Accessibility links

Аз жалақыға қараған отбасының ашқұрсақ тірлігі


Оморгүл Зияа үш баласымен бірге. Теміртау, 30 сәуір 2019 жыл.

Баспанасыз әрі жұмыссыз төрт адамның 19 мың теңгеге күн көруі тиіс. Бұл – қандай да бір арнайы сынақ емес, теміртаулық жас балалы жалғызбасты әйелдің күнделікті тұрмысы. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыру кезінде шенеуніктер әлгі әйелге әпкесінің азық-түлікке берген 5 мың теңгесін де "отбасының табысы" деп есептеген.

31 жастағы Оморгүл Зияа үш кішкентай баласымен өлместің күнін кешіп отыр. Кішкентайларының бірі – кемтар. Теміртаулық отбасының негізгі табыс көзі – бала күтіміне байланысты берілетін 19 мың теңге жәрдемақы ғана. Екі айдан соң Оморгүлдің кенжесі бір жасқа толмақ. Сол кезде бұл жәрдемақы да тоқтайды. Жәрдемақы (шамамен 50 доллар – ред.) жан бағуға әзер жететіндіктен Оморгүл азық-түлікті барынша үнемдеуге тырысады. Кейбір күні балаларға тамақ жетсін деп, ас та ішпейді. Жалғызілікті ананың табысы он айлық Әбубәкірге ең арзан сүт қоспасын сатып алуға да жетпейді. Омырау сүті де тартылған.

МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ МҰҚТАЖДЫҒЫ

Он айлық Әбубәкір церебралды сал дертімен ауырады. Оморгүл бұрын азаматтық некеде болған күйеуі жарты жылдан бері олардан бөлек тұратынын айтады. Ол омыраудағы нәрестесін, бес жасар қызы мен үш жасар ұлын жалғыз өзі бағып-қағып отыр.

- Баланың дене қозғалысында көзге бірден түсетін қиындықтар болғанына қарамастан, дәрігерлер оның мүгедектігіне көз жеткізу үшін бізді әртүрлі сынақтан өтуге жұмсап, әуреге салды. Ал баламды мүгедектігі бойынша тіркеуге қоймай, денсаулығына байланысты жәрдемақы ала алмаймыз. Бұл ақша отбасын асырауға сәл де болса көмек болар еді, - дейді Оморгүл Зияа.

Бала басын ұстап отыра алмағандықтан үнемі жатуға мәжбүр. Дәрі-дәрмектің бір бөлігін сатып алдым, қымбат дәрілерге ақшам жетпеді.

Оморгүл жұмысқа тұрайын десе, балаларды кімге қалдырарын білмейді. Ата-анасы әлдеқашан қайтыс болған. Теміртауда туыстары жоқ. Ол бұрын азаматтық некеде тұрған күйеуіне алимент төлете алмай жүр. Атқарушылық іс жүргізу Ақмола облысындағы жеке сот орындаушысына берілген. Бірақ әзірге бұл істен еш нәтиже шықпаған. Оморгүл шарасыздықтан өзіне қол салу туралы ойлағанын, бірақ жанынан артық жақсы көретін балаларына қарап райынан қайтқанын жылап отырып баяндады.

- Он айлық баламның ағзасындағы артық сұйық зат пен ісікті кетіру үшін қымбат дәрі-дәрумен керек. Ағзасынан сұйық зат көп бөлініп шығады, сондықтан жөргекті жиі ауыстырамыз. Бала басын ұстап отыра алмағандықтан үнемі жатуға мәжбүр. Дәрі-дәрмектің бір бөлігін сатып алдым, қымбат дәрілерге ақшам жетпеді, - дейді Оморгүл Зияа.

Оморгүлдің баспанасы жоқ. Бұрын Қарағанды облысындағы ауылдарда тұрған ол жақында Теміртауға көшіп келгенін айтады. Бұқар жырау ауданы әкімдігі Оморгүлге тіркеуге тұру үшін Теміртаудан бір айға пәтер жалдауға көмектескен. Отбасы уақытша тұрып жатқан пәтердегі екі адамдық жалғыз төсекте төрт адам бірге ұйықтайды. Мамырдың 6-сында келесі айдың пәтер ақысын төлемесе, Оморгүл балаларымен бірге басқа жаққа көшуі керек. Жалғызілікті ананың пәтерге төлейтін ақшасы жоқ.

АТАУЛЫ КӨМЕК АЛУ МАШАҚАТЫ

Ақпан-наурыз айларында әлеуметтік қолдау сұраған көп балалы аналар наразылығынан кейін билік жағдайы нашар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беретінін мәлімдеген. Аталған көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері күнкөріс деңгейіне жетпейтін жанұяларға беріледі.

Қазақстандық көп балалы аналар талабы:

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Үкімет жәрдемақы беру кезінде артық бюрократиялық кедергілер болмайды деп уәде берген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек алуға өтінішті бір төлқұжаттың көмегімен де толтыруға болатынын айтқан.

Сәуірдің 30-ында Теміртаудағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Оморгүлді шақырып, айдың басында қалдырған атаулы әлеуметтік көмек алу туралы өтінішін қайта жазуды және қосымша анықтамалар әкелуді сұраған.

Жалғызілікті ана шенеуніктердің сөзіне таңғалғанын айтады. Олар Оморгүлге наурыз айында Бұқар жырау ауданында тұратын әпкесі азық-түлік алуға берген бес мың теңге (шамамен 13 доллар - ред.) ақшаның "қосымша табыс" болып есептелетінін айтқан. Бөлім қызметкерлері Оморгүлге әпкесінен ақшалай көмек алғаны туралы қол қоятын қағаз ұсынған.

Теміртаудағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бала күтіміне байланысты берілетін 19 мың теңге жәрдемақы сияқты бір реттік материалдық көмек те (әпкесінен алған бес мың теңге - ред.) есепке алынатынын айтады. Бөлім қызметкерлері Оморгүлге тағы хабарласып, қосымша табысы туралы сұрауы мүмкін екенін ескерткен. Азаттық тілшісі сол күні Оморгүлмен бірге жұмыспен қамту бөліміне барып, бұл жайтқа куә болған.

"КӨМЕК БЕРІЛЕДІ"

Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакин Азаттық тілшісіне әкімдіктің әлеуметтік бөлімі Оморгүл Зияаға қажет кеңес пен анықтамалар алуға және мемлекеттік органдарда қабылдауда болуға барынша қолдау көрсеткенін айтты.

Оморгүлдің сөзінше, билік оның әлеуметтік жағдайына Азаттықта жарияланған мақаладан кейін назар аудара бастаған.

- Бұл отбасының табысы кедейлік шегінен төмен болғандықтан оларға атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Үш баласына әлеуметтік көмек беріліп, анасына кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табыс арасындағы айырмашылық төленуі керек. Оморгүл Зияа бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан, төлем жарты жыл бойы беріледі, – деді Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Толқын Елеубекова.

Шенеуніктердің бірде-бірі Оморгүл Зияаның отбасы атаулы әлеуметтік көмекті қашан және қандай көлемде алатынын нақты айтпады.

Тұрмысы нашар отбасыны баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де шешусіз қалып отыр. Үй кезегіне тұрғандар саны көп болғандықтан, барлық мұқтаж отбасы баспанаға қол жеткізе алмайды.

Сәуір айының соңындағы есеп бойынша, Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмек жөнінде кеңес алуға 17 085 азамат келген. Барлығы 5 773 өтініш қабылданып, 4 326 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Азаттық тілшісіне төлемдер сәуірдің 25-інен бастап беріле бастағанын хабарлаған.

Ресми дерек бойынша, 2019 жылы Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмекке 453 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде 298 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Одан бөлек, өңірге республикалық бюджеттен қосымша тағы екі миллиард теңге бөлу жоспарланған.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG