Accessibility links

Сағынтаев үкіметін "көнбіс кабинет" деп бағалады


Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкіметтің кеңейтілген жиынында. Астана. 30 қаңтар, 2019 жыл
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкіметтің кеңейтілген жиынында. Астана. 30 қаңтар, 2019 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметтің кеңейтілген жиынындағы пікірі қайшылықты сипатымен ерекшеленді. Үкіметті «қорқақ» деп атап, наразы екенін білдіріп, қызметтен кетуін талап еткен президент жиын соңына дейін райынан қайтып үлгерді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі үкімет пен оның басшысы мұндай «шабуылға» үйренген, сондықтан кабинеттің қызметтен кете қоюы екіталай.

Қаңтардың 30-ы күні Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті сынап, «қорқаққа» теңеді. Жиында үкіметтің жұмыс қорытындысы туралы баяндаманы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев емес, оның орынбасары Ерболат Досаев жасады. Былтыр мұндай баяндаманы Сағынтаевтың өзі жасаған болатын. Сонда президент премьерді «өзіндік сыны жоқ» деп айыптаған.

Бұл жолы Сағынтаев көп сөйлемеуге тырысты. Президент министрлердің орнын ауыстырғаны үшін премьерді орнынан тұрғызып: «Бақытжан, қаржы министрі үстелдің шетінде отырмауы керек, оның орны вице-премьерден кейін» деген ескертуін де үнсіз тыңдады.

Азаттық хабарласқан сарапшылар президенттің үкімет мүшелерінің үнсіздігіне қатысты пікіріне еш таңқалмайды, мұндай мінез-құлық Қазақстан шенеуніктеріне тән дейді. Сағынтаевты үкімет басшысы етіп тағайындаған соң сарапшылар оның «техникалық» премьер болатынын және президенттің қалауын «мінсіз орындаушы» болатынын алдын ала болжаған еді.

АДАМ МЕН ЖҮЙЕ

Қазақстанның қазіргі премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев - Социалистік Еңбек ері және СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты Әбдір Сағынтаевтың ұлы. Бақытжан Сағынтаевтың билікте жүргеніне жиырма жылдан асып қалды. Ресми өмірбаянына қарағанда, шенеунік болғанға дейін Сағынтаев Алматыда жоғары оқу орындарында сабақ берген, кәсіпкерлікпен айналысқан.

Бақытжан Сағынтаевтың мемлекеттік қызметтегі карьерасы табысты болды, бір лауазымда ұзақ отырмады. 1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған ол бір жылдан соң Астанада басшылық қызмет атқарды. Сағынтаев 2004 жылы табиғи монополияларды реттеу агенттігін басқарып, 2007 жылы премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болды.

2008-2012 жылдары Павлодар облысының әкімі болған ол кейін Астанаға оралып, президентшіл «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды, одан соң министр, вице-премьер болып, 2016 жылдың қыркүйегінде премьер-министр болып тағайындалды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған сәті. 19 шілде, 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған сәті. 19 шілде, 2018 жыл

Ардагер саясаткер, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин Сағынтаевтың қайын атасы Қаратай Тұрысовпен жақсы таныс болғанын айтады. Әбділдин беделі мықты Тұрысовтың күйеу баласының мемлекеттік қызметте карьера жасауына ықпал етуі мүмкін болғанын теріске шығармайды.

Қазақстан БАҚ-ы Сағынтаевтың күйеу баласы деп атаған Бақыт Ибрагимнің карьерасына премьер-министр ықпал етті ме? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.

Бақыт Ибрагим 2008 жылы Сағынтаевтың үлкен қызы Меруертке үйленді. Ашық дереккөздерден алынған дерек бойынша, кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің тасы өрге домалаған, 29 жасында ол коммерциялық Qazaq Banki банкінің ортақ иегері болды.

Былтыр Ибрагимді ақша жымқырды деп айыптап, іздеу жариялады. Артынша ол Германиядан экстрадицияланды. Кезінде ол басқарған және акционері болған банк те мәжбүрлікпен тарады. Бақытжан Сағынтаев пен оның отбасы мүшелері Бақыт Ибрагимнің ісіне қатысты пікір білдірмеді.

Назарбаев қаңтардың 30-ы күні үкіметтің кеңейтілген отырысында банк акционерлерінің «ұрлығы» туралы айтып, бағыныштыларын банктің қадағалау сапасы үшін сынаған кезде Сағынтаевтың күйеубаласын тұспалдады ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.

«Банк жұмыс істеп тұрғанда акционерлер ақшаны шығармауы керек, ұрламауы керек. Бұл не сұмдық? Тапа-тал түсте алып кетеді. Біз не қарап отырмыз? Мүлдем дәрменсіз екенбіз. Экономиканы банкрот болудан тазартып алмай, дамымаймыз. Үкімет те, банктер де сүріне береді», - деген Назарбаев «мемлекет банктерге көмектеспеуі керек» деген мәлімдемесін тағы да қайталап (кейбір банктерге билік бәрібір көмектесіп жатыр), шенеуніктерге қатты ұрысты.

«Сендер үкімет емес, министр емес, қорқақсыңдар! Онда не үшін жұмыс істеп жатырсыңдар? Банктердің бәрін тазартыңдар. Сонда өз міндеттеріңді адал атқарды деп санап, қызметтен кетесіңдер. Соны жұмыс деуге болады», - деді Назарбаев алдында отырған үкімет мүшелеріне қарап (алайда банк қызметін бақылау – Ұлттық банктің міндетіне кіреді). Сонда министрлер де, залда отырған басқалар да қарсы пікір айтпады.

ПРЕМЬЕРДІҢ «ТЕХНИКАЛЫҚ РӨЛІ»

Серікболсын Әбділдин Назарбаевтың мұндай эмоционалды әдісті советтік кезеңде де қолданғанын айтады. Бірақ сол кезде «басқару жүйесі нәтижелі" болған. «Қазір теңдік бұзылған, сондықтан кез келген премьер-министрді қанша түрткілесе де, ештеңе істей алмайды» дейді Әбділдин.

Серікболсын Әбділдин
Серікболсын Әбділдин

Бірақ ол Сағынтаевты көпшілік алдында сынаудың нәтижесінде ол қызметтен кетеді деп ойламайды. Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Бақытжан Сағынтаев президенттік сайлау біткенше (мерзімінен бұрын өтуі ғажап емес) премьер болып қалуы мүмкін.

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев кейінгі премьер-министрлер (Әкежан Қажыгелдиннен басқасы) техникалық рөл атқарды дейді.

- Кез келген премьер-министр тұсындағы президенттің сөзіне қарасаңыз, үкіметті де, премьердің өзін сынау да – стандартты. Бұл жағынан алғанда Сағынтаевтың басқалардан айырмасы жоқ. Мүмкін қатты қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде премьер-министр болған және жағдайды түзету міндеті жүктелген Кәрім Мәсімовтен айырмасы бар шығар. Сағынтаев біршама қолайлы қаржы-экономикалық жағдайда қызметке келді, дағдарыстың беті қайтып, мұнай бағасы өсе бастады. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан экономикасы табысқа жеткен жоқ, - дейді Сәтпаев.

Билікте де, оппозицияда да болған Петр Своик 2016 жылдың қыркүйегінде Бақытжан Сағынтаев премьер болған кезде одан экономикалық жетістік күтпейтінін айтқан еді. Екі жарым жылдан соң Своик Сағынтаевтың «үмітін ақтағанын» айтады.

- Үкіметте еш бастама жоқ, істің өздігінен бітуін күтеді, төменнен – қоғам тарабынан, жоғарыдан – президент тарабынан (үкімет мүшелерін «қорқақ» деп атаған) кез келген «сөгісті» естіп, шыдауға даяр. Үкімет пен оның басшысы соның бәріне төзіп, үнсіз отыр. Ол қазіргі жағдайға лайық. мінсіз премьер, - дейді Петр Своик.

Журналист Розлана Таукина Сағынтаевты «кландық-жемқорлық жүйеге икемделген тілалғыш, көнбіс шенеунік» деп сипаттайды.

- Сағынтаев сияқты адамдар мұндай жүйеде тек атқарушы болады, кез келген сынды, сөгісті, дөрекі сөзді көтереді, - дейді ол.

ПРЕЗИДЕНТ «ЖАҚСЫ», ҮКІМЕТ «ЖАМАН» БА?

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов үкіметтің басты мәселесі – біртұтас экономикалық концепцияның жоқтығы деп санайды. Оның айтуынша, президент Назарбаев үкімет алдына нақты мақсат қояды, ал үкімет оған жету құралын жасай алмай жатыр.

- Осындай қорқақтық туралы қатаң айыптау мен сыннан соң үкімет жағынан ешкім, соның ішінде Сағынтаевтың өзі де бар, қызметтен кету туралы мәлімдемеді. Содан соң президент: «жұмыс істеңдер» деді. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Оны қайтара алмайсың, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Бөріхан Нұрмұхамедов
Бөріхан Нұрмұхамедов

Дегенмен де Нұрмұхамедов қатты қапаланбауға шақырады, себебі нарығы тұрақты, дамыған елдердің өзінде қаржы-экономикалық дағдарыстар болып тұрады.

Сенат депутаты Асқар Бейсенбаев президенттің үкіметті сынауы Назарбаевтың министрлер кабинетіне наразы екенін білдірмейді дейді.

- Егер мемлекет басшысы үкіметтің қызметіне риза болмаса, ол қызметтен кетер еді. Президент оларды сынау арқылы жұмыс істесін, қатесін түзетсін деді. Солайша үкіметке үлкен мүмкіндік берілді, - дейді Бейсенбаев.

Сенат депутаты Сергей Громов үкіметтің атына айтылған сынды орынды санайды.

- Үкімет өзіне жауапкершілік алуы керек, министрлер атқарушы билік ретінде сол билікті қолдануға тиіс.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, мәселе үкіметте, оның басшысы мен министрлерде емес, «мемлекеттік басқару жүйесі мен барлық деңгейдегі басқарудың нашарлығында» болып тұр. Мұндай жағдайда премьер-министр - «жүйе тұтқыны», ол өзгерістер мен реформалауға әзір емес.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG