Accessibility links

Ақтөбе өңірінде автобустағы өрттен 52 адам мерт болды


Самара-Шымкент күрежолы бойында Ақтөбе облысы жерінде өртенген автобустың ықтимал видеосынан алынған скрин-шот (Асқар Ақтілеу таратқан видео).
Самара-Шымкент күрежолы бойында Ақтөбе облысы жерінде өртенген автобустың ықтимал видеосынан алынған скрин-шот (Асқар Ақтілеу таратқан видео).

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында жолаушылар автобусы өртеніп, салдарынан 52 адам қаза болған. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаңтардың 18-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Ырғыз ауданы Қалыбай ауылы маңындағы "Самара-Шымкент" тасжолында жолаушылар автобусында өрт шыққан.

"Алдын ала мәлімет бойынша, "Сетра" маркалы автобус өртеніп, салдарынан 52 жолаушы мерт болды. Көлік салонынан бес адам шығып үлгерген. Қаза тапқандардың барлығы - Өзбекстан азаматтары" делінген төтенше жағдайлар қызметінің ақпаратында.

Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жасқайрат Сүлейменов Азаттыққа аман қалған екі жолаушының қолы күйгенін, оларға медициналық көмек көрсетілгенін айтты.

- Автобус Шымкент қаласынан екенін білеміз. Автобустың үш жүргізушісі де дін аман, үшеуі де - Шымкенттен. Олардан қазір сол жерде жауап алынып жатыр, - деді бас дәрігер.

Өртенген автобустың қалдығы. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.
Өртенген автобустың қалдығы. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.

Төтенше жағдайлар қызметі өрттен аман қалған үш қазақстандық және екі өзбек азаматының аты-жөнін жариялады. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебеков, 1978 жылы туған Барат Таңатаров пен 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, сондай-ақ Өзбекстан азаматтары – 1988 жылы туған Ахрор Искаков пен 1980 жылы туған Исраилджон Мирзахмедов тірі қалған.

Жарақаттанған бес адам қаңтардың 18-і күні арнайы санитарлық авиациямен Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Олар бірден жан сақтау бөліміне жатқызылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, аурухана маңынан полиция, арнайы жасақ қызметінің өкілдері жүрген.

Психологтар Ақтөбе өңіріндегі автобус өртінен зардап шеккендермен сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2018 жыл
Психологтар Ақтөбе өңіріндегі автобус өртінен зардап шеккендермен сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2018 жыл

​Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігер Рахымжан Арыстанның айтуынша, жарақаттанғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Екі адамның білегі, беті аздап күйген. Қазір олармен психолог, терапевтер сөйлесіп жатыр.

- Жарақаттанғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Екі адамның білегі, беті аздап күйген. Қазір олармен психолог, терапевтер сөйлесіп жатыр. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары жаман емес. Бірақ оларды жансақтау бөліміне жатқызуға міндеттіміз. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Олар бүгін ауруханада болады. Ал ертең (19 қаңтар - ред) ары қарай не істейтінімізді шешеміз, - дейді дәрігер.

Видео: Жарақаттанғандар ауруханаға жеткізілді

Жарақаттанғандар ауруханаға жеткізілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Ал жарақаттанғандар жатқан палатаға кіріп шыққан психолог Жанна Қадырованың айтуынша, "зардап шеккендер қатты қорқып қалған. Сөйлегісі келмейді. Оқиға туралы ештеңе айтпайды. Жарақаттанған бір адамның жақын туысқаны автобустағы өртте қаза тапқан".

Оқиғаның картасы.
Оқиғаның картасы.

Қазақстанның инвестиция және даму министрлігінің хабарлауынша, автобус Шымкенттен Ресейдің Қазан қаласына бара жатқан. Өрт болған жерге Жолдағы медициналық құтқару бекеті (4 адам және 1 техника), «ҚазАвтожол» өкілдері (5 адам және 4 техника), Ырғыз ауданының төтенше жағдай бөлімінің басшысы, Ырғыз ауданының өрт бөлімшесі (4 адам және 1 техника) және Қарабұтақ ауылының өрт сөндірушілері жіберілді.

Министрлік өртенген автобус міндетті техникалық байқаудан соңғы рет 2015 жылы тамызда өткенін, оның мерзімі 2016 жылы ақпанда аяқталғанын мәлімдеді.

Самара-Шымкент күрежолы бойында Ақтөбе облысы жерінде өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.
Самара-Шымкент күрежолы бойында Ақтөбе облысы жерінде өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облыстық көлік басқармасының бөлімінің хабарлауынша, Ақтөбе облысында өртеніп кеткен автобус аталған облыста тіркелген, бірақ ауданаралық және облысаралық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетпеген.

- Кез-келген тасымал екі түрге бөлінеді. Бірі – тұрақты, екіншісі – тұрақсыз. Өртенген автобус тұрақты бағыттарда жұмыс істемейді, - деді бөлім басшысы Асан Жұмабаев Азаттыққа.

Қайғылы оқиға бүгін таңертең Ақтөбе қаласынан 320 шақырым жерде болған. Ресейге кетіп бара жатқан жолаушылар автобусының өртенуіне не себеп болғаны туралы әзірше мәлімет жоқ.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі өрттің шығу себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік ведмоствоаралық комиссия құрылғанын мәлімдеді.

Оқиға орнында полиция, құтқарушылар мен психологтар, дәрігерлер жұмыс істеп жатыр деп хабарланды.

Көп адам қаза болған оқиғаға байланысты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жедел штаб құрылған.

Ақтөбедегі автобус апаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Қазақстан арқылы Ресейге мигранттар апара жатқан және кері бағытта қатынайтын жолаушылар автобусы ұшыраған оқыс оқиғалар бұған дейін де болған.

2017 жылы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауылы маңында Самара-Шымкент тасжолымен Ресейден Өзбекстанға кетіп бара жатқан автобус сынып қалған. Жергілікті төтенше жағдай қызметі 23 градус аязда және қатты жел тұрған күні жолда қалған автобустан 48 Өзбекстан азаматын құтқарған.

Былтыр 6 қазанда Ресейдің Владимир облысында Өзбекстанның 55 азаматы отырған қазақстандық автобус теміржолда пойызбен соқтығысып, салдарынан автобустағы 17 адам қаза тапқан. Құрбан болғандардың дені – Өзбекстан азаматтары, біреуі - автобус жүргізушісі Қазақстан азаматы болған. Тағы бір жүргізуші - Қазақстан азаматы аман қалған. Қазақстан билігінің ақпараты бойынша, Mercedes маркалы автобус Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында тіркелген және халықаралық бағытта жолаушылар тасымалдауға лицензиясы болған.

​22 маусымда Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылы маңындағы Самара-Шымкент тасжолының 946-шақырымында Ресейден келе жатқан жолаушылар автобусы аударылған. Автобуста 50 Өзбекстан азаматы және екі қазақстандық болған. Апат салдарынан Өзбекстанның тоғыз азаматы қаза тауып, 18 адам жарақат алған.

XS
SM
MD
LG