлер мен жәбірленуші жаңа үкім күтеді


Екі аяғынан айырылған жәбірленуші Иван Рожнов. Петропавловск, 18 қазан 2012 жыл.
Екі аяғынан айырылған жәбірленуші Иван Рожнов. Петропавловск, 18 қазан 2012 жыл.

Екі аяғын бірдей үсітіп алған Иван Рожновтың ісі қайта қарауға жіберілді. Бұл іс бойынша екі полицей сотталған. Аяқсыз қалған 20 жастағы жігіт өмірдің көп қызығынан айырылды.

Иван Рожновтың ісі күтпеген жерден өзгеріп сала берді. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық алқасы апелляциялық сот шешімінің күшін жойды. Сотталған полицейлердің туыстары кассациялық шешімді екі полицейді түрмеден босатудың нышаны ретінде бағалайды. Жәбірленуші және айыпталушы тараптардың өз шындығы бар.

ЕКІ ТҮРЛІ ҮКІМ

Былтыр қаңтар айында «ноутбук ұрлады» деген күдікпен ұсталған Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Ясновка ауылының тұрғыны, 20 жастағы Иван Рожновтың шулы ісінен Азаттық сайтының оқырмандары хабардар. Рожновтың айтуынша, екі полицей азаптаған соң қашып кеткен. 40 градус аязда екі тәулік орманда адасқан Иванның екі аяғы үсіп қалады. Кейін Иванға қатысты іс жабылып, дәрігерлер оның екі аяғын кесіп тастады.

"Қызметтік өкілеттігін асыру" айыбымен екі полицейге қарсы қозғалған істегі жәбірленуші Иван Рожнов. Петропавловск, 20 қазан 2012 жыл.
"Қызметтік өкілеттігін асыру" айыбымен екі полицейге қарсы қозғалған істегі жәбірленуші Иван Рожнов. Петропавловск, 20 қазан 2012 жыл.
​Бірақ полицейлерге қарсы іс қозғалды. Есіл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 38 жастағы майор Қайрат Сәрсенбаев пен 25 жастағы аға лейтенант Руслан Козырев «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған» деген айыппен бес жарым жылға сотталды.

Бірақ Петропавловск қалалық сотының судьясы Айдархан Жанақовтың жұртқа басқа үкімді жариялап, мәтінде басқа үкімді көрсеткені апелляциялық сотта белгілі болды. «Қызметтік өкілеттігін асыру» деген баптың нақты тармағы бойынша жасалған қылмыс үшін бес жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Апелляциялық алқа қалалық сот «қылмыстық-процессуалдық заңды бұзып, бұрынғы екі полицейдің жазасын бес жылға дейін жеңілдеткен» деген қорытынды жасады.

Апелляциялық алқаның қаулысына қарсы процеске қатысушы екі тарап та кассациялық шағым берді. Бұл инстанция процеске қатысушылар үшін күтпеген шешім қабылдап, істі қайта тексеруге жіберді. Қыркүйек айының аяғында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық алқасы «қылмыстық-процессуалдық заң бұзылған» деген ұйғарыммен апелляциялық сот алқасының Сәрсенбаев пен Козыревқа қатысты шешімінің күшін жойды.

Енді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі басқа құрамда қарауы тиіс. Сотталған полицейлердің туыстары бұл шешімді сотталған екеудің түрмеден шығуының мүмкіндігі деп есептейді. Полицейлер кесірінен жарымжан болып қалған жігіттің туыстары істің беталысын мұқият бақылап отыр. Бұрыннан «полицейлер жеңіл жазамен құтылды» деп санаған олар кассациялық алқаның шешімімен де келіспейді.

АМПУТАЦИЯҒА ДЕЙІН ЖӘНЕ КЕЙІН

2012 жылдың ақпанында екі аяғынан айырылған жәбірленуші Иван Рожнов Ясновка ауылындағы орта мектепте лаборант болып жұмыс істейді. Жас жігіттің өмірі түбегейлі өзгерген.

– Бұрын достасып жүрген қызым болған. Кейін екеуміз айырылысып кеттік. «Жарымжан жанды қайтесің» деп оған өзім айттым. Мүгедектігімнен өзімді кем көріп, оны жөніне жібердім, – дейді Иван.

Небәрі 22 жастағы Иванның қыздармен танысқысы келеді. Бірақ қазір олармен интернетте ғана танысуға батылы жететін Иван бір қызды «құрбым» дейді.

– Басқа қалада тұратын қызым бар. Екеуміз интернет арқылы жай хат алмасып жүрміз. Онымен жақында таныстым. Бірақ ол мына күйімді білмейді, оған айта алмай жүрмін, – дейді Иван.

Аяғынан айырылуы Иванның өмірін астан-кестен етті. Бұрын спорт секциясына баратын, қазір ол мүмкін емес. Құрбы-құрдастарымен де араласуды қойып, үйден шықпайтын болған. Бұрын анасына көмектесіп, үй шаруасына қолғабыс жасайтын, енді анасының жәрдеміне өзі мұқтаж.

Иван Рожновтың анасы Елена Рожнова (сол жақта) мен құқық қорғаушы Вадим Курамшин (соттамаған кезі). Петропавловск, 18 қазан 2012 жыл.
Иван Рожновтың анасы Елена Рожнова (сол жақта) мен құқық қорғаушы Вадим Курамшин (соттамаған кезі). Петропавловск, 18 қазан 2012 жыл.
Иванның ағасы, үш әпкесі бар. Анасы – көп балалы зейнеткер. Бес баланың ішіндегі кішісі – Иван. Жиендерімен, әсіресе өзінен екі жас кіші жиенімен сырласқанды жақсы көреді.

Иван лаборант ретінде 15 мың теңге (100 долларға жуық) жалақы алады; мүгедектігі үшін мемлекет 23 мың теңге (150 доллар шамасында) жәрдемақы төлейді. Шетелдің сапалы протезін сатып алуға бұл ақша жетпейді. Былтыр маусымнан бері киіп жүрген ыңғайсыз протезге үйрене алмапты, кисе аяғын қажап тастайды. Жұмысқа барып келгені болмаса, көп кие алмайды.

Бірақ Иванның сағы сынбаған. Денесін шынықтыру үшін үйде турникке тартылады. «Аз қимылдасам да, артық салмақ қосқан жоқпын» дейді. Интернеттің көмегімен ағылшын тілін меңгеруге тырысып жүр. Кейін компьютер үстелінен тұрмай ақша табу үшін ІТ саласының маманы болғысы келеді. Бірақ «өздігімнен дайындалғаныммен, арнайы оқымаса қиын екен» дейді ол.

Иван Рожнов кассациялық соттың шешіміне қатысты «қалалық сот екі түрлі үкім шығарғаны рас» дейді.

АБАҚТЫҒА САБЫЛУ

2012 жылдың қаңтарында Есіл ауданының әкімшілік орталығы – Явленка шағын кентіндегі бір емес, екі шаңыраққа бірдей ауыртпалық түсті. Полиция майоры Қайрат Сәрсенбаев сотталып, екі кішкентай баласы мен үйде отырған әйелі Айман Сәрсенбаева уақытша болса да отағасы мен әкесіз қалды. Баласы, полиция аға лейтенанты Руслан Козыревті жалғыз асырап, жеткізген, кенттегі мектеп-гимназияның оқу меңгерушісі Елена Козырева енді ұлымен жүздесу үшін түрмеге барады.

Айтпақшы, қоғамдық қорғаушы ретінде Айман Сәрсенбаева да күйеуіне шектеусіз жолыға алады. Бір ауылда тұратын қайғы-мұңы ортақ жандар кешкісін үйге қайтып үлгеру үшін 80 шақырым жердегі Петропавловск тергеу изоляторындағы туыстарымен жолығуға кейде таң сәріден бірге аттанады.

Азаттық тілшісіне «барлық қиындыққа қарамастан, күнімізді көріп жатырмыз» деген Айман:

– Туыстарым көмектеседі. Өзім де аздап ақша табуға тырысамын, – дейді.

Балаларын (12 жастағы ұлы мен алты жастағы қызы) қарайтын адам болмағандықтан, Айман тұрақты жұмысқа орналаса алмаған. Сәті түскен кез келген жұмысты істеуге келісуге тура келеді. Кейде біреулердің үйін жөндеуге жалданып, сылақ жүргізу, тұсқағаз жапсыру сияқты жұмыстарды істейді.
Айман Сәрсенбаева мен күйеуі Қайрат Сәрсенбаев (сотталмаған кезі). Фото отбасылық архивтен алынды.
Айман Сәрсенбаева мен күйеуі Қайрат Сәрсенбаев (сотталмаған кезі). Фото отбасылық архивтен алынды.

Айманның айтуынша, үтік жөндеу сияқты еркектің жұмысын да істеу қолынан келеді. Отбасына түскен ауыртпалық келіншектің сағын сындырмай, керісінше қатайтып жіберген.

Былтыр желтоқсанда Азаттық тілшісіне ашынғаннан «ұлым ақталмаса, өзіме қол саламын» деген Елена Козырева қазір болған жайтқа көндігіп, мықты бола түскенін айтады. «Ұлымды жалғыз өсірдім, білім бердім, лайықты азамат етіп шығардым. Балам әділетсіз сотталған кезде өмір тоқтап қалғандай көрінді, бірақ ұлымның арқасында еңсем түспеді» дейді ол.

Қазақстанның ең терістігіндегі Явленка кентіндегі екі шаңырақ осылай тұрмыс кешіп жатыр. Явленкада шамамен алты мыңдай адам тұрады. Ауылдастар бір-бірін жақсы таниды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG