Accessibility links

Үкімет тарады. Енді не болмақ?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа (ортада) вице-премьер Асқар Жұмағалиев сандық панельді көрсетіп тұр. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа (ортада) вице-премьер Асқар Жұмағалиев сандық панельді көрсетіп тұр. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.

Ақпанның 21-інде Қазақстан президенті үкіметтің отставкасын мақұл көрді. Сарапшылар бұл кабинеттің "әлсіз" болғанын айтты, бірақ неге тарағаны туралы әрқилы пікір білдірді.

Бейсенбінің кеші Астана абыр-сабыр болды да қалды. Әуелі Ақорданың вебсайтында Қазақстан президентінің ресми мәлімдемесі жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев: "Үкімет отставкаға кетуі тиіс деп ойлаймын" деді.

Жарияланған құжат пен видеоүндеуде президент Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған министрлер кабинетінің жұмысын қатты сынады. Үкіметтің "халыққа қызмет қыла алмайтынын", "экономиканың сапалы түрде өсуі үшін нақты ынталандыру мен құралдар" қалыптастырмағанын, жалпы алғанда көптеген мәселені шешпегенін мәлімдеді.

Бір сағат өтер-өтпесте Ақорданың сайтында президент жарлығы шықты. Құжатта Назарбаевтың үкімет отставкасын қабыл еткені, "жаңа құрам бекітілгенше үкімет мүшелеріне қызметтерін атқара беруге пәрмен қылғаны" жазылған. Премьер-министр қызметін уақытша атқарушы болып Асқар Мамин тағайындалған.

Жергілікті сарапшылардың Сағынтаев үкіметінің "әлсіз" болғаны туралы сөздері үндес, бірақ екі жарым жылдан соң кабинеттің неге тарағаны туралы пікірлері әртүрлі.

РЕСЕЙ САЯСАТЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ МЕ?

Кезінде үкімет мүшесі болған 71 жастағы экономист, техника ғылымдарының кандидаты Петр Своиктың сөзінше, Бақытжан Сағынтаев әу бастан "техникалық премьер" әрі президент тапсырмасын "адал атқарушы" болған. Ол отставкаға кеткен үкіметтің басқа мүшелерін де алдыңғылардан көп айырмасы жоқ "техникалық орындаушылар" деп санайды. Сол себепті Своик үкіметті таратудың себебін басқа тараптан іздейді.

Оның болжауынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путиннің ізімен жүрмек. Путин ақпанның 20-сындағы жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсарту ел билігі үшін негізгі приоритет деп мәлімдеген. Своиктың сөзінше, президент Назарбаев ресейлік әріптесінен де асып түсетіндей табысқа жету үшін осы бағытты таңдайды.

Сағынтаев және оның командасы.
Сағынтаев және оның командасы.

Сенаттың бұрынғы депутаты және оппозициялық саясаткер, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова өзгермейтін президент Назарбаевтың тұсындағы кезекті үкімет ауысуын үйреншікті билік жүйесін сақтап қалу үшін жасалған дәстүрлі амал деп қарастырады.

Батталованың сөзінше, үкіметтің тарауы жуыр уақытта билік транзиті болмайтынын, Назарбаевтың кезекті немесе мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауынан соң орнында қала беретінін байқатады.

Ол келесі үкіметтен де мардымды жұмыс күтпейді. Орыс жазушысы Иван Крыловтың әйгілі мысалындағы квартетке теңейді. Батталова соңғы оқиғалар Қазақстандағы жоғарғы жақтың басқара алмайтынын, ал төменгі жақтың бұрынғыша өмір сүргісі келмейтінін көрсетті деп санайды. Ол жуырда Қазақстанның бірнеше аймағында болған көп балалы аналардың наразылығын еске алады. Бұл толқуға ақпанның 4-інде Астанада өртенген үйде қалып қойған бес баланың қазасы түрткі болған.

СЪЕЗД АЛДЫНДАҒЫ "СЫЙЛЫҚ" ПА?

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің пікірінше, отставкаға кеткен үкімет мүшелері мемлекет деңгейіндегі тұлғалар деп сипаттауға келмейтін қоңыртөбел шенеуніктер болған. Сарапшы кеткен үкіметтің "жұмысын нашар атқарып", "халықпен тіл табыса алмай", дағдарыс кезінде "дөрекі мәлімдемелері" арқылы отқа май құйғанын айтады.

- Еңбек министрі Forbes ("Форбс") журналының мұқабасында өзін жарнамалағанша шахтаға түсе білуі керек, - дейді ол Астанадағы өрт кезінде болған оқиғаны есіне алып. Кәмелетке толмаған бес қыз қаза болған сол бір қайғылы оқиғамен қабаттасып Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың суреті "Форбс" журналында жарияланған еді. Бұл жағдай қоғамның бір бөлігінің ашу-ызасын оятқан.

Нұрмұхамедов үкіметтегі жетекші рөлге ие экономика мен қаржы министрлерінің атқарған істерінен қоғамның хабарсыз қалғанына назар аударады.

Саясаттанушының пайымдауынша, билік "дағдарысты" ақпанның 27-сінде өтетін "Нұр Отан" партиясының съезі қарсаңында қаттырақ сезіп отыр. Әдетте президентшіл билік партиясының негізгі жиыны қарсаңында "толағай табыстар" туралы баяндамалар "сый" ретінде тартылып жатады.

- Мына жағдайда халықты тыныштандыру үшін съезд алдында "сыйлық" ретінде "кәсіби жарамсыз" үкіметті құрбандыққа шалуға тура келді, - дейді Нұрмұхамедов.

Мәжіліс депутаты, "Халық коммунистері" фракциясының жетекшісі Владислав Косарев үкіметті әлдеқашан отставкаға жіберу керек еді деп санайды.

- Мемлекеттік органдар мұқтаж, көп балалы, еңбекқор адамдардан теріс айналмауы тиіс. Адамға қамқор болу - еңбек өнімділігін арттырудың, өнеркәсіпті дамытудың және осылайша халықтың әл-ауқатын жақсартудың тиімді тәсілі, - дейді Косарев.

Депутаттың сөзінше, отставкаға кеткен үкімет бұл тарапқа түрен салмаған, "әлеуметтік мәселе атаулы өз бетімен шешіледі" деп қарап отыра берген. Косарев әдетте үкіметтің отставка туралы әуелі мәлімдеме жасап, сосын оны президенттің қабыл алатынын, ал мына жағдайда керісінше болғанын айтады.

- Президент үкімет отставкаға кетуі тиіс деген соң [кабинет] жиын ашты да, тұтас құрам болып тарау туралы шешім қабылдады, - дейді ол.

Қазақстан үкіметі тараудан тоғыз-ақ күн бұрын ішкі істер министрі өзгерген еді. Ақпанның 12-сінде бұл органды сегіз жылдай басқарған Қалмұханбет Қасымов президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалған. Оның орнын бұрынғы вице-министр Ерлан Тұрғымбаев басқан.

Бақытжан Сағынтаев 2016 жылғы қыркүйектен бастап үкімет басқарып келген. Ал премьер-министр міндетін уақытша атқарушы Асқар Мамин сол уақыттан бері вице-премьер қызметінде отырған, оның алдында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарған. Президент Назарбаев қаңтардың 30-ында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Сағынтаевтың кабинетін қатты сөккен еді. Отставкаға жіберу ықтималдығы туралы сөз сол кезде айтылып қалған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG