Accessibility links

Қарағанды облысы зейнеткерлерінің бастамашыл тобы тұрмысы ауыр қарт адамдардың жағдайын жақсартуды алты айдан бері талап етіп жүр. Бұл мәселені жергілікті деңгейде шешуге талай рет талаптанып көргеннен кейін олар парламент пен үкіметке жүгінген.

Қарағанды облысындағы қалаларда тұратын зейнеткерлердің бастамашыл тобы жуырда осыған қатысты өтінішті Қазақстан үкіметі мен парламентіне пошта арқылы жолдаған. Хатқа Қарағанды, Шахтинск, Сарань, Абай және Теміртау қалаларында тұратын 74 адам қол қойған. Олардың көбі облыстағы негізгі өнеркәсіп ошақтары саналатын көмір өндіретін және металлургиялық кәсіпорындарда кезінде жұмыс істеген жандар.

Зейнеткерлер биліктен ақшалай атаулы көмек немесе ақылы қызметтерді көрсетуге жеңілдік жасау арқылы жасы 75-тен асқан зейнеткерлер мен еңбек ардагерлерінің материалдық жағдайын жақсартуды сұрайды. Олардың өзгерістер енгізуді жергілікті деңгейде талап еткен әрекетінен әзірше нәтиже шықпаған.

САРЫ МАЙДЫҢ ОРНЫНА - МАРГАРИН

Қазір Қарағанды қаласының өзінде ғана 77 мыңдай зейнеткер тұрады. Белсенділердің айтуынша, олардың жартысына жуығы 35-40 мың, ары кетсе 50 мың теңге көлемінде зейнетақы алады әрі тұрмысы елде белгіленген кедейлік шегінен де ауыр.

Теміртауда тұратын 87 жастағы зейнеткер Раиса В. ай сайын алатын 38 мың теңге зейнетақысы жайлы айтуға құлықсыз. Ол «ауыр жағдайымызды айтып, шағымданғаннан бірдеңе өзгерер дейсің бе?» дейді.

- Ғұмыр бойы зиянды өндірісте жұмыс істеп, ақыр соңында мардымсыз зейнетақымен қалғаныма, әрине, ренжимін. Бұған қоса, зейнетақы мен жәрдемақы көбейеді екен деген сөз шықса болды, бәрінің бағасы қымбаттап шыға келеді. Мұны неге ешкім қадағалап, тыйым салмайды осы? - дейді ол.

Бастамашыл топ өкілі Виктор Чайка «Ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің көбі нағыз сары майдың дәмін баяғыда ұмытқан, оның орнына арзан маргарин, ал құнарлы шұжық пен ірімшіктің орнына ішек-қарыннан жасалған шұжық пен шұжық түрінде жасалған балқытылған ірімшік сатып алады» дейді.

Ет, балық және кондитер өнімдерін сатып алуға зейнеткерлердің көбінің шамасы жоқ.

- Кезінде ел игілігі үшін көп еңбек сіңірген зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне обал, жағдайын көріп ренжисің. Лайықты өмір сүретін шақтарында өлместің күйін кешіп отыр. Көшеде қайыр-садақа сұрап тұрған қарттарды жиі көруге болады, - дейді Қарағандыдағы ардагерлер кеңесін (бұл ұйымға Қарағанды облысындағы көмір саласы жұмысшылары да кіреді) басқаратын Виктор Чайка Азаттыққа.

Оның сөзінше, зейнеткердің онсыз да«жұқа әмиянын», әсіресе коммуналдық және медициналық қызметтер «жұтатып» барады.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ

Бір топ зейнеткер «Еңбек ардагерлері туралы», тұрмысы нашар азаматтар үшін «Мейірімділік пен қайырымдылық туралы», «Соғыс жылдары дүниеге келген балалар мен жетім балалар туралы» заңдарды қабылдап, «Ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы» жаңа заңды 2017 жылы қайта қарап, бекітуді, кедейліктің ең төменгі шегін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан кем емес деңгейде белгілеуді сұрайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға баспана иелері 70 жастан асқаннан кейін үйді күрделі жөндеуге арналған жинақтау қорына ақша аударудан босату сияқты толықтырулар енгізуді ұсынады.

Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан зейнеткерлер. 20 наурыз, 2016 жыл.
Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан зейнеткерлер. 20 наурыз, 2016 жыл.

Зейнеткерлердің бастамашыл тобы дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу тәртібін енгізуді, 1990 жылдары ең аз зейнетақымен зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер үшін ең аз зейнетақы мөлшерін 60-70 мың теңге көлемінде қарастыруды, зейнетақыны болжамды емес, нақты инфляция деңгейіне қарай индекстеуді сұрайды.

Белсенді зейнеткерлер әлгі заңдар қабылданғанға дейін тұрмысы нашар азаматтар мен еңбек ардагерлерінің материалдық жағдайын жақсарту іс-қимылдарының жоспарын құру жайлы ұсыныс айтқан. Олар жылудың ақысын пәтердің жалпы аумағы емес, тек тұрғын аумағына қарай есептеуді, емханалардағы физиологиялық және ультрадыбыстық әдіспен тексеру (УДЗ) кабинеттерінде емдік процедуралар үшін алынатын төлемді 50 пайызға арзандатуды немесе бұл қызметтерді тегін көрсетуді, жасы 80-нен асқан зейнеткерлерден коммуналдық қызмет ақысын төлегені үшін алынатын комиссиялық сыйақыны және жолақысын алып тастауды ұсынады.

БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Билік зейнеткерлердің проблемаларын түсінетінін айтқанымен, олардың тиісті ұсынысқа жауабына қарап, жуық арада әлдебір өзгерістерден үміт күтуге болмайтын сияқты.

Қарағаны қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жолдаған хатта «Бұл мәселені реттеу және зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне арналған жеңілдіктер қарастыру үшін кей нормативті актілерді республика деңгейінде қарап, қабылдау қажет әрі бұл қызмет түрлерін ұсынатын мекемелермен тиімді диалог орнатуға да көмектесер еді. Жауапқа келіспеген жағдайда, жоғары сатыдағы органға жүгінулеріңізге болады немесе сотқа шағымдана аласыздар» делінген.

Денсаулық сақтау саласы шенеуніктері жауабында қарттар кей жеңілдіктерді пайдаланады делінген. «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» компанияларының жергілікті филиалдары Астанадағы бас кеңселеріне жүгінуді ұсынған. Коммуналдық қызмет көрсететін кей кәсіпорындар зейнеткерлердің бастамашыл тобының өтініштеріне мүлде жауап бермеген немесе «жеңілдіктер қарастыру мәселесі біздің құзырымызда емес» деп түсіндірген.

Зейнеткер белсенділер «көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз» дейді. Олардың пікірінше, ондаған мың зейнеткердің тұрмысын жақсартуға көп қаржы кетпейді. Белсенді зейнеткерлердің үкімет пен парламентке жолдаған өтінішінде «бұл мәселелерді елемеу қоғамда әлеуметтік шиеленіске ұласып, жергілікті билік органдарына деген сенбестік тудырады» делінген.

Белсенділер жергілікті биліктің «Зейнеткерлер ай сайын ақшалай атаулы көмек алады» деген мәлімдемесіне «бұл соманы бір айға бөлсек, бір бөлке нан сатып алуға әрең жетеді» деген уәж айтады.

ШАХТАДА ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ЖАНДАР

Белсенділердің ұсыныстарын Шахтинск қаласында тұратын әрі өмір бойы шахтада, көбінесе кен өндіру учаскесінде жұмыс істеген 66 жастағы Борис Жуков та құптайды. Ол тыныс жолдарының созылмалы қабынуы, демікпе дертіне шалдыққан. Борис Жуков көмір жынысынан бөлінетін шаң-тозаң әсерінен екінші топ мүгедегіне айналған. Айтпақшы ол 80 мың теңгеге жуық айлық зейнетақысын азсынбайды. Жұбайы ай сайын шамамен 37 мың теңге зейнетақы алады.

Тариф мәселесін талқылап тұрған зейнеткерлер. Tеміртау. 13 мамыр, 2016 жыл.
Тариф мәселесін талқылап тұрған зейнеткерлер. Tеміртау. 13 мамыр, 2016 жыл.

- Бір жақсысы,әйелім екеуміз де зейнетақы аламыз әрі менің зейнетақым қомақты. Өмір сүруге жетеді, азсынбаймыз. Бірақ елде ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлер өте көп қой. Әсіресе жалғызбасты әйел болса, мұндай мардымсыз зейнетақыға қалай күн көреді? - дейді зейнеткерлердің бастамашыл тобы мүшелерінің бірі Борис Жуков.

Құрамында бірнеше елдімекен бар Шахтинск аймағында 9 мың зейнеткер тұрады. Борис Жуковтың мәлімдеуінше, зейнеткерлердің 30 пайызы ең аз зейнетақы алады. Бұған қоса, олардың көбі - шахтада көп жыл жұмыс істеген әрі зейнет демалысына 1998 жылға дейін шыққан жандар.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG