Accessibility links

Кедейлерді билік "азайтып", халықаралық есеп "көбейтіп" көрсетеді


Ақтөбеде қайыр сұрап отырған әйел. (Көрнекі сурет)

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми дерегіне қарағанда, өңірде биыл кедейшілік шегіндегі адамдар кейінгі екі жылдың тиісті мерзімдерін салыстырғанда екі жарым еседей азайған. Ал Дүниежүзілік банк мәліметіне қарағанда, Қазақстанда кедейлер көбейіп, олар халықтың 19 пайызынан асқан. Жергілікті әлеуметтанушы билікке емес, халықаралық есептің дерегіне сенуге бейіл.

Ақтөбе қаласының 38 жастағы тұрғыны, үш баланың анасы Мәдина «тәулігіне мың теңгеге жетер-жетпес табыс табатынын» айтады. Оның азаматтық некедегі күйеуі 10 жылға сотталып кеткен. Жұмыссыз әйел содан бері үш баласын жалғыз асырап келеді.

Кедейлерге қатысты екі түрлі көрсеткіш
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00
Жүктеп алу

Сегіз, жеті және төрт жастағы үш бала өсіп жатқан отбасының үш жылдан бері тұрақты табысы жоқ. Жалғыз қалған Мәдина балаларын бәліш, бауырсақ, құймақ пісіріп сатып асырайды. Оның айтуынша, «тәулігіне табатын мың теңгесі төртеуінің ас-суларынан артылмайды».

Анам мен бауырларым көмектеспесе, күніміздің не боларын кім білген.

- Әпкемнің екі бөлмелі пәтерінде тұрып жатырмыз. Күн салқын кездері коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге төлейміз, одан бөлек қызымның балабақшасына ай сайын 10 мың теңге жұмсаймыз. Балалардың киім-кешегі бар... Анам мен бауырларым көмектеспесе, күніміздің не боларын кім білген, - дейді ол.

Мәдинаның төркін жұрты Маңғыстау облысында тұрады. «Ауылдастарым тұрмақ, ағайындарымның да көпшілігі менің күйеуімнің сотталып кеткенінен бейхабар» деген ол суретке түскісі келмеді. Тегін де атамауды өтінді. Оның үш баласының үлкені Әли биыл сегізге толады. Кішісі Айша төрт жаста.

- Қызым жасқа толғаннан кейін әкесі істі болды. Қазір Жем қаласындағы қатаң режимді колонияда. Балаларға «әкелерің әскерге кетті, құпия қызмет командирі болғандықтан бізге келе алмайды» дедім. Әзір кішкентай болғандықтан, айтқаныма сеніп жүр. Абақтыға жылына бір-екі рет барып тұрамыз. Күйеуім бостандықта жүргенде жұмыс істеп көргенім жоқ. Ал сотталып кеткеннен кейін үйелмелі-сүйелмелі үш баламен үйден мүлдем шыға алмай қалдым, - дейді Мәдина.

Күйеуім бостандықта жүргенде жұмыс істеп көргенім жоқ. Ал сотталып кеткеннен кейін үйелмелі-сүйелмелі үш баламен үйден мүлдем шыға алмай қалдым.

Кішісі үш жасқа толғанша Мәдина мемлекеттен ай сайын бала басына 1900 теңгеден жәрдемақы алып тұрған.

- Айша үшке толғасын «енді жұмысқа шығуыңыз керек» деп жәрдемақыны тоқтатып тастады. Жұмысқа шығатындай мүмкіндігім болса, бір күн де отырмас едім. Балаларым кішкентай. Бірін мектепке түске дейін, бірін түстен кейін тасимын. Балабақшамыз тағы бар. Бала күтуші жалдасам, жалақымның бәрін соған берген болар едім, - дейді ол бәліш пісіріп тұрып.

Мәдина үш баласымен бірге тұрып жатқан ескі пәтердің ас бөлмесінде үнемі от жанып тұратындықтан, тұсқағазы мен кафелдері түсе бастаған. Қабырғаларына май иісі сіңіп қалғаны аңғарылады. Мәдина үйінің іргесіндегі азық-түлік дүкеніне тапсырмақ боп пісіре бастаған бәліштерді табадан түскен бетте төргі бөлмеде теледидар көріп отырған үш бала кезек-кезек алып кетіп жатты.

Азаттық тілшісінің «сіз өзіңізді кедей деп санайсыз ба?» деген сауалына алғашында тосылып қалған әйел «мен сияқты күнін әрең көріп жүргендер толып жатыр» деп қысқа қайырды. Оның сөзіне қарағанда, «табысы кедейлік шегінен төмен болса да мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмайды. Яғни, ресми есеп-қисапқа алынған кедейлердің санатында жоқ».

БИЛІК МӘЛІМЕТІ

Ал жергілікті биліктің есебінше, биыл 1-тоқсанда Ақтөбе облысында табысы кедейлік шегінен төмен 35 отбасы болған. Осы отбасылардың 140 мүшесі мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Осы 140 адамға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жергілікті бюджеттен осы кезге дейін бір жарым миллион теңге бөлінген. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлім Сексенбаева:

- Табысы кедейлік шегінен төмен азаматтардың 80 пайызы – жалғызілікті аналар. Кейбірінің күйеуі сотталып кеткен, енді бірі жолдасымен ажырасқан. Біз оларды жұмысқа тұрғыза алмаймыз. Өйткені, кішкентай балалары бар. Қолымыздан келетіні - қайырымдылық шараларынан қалыс қалдырмау ғана. Биылдыққа осындай 93 азаматқа 359 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді, - дейді.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлім Сексенбаева. 2017 жылдың мамыры.
Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлім Сексенбаева. 2017 жылдың мамыры.

Гүлім Сексенбаеваның айтуынша, «Мамандар отбасының өткен тоқсандағы табысын алдымен үш айға бөледі. Сосын ол соманы жан басына шағып есептейді. Сол кезде отбасының жан басына шаққандағы табысы 8172 теңгеден төмен болса, ол отбасы кедейшілік шегінен төмен тұратындар санатына енеді». Алайда шенеунік үш баласын әрең бағып отырған Мәдинаның жайына келгенде:

- Заң талабы сондай. Баласы үшке толған әйел жұмысқа шығуы керек. Жұмысқа шыға алмай отыр екен деп ол әйелге жәрдемақы төленетін болса, заң талабын бұзған маман жауапқа тартылады, - деп жауап берді.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы дерегінше, 2016 жылы 1-тоқсанда Ақтөбе облысының «311 тұрғыны (75 отбасы) кедейшілік шегінде болған». Биылғы 1-тоқсанда «әлеуметтік қолдау көрсетілген 140 адамнан» бұл екі жарым еседей көп. Гүлім Сексенбаева «басқарманың былтыр осы тізімдегі үш адамды жұмысқа тұрғызуға көмектескенін» айтады. Маман олардың қазіргі тұрмыстарынан бейхабар. Азаттық тілшісінің «облыс аумағында биыл тізімге енбей қалған адамдар да болуы мүмкін бе?» деген сауалына шенеунік «біз басқармаға құжат тапсырғандарды ғана есепке аламыз» деп жауап қайтарды.

Ал ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов өзінің кедейлік туралы есеп жүргізбейтінін, бірақ бұл мәселе жайлы пікірін билік мәліметіне сүйеніп емес, қарапайым қисынға жүгіне отырып қалыптастыратынын айтады.

- Мен мамандардың өңірдегі кедейшілікке қатысты статистикасын жоққа шығара алмаймын. Жоққа шығару үшін қолымда дәлел болуы керек. Бірақ статистикадан өзге қисын деген де нәрсе бар. Меніңше, 800 мыңдай тұрғыны бар облыста сіңірі шыққан 140 кедей бар деген ешқандай қисынға келмейді. Мысалы, көше кезбелерін алып қарайықшы, тек облыс орталығының өзінде 140-тан анағұрлым көп бомж бар. Олар кедей емес пе? Кедей! Бомж болмаса да күнін әрең көріп жүргендер өз айналамда да баршылық, – дейді ол.

Жылу құбырының үстінде ұйықтап жатқан көше кезбелері. Ақтөбе, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жылу құбырының үстінде ұйықтап жатқан көше кезбелері. Ақтөбе, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Дүниежүзілік банктің мамырдың 17-сі күні жариялаған есебіне қарағанда, Қазақстанда 2016 жылы кедейлік деңгейі бұрынғыдан көбейіп, 19,8 пайызға жеткен. Дүниежүзілік банк есебіне қарағанда, Қазақстанда 2016 жылы елде жұмыспен қамту деңгейі 0,5 пайызға төмендеген. Бұл деректерге қарағанда, кейінгі жылдары қазақстандықтардың жұмысқа тұру мүмкіндігі мен табысы азайған. Экономикалық қиындықтардың зардабын алдымен әйелдер мен жастар көріп отыр. Еңбек нарығындағы әйелдердің үлес салмағы 2014 жылы 66,4 пайыз болса, 2015 жылы 65,7 пайызға дейін азайған. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2013 жылы 6,8 пайыз болса, 2015 жылы 8,3 пайызға көбейген.

Ақтөбе облысында кедейлік шегі – ең төменгі күнкөріс деңгейінің (20 431 теңгенің) 40 пайызы, яғни 8172 теңге болып белгіленген. Ал БҰҰ стандарты бойынша, кедейлік шегі – жан басына шаққанда күніне 5 доллар (яғни 47 000 теңге.

XS
SM
MD
LG