Accessibility links

Заң – солқылдақ, автобус – ескі


Шымкент-Ташкент бағытында жолаушы таситын автобусқа отырып жатқан адамдар. Шымкент, 5 қаңтар 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Шымкент-Ташкент бағытында жолаушы таситын автобусқа отырып жатқан адамдар. Шымкент, 5 қаңтар 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көлік қызметінен мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Қаңтардың 18-інде Ақтөбе облысында еңбек мигранттарын Өзбекстаннан Ресейге тасымалдаған ОҚО-да тіркелген автобус өртеніп, 52 адам қаза тапқан соң республика бойынша қоғамдық көліктерді тексеру басталған.

Қаңтардың 22-нен ақпанның 18-не дейін жоспарланған қоғамдық көлік тексеру шарасы Оңтүстік Қазақстан облысында да өтіп жатыр.

"ПЕНДЕМІЗ ҒОЙ, БІР РЕТ КЕШІРІМ БЕРІҢІЗ..."

Жол-патрульдік полициясымен бірге тексеру шарасына қаңтардың 30-ы күні Азаттық тілшісі де шығып, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал аудандарына қатынайтын қоғамдық көліктерді бақылаған полиция жұмысына куә болды. Үлкен автобустарға қарағанда, елдімекендер арасындағы қатынаста шағын қоғамдық көліктердің көп екені байқалды.

Шымкент-Шардара бағытында жолаушылар тасымалдайтын жүргізуші Шерхан Сүлеевтің сөзінше, жол-патрульдік полициясы тиісті құжаттарды жиі тексереді.

- Қазір көлікке, өзіңе қатысты құжаттардың бәрін бірге алып жүрмесең болмайды. Кез-келген уақытта тексереді. Болмаса, айыппұл салады, - дейді ол.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері автобустарды тексеріп жүр. Шымкент, 30 қаңтар 2018 жыл
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері автобустарды тексеріп жүр. Шымкент, 30 қаңтар 2018 жыл

Осы бағытта жолаушыларды тапсырыспен тасымалдайтын, аты-жөнін айтудан бас тартқан қоғамдық көлік жүргізушісі жол-патрульдік полициясына жүргізуші куәлігін ұмытып, үйінде қалдырғанын айтты.

- Таңертең ерте Шымкентке жаназаға келдік. Жүргізуші куәлігін үйде қалдырып кетіппін. Бір жолға кешірім деген болады ғой. Жібере берші енді, - деді жүргізуші.

- Cіз қоғамдық көлікті басқарып жүрсіз. Қалай ұмытып кетесіз? Өзіңізбен бірге болуы керек. Жоқ болғандықтан заң аясында көлігіңізді айып тұрағына алып кетеміз, - деді полиция қызметкері.

- Қалып кетіпті, пендеміз ғой, бір жолға кешірім беріңіздер. Қазір суретке түсіріп, салып жіберсін. Көрсетейін, - деді жүргізуші.

ВИДЕО: Қоғамдық көлікті тексеру шарасы.

Қоғамдық көлік қызметін тексеру
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

- Егер сізде жүргізуші куәлігі мүлде болмаса, айыппұл көбірек салынады. Егер жүргізуші куәлігі қазір өзіңізбен болмаса, айыппұлдың мөлшері аз болады. Жүргізуші куәлігін алып келіп, айыппұлды төлегенше, көлігіңіз айып тұрағында тұрады, - деді полиция қызметкері.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы" бабы бойынша қоғамдық көлік жүргізушісінің өзімен бірге жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген басқару құқығына уақытша куәлігі болмаса бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Дәл осындай жаза азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі жоқ, көлігі тіркелмеген және заңда белгіленген өзге де құжаттары жоқ көлік иелеріне де қолданылады.

"ЕСКІ АВТОБУСТАРҒА ТЫЙЫМ САЛА АЛМАЙМЫЗ"

Облыстық жол-патруль полициясының штаб бастығы Шерзат Ешматовтың Азаттыққа айтуынша, қоғамдық көліктерді тексеру кезінде (18-31 қаңтар аралығында – ред.) мыңға жуық заң бұзушылық анықталған. Тек Шымкент қаласының аумағында мұндай көлік иелері 332 рет заң бұзып, хаттама толтырған. Айыпты жүргізушілердің арасында ұялы телефонмен сөйлескендер, белдік тақпай жүргендер көп болған.

ОҚО жол-патрульдік полициясының штаб бастығы Шерзат Ешматов
ОҚО жол-патрульдік полициясының штаб бастығы Шерзат Ешматов

- Қалааралық автобустарға арналған бекеттерден шыққан-кірген қоғамдық көліктер тіркеуге алынып жатыр. Тіркеу кезінде қоғамдық көліктің техникалық ахуалынан бастап, жүргізушінің медициналық тексеруден өткен-өтпегені туралы барлық мәліметтер тексеріледі, - дейді Шерзат Ешматов.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың Азаттыққа айтуынша, облыста 2750 автобус қоғамдық көлік қызметімен айналысады. Облыс аралық қатынаста көбіне үлкен автобустар, аудан аралық бағыттарда шағын автобустар жүреді.

- Автобустар шыққан жылына қарай үш түрге бөлінеді. Олар: 7 жылға дейінгі, 7-12 жыл аралығындағы және 12 жылдан асқан автобустар. Заң бойынша автобустың шыққан жылына қарай жолаушы тасымалдауға шектеу қойылмайды. Заңның солқылдақтығынан ескі автобустардың жүруіне тыйым сала алмаймыз. Осы жөнінде заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасап отырмыз, - дейді ол.

ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт
ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт

Нұрлан Байғұттың мәліметінше, облыстағы жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің 30 пайызы соңғы 7 жылда жасалған. 60 пайызының шығарылғанына 7-12 жыл болған, қалғаны – 12 жылдан асқандар.

- Кәсіпкерлікті қолдаймыз деп заңды жеңілдету арқылы барлық жауапкершілікті кәсіпкерге жүктейміз. Адам өміріне жауапкершілікті қоғамдық көлік компаниялары мойнына алады. Бізде 2015 жылдан бері 69 автобус иесі тіркеліп, лицензия алған. Қалғаны өзара келісім-шартпен жұмыс істейді, олар бізге есеп бермейді, - дейді Байғұт.

"КӘСІПКЕРДІҢ ЖАҢА АВТОБУС АЛУҒА ШАМАСЫ ЖОҚ"

"Южавтотранспорт" қауымдастығының төрағасы Дархан Каюповтың да пікірінше, мәселе жолаушыларды тасымалдау туралы заңның шикілігінде.

- Заң бір реттік тасымалды жасауға рұқсат етеді. Бұл – өте күрделі мәселе. Кез-келген жүргізуші жеке куәлігімен жұмыс істей береді. Оған ешбір бақылау жоқ. Қоғамдық көліктің техникалық бақылауы қандай, ешкім тексермейді. Қоғамдық көліктер ескі, кәсіпкерлердің жаңа автобус сатып алуға шамасы жоқ. Бұл мәселеге де көңіл бөлмесек, жақын жылдары жолаушылар тасымалдайтын қызметті жоғалтып аламыз. Қазір ескі автобустар жолға шықпаса, жаңадан келіп жатқан автобустар аз, - дейді Дархан Каюпов.

Төтенше жағдай қызметі өкілдері қала ішінде жолаушы таситын автобустың өртенген қаңқасын зерттеп жатыр. Шымкент, 23 қаңтар 2018 жыл
Төтенше жағдай қызметі өкілдері қала ішінде жолаушы таситын автобустың өртенген қаңқасын зерттеп жатыр. Шымкент, 23 қаңтар 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, қоғамдық көліктерді тексеру биыл қаңтардың 22-сінде басталған, ол ақпанның 18-іне дейін жалғасады. Облыста қаңтардың 31-іне дейін жол қауіпсіздік ережелерін бұзған 969 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 91 қоғамдық көлік тиісті техникалық байқаудан өткізілмегені үшін, 258 жүргізуші телефон пайдаланғаны үшін, 32 жүргізуші жылдамдықты көбейткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеру Ақтөбе облысында Өзбекстаннан еңбек мигранттарын Ресейге тасымалдаған автобус өртеніп, ондаған Өзбекстан азаматы қаза тапқан соң қолға алынып отыр. 18 қаңтар күні Ақтөбеден 320 шақырым жерде Шымкент – Самара жолында болған қайғылы оқиға кезінде 52 жолаушы опат болып, бес адам, оның ішінде автобустың үш жүргізушісі аман қалған.

Оқи отырыңыз: "Автобустағы өрт құрбандарын анықтау қиын"

Қазақстан индустрия және даму министрлігі өртенген көлік 1989 жылы жасалған KassbohrerSetra маркалы автобус екенін, Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелгенін, автобустың техникалық тексеруден өту мерзімі 2016 жылы 17 ақпанда аяқталғанын хабарлаған. Иесі жалға берген автобус тұрақты маршрут бойынша жолаушы тасымалдамаған, жүргізушінің тұрақты емес түрде жолаушы тасымалдауға тиісті лицензиясы да болмаған.

XS
SM
MD
LG