Accessibility links

Қасымов кетті ме, әлде қалды ма?


Қалмұханбет Қасымов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. 19 сәуір 2017 жыл.
Қалмұханбет Қасымов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. 19 сәуір 2017 жыл.

Сегіз жылға жуық Қазақстан ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Бұл тағайындауға қатысты сарапшылар не дейді?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қалмұханбет Қасымовтың орнына ішкі істер министрі болып Ерлан Тұрғымбаев тағайындалды. Тұрғымбаев алты жыл көлемінде ішкі істер министрінің орынбасары болған.

ҚАСЫМОВ ЖӘНЕ ІІМ

61 жастағы Қасымов ішкі істер министрлігіне 2011 жылы сәуір айында келген. Сегіз жылдың ішінде Қасымов басқарған министрлік бірнеше рет қоғам сынына ұшырады. Оның отставкаға кетуін талап еткендер де көп болды. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция ереуілге шыққандарға оқ атып, 16 адам мерт болған. Бұл оқиғаға қоғам әлі күнге дейін Қасымов басқарған министрлікті айыптайды.

Қазақстанда болған жер митингілері мен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық кезінде белсенділерді ұстау, көшеге шыққандарды қудалау оқиғаларына да Қасымовты айыптады. 2018 жылы жазда мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының жүлдегері Денис Тен кісі қолынан қаза тапқаннан кейін қоғам жаппай Қасымовтың отставкасын талап етті.

Бірақ толассыз сынның астында қалса да, Қасымов қызметін жалғастыра берді. 2018 жылы көктемде Қазақстан президенті Назарбаев халыққа жолдауы кезінде Қасымовты "ең тәжірибелі полицей" деді.

Қалмұханбет Қасымов.
Қалмұханбет Қасымов.

​Парламенттің бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталованың ойынша, 2000 жылдары Алматы қаласы ішкі істер басқармасының басшысы кезінде Қасымов өзін "оппозицияның қуғыншысы" әрі "басшының қауіпсіздігін күзетуші" ретінде көрсеткен.

Батталованың пайымдауынша, Назарбаев сенімді серігі Қасымовты сын садағынан құтқарып, өзінің маңында қалдырған.

- Қасымовтың кеткені ішкі істер министрлігіндегі мәселелерді шешпейді. Қасымов кетсе де, бұл сала үлкен реформаға мұқтаж, - дейді ол.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов ішкі істер министрлігіне реформа жасау басқа адамның қолына көшкенін айтады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, Қасымовтың басқа қызметке ауысуы – оны қоғам сынынан құтқару және күштік құрылымдардың салмағын теңестіру әрекеті. Сәтпаевтың айтуынша, Қасымов қылмыстық – атқару жүйесі комитеті мен төтенше жағдайлар министрлігін өз қарамағына алып, ІІМ-ді өте ауыр күштік құрылымға айналдырды. Саясаттанушының ойынша, Қасымов – Қазақстандағы ықпалды адамдардың бірі

- Осының бәрі күштік құрылымдарды тепе-теңдіктен айырды. Президент Назарбаев Қасымовты министр қызметінен алып, тепе-теңдікті қалпына келтірді, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев бұл тағайындауды "кадрларды жаңалау" деп бағалады.

- Бұл – пайдалы іс, себебі ұзақ отырғандарға көп сын айтылса, негативтер кеселге ұшыратады, - дейді депутат.

Билікте де, оппозицияда да болған 71 жастағы экономист Петр Своиктің пайымдауынша, Назарбаев қоғам сынына қарамастан "кадрларды өз бетінше тағайындайтынын және сенімді нөкерлерін сатпайтынын" көрсетті.

ҚАСЫМОВТЫҢ ХАТШЫЛЫҚТАҒЫ МІНДЕТІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Қасымов хатшылыққа тағайындалған Қауіпсіздік кеңесі 2018 жылы шілдеде консультативтік-кеңесші органнан конституциялық органға айналған.

Қауіпсіздік кеңесіне елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету ғана емес, "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғау" жауапкершілігі де жүктелген. Кеңесті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқарады.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пайымдауынша, Қауіпсіздік кеңесінің күші әр отырыс сайын артып келеді және Қасымовтың тағайындалуынан кейін беделі өсе түседі.

Досым Сәтпаев.
Досым Сәтпаев.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығын "техникалық және екінші разрядтағы" қызмет деп атады. Бірақ Сәтпаев Қасымовтың келуімен бұл қызметтің салмағы артады деп болжайды.

Құқық қорғаушы және журналист Сергей Дуванов "Қасымовтың хатшылықтағы міндеті – билік транзиті кезінде күштік құрылымдарды қатаң бақылауда ұстау" дейді.

Дувановтың ойынша, Назарбаев алдағы уақытта президент креслосынан Қауіпсіздік кеңесі төрағасы креслосына ауысады да, Ирандағы аятолла сияқты ұлт көшбасшысы болмақ.

Сергей Дуванов.
Сергей Дуванов.

- Демек, Назарбаевқа алдағы уақытта сенімді "нөкері" Қасымовтың көмегі қажет болады, - дейді Дуванов.

Петр Своиктың ойынша, Назарбаевтың Қасымовты Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына тағайындауы оған сенетінін білдіреді.

- Қасымовтың хатшылықтағы салмағын және рөлін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы анықтайды. Назарбаев кезінде Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшесі, оның ішінде Қасымов та "жеке саяси тұлғаға" айнала алмайды, - дейді ол.

Саясаткер Зәуреш Батталованың ойынша, генерал Қасымов қызметін ауыстырса да, полициялық келбетін жоғалтпайды және азаматтық белсенділерді қудалау жалғаса береді.

Ал мәжіліс депутаты Владислав Косаревтың айтуынша, Қасымов лайықты орынға барған.

- Елдің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрбір мәселені шешуге Қасымовтың қауқары жететін болады. Ол бәлкім қоғамдағы мәселелерді және құқық қорғау органдары жетекшілерінің қателіктерін біледі. Қасымов осы мәселелердің бәрін шешеді, - дейді депутат.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG