Accessibility links

Жоқшылықтағы отбасы елсіздегі иен үйге кіріп алған


Тамара Сейсенова мен оның келіні Айман Акмаш немерелерімен бірге елсіздегі шағын үйде отыр. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.

Шымкенттен екі-үш километр қашықта, қараусыз қойма ортасында тұрған 9 шаршы метрлік үйшікке екінші топ мүгедегі Тамара Сейсенова екі немересі және аяғы ауыр келінімен кіріп алған. Олар қараусыз қалған қойма аумағының кімдікі екенін білмейді. Өздерін ешкім қумағанына шүкір етеді. Әкімдік оларға айына 4660 теңге балалар жәрдемақысы берілетінін айтады.

Азаттық тілшісі бұл отбасыны Шымкенттен екі-үш километр қашықта, Дендросаябақ маңында цемент қоршау ішіндегі қараусыз қалған қоймалар аумағынан тапты. Журналист барғанда қоршаудың темір қақпасы жабық тұрды, тілшінің қоршау ішіне тесіктен өтуіне тура келді. Аумағы 10 гектардай иен жерде әбден тозып, құлауға айналған, кейбірі жартылай құлаған қоймалар қалқаяды. Олардың ортасында тіршілік белгісі бар жалғыз цемент үйшік көзге шалынады. Қоршаудан 500 метрдей жерде тұрған үйшіктің кезінде қандай қызмет атқарғаны белгісіз. Шағын екеніне қарап, электр трансформаторының қалқасы болды ма деген ой келеді.

Айман Акмаш балаларымен және енесі Тамара Сейсеновамен тұрып жатқан шағын үйдің кіреберісі. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.
Айман Акмаш балаларымен және енесі Тамара Сейсеновамен тұрып жатқан шағын үйдің кіреберісі. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.

Цемент үйшіктің кіреберіс даланы - 4 шаршы метр, ағаш, қаңылтырмен қалқалап жасалған оның жан-жағы шұрқ тесік. Сырттағы жауын тырсылы, желдің гуілі естіліп тұрады.

Ары кіргенде оң жақтағы ескі столда газ пеш пен ыдыс-аяқ тұр. Жанындағы кішкентай жәшікке азын-аулақ азық-түлік салынған. Сол жақ бұрышқа даладан жиналған отын мен аяқкиімдер қойылған.

Бес адам күнелтетін тамның көлемі - 9 шаршы метр. Үй ішінде темір пеш тұр. Пеш үстіне жіп керіліп, киімдер ілінген. Еденде - ескі кілем, төрде - көрпе-жастық. Құлазыған қойма аумағында бұлардан басқа тірі жан тұрмайды. Ең жақын деген үйлердің алыстан төбелері ғана көрінеді. Оған жеткенше бір километрдей жүру керек.

«КЕЙДЕ ЖЕРГЕ ТАМАҚ БОЛМАЙДЫ»

Онкология және туберкулез диспансерінде тіркеуде тұрған 49 жастағы екінші топ мүгедегі Тамара Сейсенова «иен жатқан бүл үйшікке 2012 жылы кіргендерін» айтты. Олардың Мақтарал ауданынан Шымкентке көшіп келгендеріне 10 жылдан асқан. Үш ұлы, бір қызы бар. «Балаларымның бәрі отбасылы, бәрі пәтер жалдап тұрады. Туберкулездің ашық түрімен ауырғандықтан, бірге тұруға болмайды деген. Бірге тұрмағанда қайда барамын, үлкен баламның қолына, осында келдім» дейді ол.

ВИДЕО: Елсіздегі жалғыз үй

- Баратын жеріміз болмаған соң осында кірдік. Тұрып жатқанымызға бес жыл болды. Осыларға нан-пұл болсын деп свалкада (қоқыс полигонын айтады – ред.) жұмыс істеймін. Жасырып нем бар, жұрттың тастаған қоқысын қазып темір, бөтелке теремін. Аптасына үй бетін бес күн көрмей төрт-бес мың теңге табамын, - дейді Тамара Сейсенова көзіне жас алып.

Ол бес күн қоқыс полигонындағы жұмысшыларға арналған орында жатады. Мүгедектігі үшін 35 мың теңгедей (110 АҚШ долларынан астам - ред.) жәрдемақы алады.

- Күйеуім менингиттен қайтыс болды. Балам жұмыс іздеп басқа қалаға кеткен. Келінімнің аяғы ауыр. Сол жақ көкірегіме онкологтар ота жасап, алып тастаған. Жұмыс істеме, ауыр көтерме, ыстыққа жолама деген. Амал жоқ, жұмыс істеп жүріп, туберкулез жұқтырдым. Мыналарға (немерелері мен келінін айтады – ред.) жұғып кете ме деп көбіне далада жүремін. Сонда да келінім мен үлкен немереме жұқтырып алдым, - дейді Тамара Сейсенова.

Тамара Сейсенованың немерелері, Айман Акмаштың балалары Еркебұлан (үлкені) мен Гүлсезім. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.
Тамара Сейсенованың немерелері, Айман Акмаштың балалары Еркебұлан (үлкені) мен Гүлсезім. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.

Тамара Сейсенова жұмысқа кеткенде, «күндері не болып жатыр екен» деп немерелерін уайымдайтынын айтады. «Шиеттей балалар ғой. Не болды екен деп алаңдаймын. Кейде басым ауырып, аяғымды баса алмай қаламын. Құлап қалмайын деп укол салдырамын да, қайта жұмысқа шығамын» дейді ол.

- Мұнан қуса қайда барамыз? Кімді паналаймыз? Кімнен көмек сұраймыз? - деген Тамара Сейсенова «бір ай бұрын үй кезегіне тұрғанын, оның нөмірі әлі шықпағанын» айтты.

Тамара Сейсенованың келіні 24 жастағы Айман Акмаштың Азаттыққа айтуынша, «кейде жерге тамақ болмай қалады». Ондай кездерде дүкеннен қарыз алып амалдайды. «Суды сырттан тасып ішеміз. Тамақ болғанда, макарон мен картошка. Етті жылына бір-екі рет жейміз. Онда да балалар исі бар деп жемей қояды» дейді ол.

Айманның ас әзірлейтін бұрышы.
Айманның ас әзірлейтін бұрышы.

- Мұнда балам жасқа толғанда көшіп келдік. Қызым осында туды. Аяғым ауыр. Дәрігерлер бұл баланың да жүрегі дұрыс соқпай тұр дейді. Қасымызда үй жоқ. Түнде иттер шулағанда қатты қорқамыз, - дейді Айман.

Ол «жиі әлсірей беретінін, кейде қоғамдық көлікке мінгенде жүрегі айнып құлап қалатынын» айтады.

- Күйеуім жұмыс іздеп үнемі басқа қалаға кетіп қалады. Енемнің тапқан табысы мен балалар жәрдемақысын амалдап отырмыз, - дейді ол.

МАМАНДАР МӘЛІМЕТІ

Шымкент қаласындағы туберкулез диспансері бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Нұржановтың айтуынша, 1968 жылы туған Тамара Сейсеновадан «2012 жылы туберкулездің ашық түрі анықталған». 2013 жылы науқасқа ем жасалып, 2014 жылы диспансерлік есептен шығарылған.

Еркебұлан мен Гүлсезім үй артында ойнап жүр.
Еркебұлан мен Гүлсезім үй артында ойнап жүр.

- Ол кісінің қазіргі жағдайы, қайда барды, кімге қаралып, емделді – ол жағы бізге белгісіз, - дейді ол.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Нұржанова да бұл отбасы туралы хабардар болып шықты. Оның Азаттық тілшісіне айтуынша, Айман Акмаш кәмелет жасқа толмаған екі баласы болғандықтан, жалғызілікті ана саналады. Екі балаға жәрдемақы тағайындалған.

- Әр балаға айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни бір балаға айына 2383 теңге (8 долларға жуық) төленеді, - дейді Гүлдана Нұржанова.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Нұржанова. Шымкент, 3 ақпан 2017 жыл.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Нұржанова. Шымкент, 3 ақпан 2017 жыл.

Шенеунік сөзінше, бұдан бөлек, бұл отбасының «аз қамтылған топтарға» берілетін атаулы көмек алуға құқығы бар. Оның көлемі отбасындағы әр адамға - 8391 теңге (26 доллар). Гүлдана Нұржанова «ол үшін Айман құжат жинауы керек» дейді. Оның сөзінше, «Шымкент қаласында күнкөріс деңгейінің (айына 24 мың 459 теңге – ред.) 40 пайызына тең кедейлік шегінде өмір сүріп, атаулы әлеуметтік көмек алғандар саны - 2015 жылы 191 отбасы, яғни 834 адам; 2016 жылы 178 отбасы, яғни 751 адам болған». Биыл ондай жәрдемді 363 адам алған. Мамандар жоқшылыққа ұрыну себептерінің бірі жұмыссыздық екенін айтады.

Қабырғада ілулі тұрған заттар.
Қабырғада ілулі тұрған заттар.

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нәзира Сейдуллаеваның мәліметінше, аз қамтылған азаматтар үш санатқа бөлінеді. Біріншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (24 мың 459 теңгеден) төмен, екіншісі – күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең азық-түлік себетінен төмен, үшіншісі – күнкөріс деңгейінің 40 пайызына тең кедейлік шегіндегі адамдар. Оның сөзінше, өңірде кедейлік шегінде өмір сүретін адамдар саны – 886. Олар атаулы көмек алады.

2016 жылы ОҚО-дағы кәлеметке толмаған балалары бар 68 мыңнан аса отбасы әр балаға айына 2 383 теңге көлемінде жәрдемақы алған. Сейдуллаеваның сөзінше, ОҚО-да бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, жәрдемақы алушылар жылдан жылға көбейіп бара жатыр. Мысалы, 2016 жылы 260 мың балаға осындай жәрдемақы төленген.

Айман балаларын құшақтап отыр.
Айман балаларын құшақтап отыр.

Азаттық тілшісін шығарып салған Айман Акмаш «Айы-күнім жақындап қалды. Ол баламды қайда сыйдырарымды өзім де білмеймін» деп, жапандағы жалғыз үйде қала берді.

Мақала жарияланғаннан кейін оқырмандар көмектесу мақсатында Азаттық редакциясынан отбасының байланыс телефондарын сұрады. Осы ретте, жәрдем бергісі келетін азаматтар үшін Тамара Сейсенованың рұқсатымен оның телефон нөмірлерін жариялаймыз: +7 707 478 74 52 , +7 705 231 74 54.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG