Accessibility links

Үшқоңырда әлі де жарықсыз үйлер бар


Үшқоңыр ауылының тұрғыны Баян Қалышева (сол жақта) электрик дауласып тұр. Алматы облысы, 2017 жылдың шілдесі. (Видеодан алынған скриншот)

Алматы облысы Үшқоңыр ауылында электр жарығынсыз отырған бірнеше отбасы журналистерге «жергілікті билік мәселемізді шешуге асығар емес» деп шағынады. Айтуларынша ауыл ортасында орналасқан үйлеріне жарық тартуға қажетті жабдықтарды электрик «қымбат бағалайды». Ал ауыл әкімінің орынбасары мен электрик тұрғындардың арызы бойынша жұмыс жүріп жатқанын, айналасы бір айда мәселе шешілетінін айтады.

Үшқоңыр тұрғыны Гүлнұр Мырзағұлова үйінде электр жарығы болмаған соң кешке шам жағып отырады. Айтуынша, жергілікті билік электр жарығын беруге асықпайды. Ал теледидар көру, киім үтіктеу әзірге қол жетпес арманға айналып тұр дейді.

- Бәрі істемейді. Жарық жоқ. Мынаның шнурларын жинап қойғанбыз. Бұл сувенир сияқты, - дейді Гүлнұр үйіндегі тоңазытқышын көрсетіп.

Бес балалы Бұлбұл Насырханның да айтары осындай. «Бір жыл бұрын ауыл ортасынан жер алып, үй салдық» деген отбасы бала-шағасының болашағына алаңдайтынын білдірді.

- Кешке жақын тез-тез жұмысымызды бітіреміз де ұйықтаймыз. Шынымен де көп нәрсе жасай алмаймыз. Кейде балалар тапсырмасын орындай алмай қалады - дейді Бұлбұл Насырхан Азаттық тілшісіне.

«Ауыл ортасында жарықсыз отырмыз, мәселемізді жергілікті билік созбақтап келеді» деген тұрғындар әкімдік алдына жиналған сәтте наразы топтың жанына келіп, өзін «ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасымын» деп таныстырған адам тұрғындардың айтқаны өтірік деді. Ол ​Үшқоңыр ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Яя Ишигов болып шықты. Оның айтуынша, "2006 жылдан бастап" осы көшелердің бойына барлығына электр жарығы жүргізілген.

ВИДЕО: Үшқоңырда жарықсыз отырғандар саны белгісіз.

Тұрғындар болса, бұл адамды танымайтындарын айтты. Олар «үйімізге жарық жеткізу мәселесі ауыл электригіне байланысты. Бірақ, ол электр жарығын тартуға қажетті бөлшектерді бірнеше есе қымбатқа бағалап көрсетеді» дейді. Ал электрик «әу баста арзан жерге қызыққан» тұрғындардың өздерін кіналі санайды.

- Жер сатып алған адамдарға бұл маңда су, жарық жоқ екенін үнемі айтып отырамыз. Адамдар алдымен инфраструктураның қай жерден тартылғанын біліп алса жөн болар еді. Бірақ олардың айтатыны алдымен арзан жер алсам, содан кейін барып әкімдіктен рұқсат сұраймын ғой дейді. Сол дұрыс па? - дейді жергілікті электрик Бекболат Іңкәрбаев.

Алайда бұл пікірмен наразы топ келіспейді. «Әкімдікте арзанға беретін жер болмағандықтан амалсыз жеке адамдардан сатып алуға мәжбүр болдық» деген тұрғындар электр бағаналары үйлерінің маңынан алыс емес екенін айтады.

- Біз де осы ауылдың тұрғынымыз ғой. Осы әкімдікке қараймыз. Біз жеке адамдардан сатып алдық деп аспанда тұрып жатқан жоқпыз ғой. Айдалада қараусыз жатқан жер емес, Үшқоңырдың шетіндеміз. Қасымызда үлкен медресе салынып жатыр. Қарама-қарсы бетте елбасымызға музей салынып жатыр. Айналамыздың бәрінде үйлер бар. Маңдалада тұрып жатқан жоқпыз. Айналамыздың бәрі үлкен-үлкен байдың үйлері. Онда су бар, газ, жарық бар. Бізде ғана жарық жоқ, - дейді Үшқоңыр тұрғындарының бірі Баян Қалышева.

Ауыл ортасында орналасса да электр жарығы қосылмаған баспаналардың бар екенінен жергілікті әкімдік те хабардар. «Әкім еңбек демалысына кетті» деген орынбасар «тұрғындардың аудан басшысына жазған шағымы бойынша жұмыс жүріп жатыр, жақын арада бұл мәселе шешіледі» деп уәде берді.

- Таяуда трансформатор бөлініп, тиісті жеріне қойылады, - деді Үшқоңыр ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрарбек Ташов Азаттық тілшісіне

Электрик те бұл сөзді қостайды. «Егер әкімдік жабдықтардың бәрі дайындаса және тұрғындар қажетті деген қаражатты жинай алса бар жұмыс бір айдың көлемінде жасалады» дейді.

- Қазір трансформатор дайын деп отыр. Қояйын десек, бұл кісілерде қаражат жоқ. Егер қаражат болса, бір-ақ күндік жұмыс, - дейді Бекболат Іңкәрбаев.

Азаттық бұған дейін де президент Нұрсұлтан Назарбаев өскен Үшқоңыр ауылында электр жарығынсыз отырған өзге отбасылардың бар екенін айтып, бейнематериал көрсеткен. Ол кезде тұрғындардың мәселесін шешіп беруге қарсы емеспіз деген әкім көпбалалы Ақбота Айтжановаға көмектесуге уәде еткен. Бірақ, одан бері бір айдан асса да жеті баласы бар шаңыраққа электр жарығы әлі қосылмады.

ВИДЕО: Үшқоңырда жеті отбасы жарықсыз отыр.

XS
SM
MD
LG