Accessibility links

Тозған тамда тұратын көпбалалы ана төсек тартып жатыр


Төсек тартып жатқан Ділбәр Құттыбайдың жанында отырған кенже балалары. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.

Шымкенттегі 46 жастағы, алты балалы әрі жалғызілікті ана Ділбәр Құттыбайдың онкологиялық ауруы асқынып, төсек тартып жатыр. Әкелері жоқ, аналары жұмысқа жарамайтын, балалары көшеден полиэтилен пакет жинап күн көретін бұл отбасы жайлы Азаттық бұған дейін жазып, көпшілік көмек науқанын ұйымдастырған еді.

2015 жылдың мамыр айынан бері Оңтүстік Қазақстан облысының онкологиялық диспансерінде тіркеуде тұрған Ділбәр Құттыбай - алты баланың анасы, оның бесеуі кәмелетке толмаған. Күйеуі төрт жыл бұрын қайтыс болған жалғызілікті ананың сырқаты асқынып, қазір төсек тартып жатыр.

ВИДЕО: Көпбалалы ананың науқасы меңдеп кетті

Көпбалалы отбасының табысы - асыраушысы жоқ балаларға берілетін 46 мың теңге жәрдемақы мен «күміс алқаның» 12 мың теңгесі. Ауру ана бұл қаражаттың жеті-сегіз жанға (Ділбәрдің ағасы да осы үйде тұрады – ред.) жетпей, ай соңында тамақтан тарығатындарын айтты.

«КӨМЕК БЕРЕ АЛМАЙМЫЗ, ҮЙІҢІЗГЕ ҚАЙТА БЕРІҢІЗ»

Ол төсек тартып жатқан тозған тамды үй деп айтуға келмейді, іші-сыртының сылақтары түсіп жатыр, қораға ұқсайды. Азаттық тілшісіне Ділбәр Құттыбай айына бес мың теңгеге жалдап отырған үйінің қанша от жақса да жөнді жылымайтынын, балаларының суықтан ауырып қала беретінін бұрын айтқан еді. Ал наурыздың 13-і үйіне барған Азаттық тілшісіне ол:

Көпбалалы әрі жалғызілікті науқас ана Ділбәр Құттыбай. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.
Көпбалалы әрі жалғызілікті науқас ана Ділбәр Құттыбай. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.

- Орнымнан тұра алмай жатқаныма бір ай болды. Алғашында цистит болдым деп ойладым. Емделіп, болмаған соң ауруханаға (облыстық онкологиялық диспансерді айтады – ред.) барсам, анализ тапсыр деді. Кеше (наурыздың 13-і - ред.) УДЗ-ға түсіп, дәрігерге бардым. Дәрігерлер «Еш көмек бере алмаймыз, үйге қайта беріңіз» деді. Енді не істейтінімді білмеймін. Жүруге шамам жоқ. Кіші дәретке қиналып шығамын. Үлкен дәретке тек дәрінің күшімен барамын, - деді.

Ділбәр Құттыбай қатерлі ісікке шалдыққаннан соң, бір жыл бұрын жатырына ота жасатқан. «Үш айдай аурудан айыққандай болғанымен, кейін денсаулығы қайта сыр бере бастаған».

Оқи отырыңыз: Әкеден айырылған көпбалалы отбасы «целлофан жинап сатуға» мәжбүр

- Күнде дәрінің күшімен отырмын. Екінші балам – 17 жаста. Ресми түрде жұмысқа тұруға жасы жетпейді. Жұмыс істемейін десе, жоқшылық қысып барады. Жалдамалы жұмыс істеп күніне 1000-1500 теңге тауып, шәй-нанның пұлын алып келеді. Ағам да бізбен бірге тұрып жатыр. Кіші балаларымның орнына целлофан жинап жүр. Өткізіп, аптасына 4-5 мың теңге табады. Екеуінің тапқанын күнкөріске амалдап отырмыз - дейді ол.

Оның тұңғыш ұлы 21 жаста, Ақтауға кетіп қалған, отбасына қарайласуға шамасы жоқ. Қалған үш ұлы мектепте оқиды, ал кіші екі ұлы бес және алты жаста.

Азаттық тілшісі тозығы жеткен бір бөлмелі тамда күнелтіп отырған отбасының қыстан әупірімдеп әрең шыққанына куә болды. Ескі там ішіне кіргеннен ыстың исі шығады. 5-6 жастағы екі кішкентай бала «апалап» Ділбәр Құттыбайды жағалап жүр.

Ділбәр Құттыбайдың мектеп жасындағы балаларының бірі пештің түбінде жылынып отыр.
Ділбәр Құттыбайдың мектеп жасындағы балаларының бірі пештің түбінде жылынып отыр.

Төсекте көрпеге оранып жатқан Ділбәр Құттыбайдың орнынан тұруға шамасы жоқ. Ол жатқан жерінде қолын созып таңертең ішілген шәйден қалған дастарханды жинастырғандай болды. Дастарханнан балалар нан мен су және кешеден қалған асты таңертең жылытып ішкені байқалды.

Ділбәр Құттыбайдың айтуынша, жағдайы күннен күнге ауырлап, кейінгі күндері «үй тірлігіне де жарамай қалған». Мектеп жасындағы балалары ыдыс жуып, тамақ істеуге, су тасуға көмектеседі.

Ділбәр Құттыбайдың 5 жастағы кенже баласы. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.
Ділбәр Құттыбайдың 5 жастағы кенже баласы. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.

- Қатты ауырғанымды көріп кенже балам «Дәрігерге неге бармайсың? Дәрі ішпесең папам сияқты өліп қаласың ғой» деді. Дәрігерлер болса, үйге қайтарып жіберді. Ендігі тағдырымызды білмей жатырмын, - дейді.

МАМАНДАР МӘЛІМЕТІ

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) онкологиялық диспансерінің онкогинекологы Зүлфия Мирякипованың Азаттық тілшісіне айтуынша, «Ділбәр Құттыбай жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан. 2016 жылы көктемде ота жасатқаннан кейін қабылдауы тиіс болған емді толық алмаған».

- Кеше (13-наурыз күні – ред.) тексердік. Бір анализі дұрыс, екі анализі дұрыс шықпады. Тағы қосымша қажетті анализдерді тапсыруы керек. Содан кейін ғана ем қабылдауға жібереміз, - дейді дәрігер.

Ділбәр Құттыбайдың жалдап тұрып жатқан тамының іші.
Ділбәр Құттыбайдың жалдап тұрып жатқан тамының іші.

Диспансердің бас дәрігері Нұрғали Ормановтың айтуынша, «Ділбәр Құттыбайтың ауруы қайта қозып келеді. Уақтылы химия алмаған».

- Науқасты тексеріп, коммиссия қарауына саламыз. Бір дәрігер адамның тағдырын шеше алмайды. Емдейміз бе, әлде үйіне жібереміз бе - оны комиссия шешеді, - дейді бас дәрігер.

Азаттық тілшісі онкологиялық диспансердің бас дәрігері Нұрғали Ормановтан Ділбәр Құттыбайдың мүгедектерге арналған жәрдемақы алғысы келетіні, бірақ ол істің кезінде аяқсыз қалғаны туралы да сұраған еді.

Оқи отырыңыз: Азаттық жазған көпбалалы отбасына жәрдем келді

Көпбалалы отбасы тұрып жатқан үйдің кіреберіс бөлмесі.
Көпбалалы отбасы тұрып жатқан үйдің кіреберіс бөлмесі.

- Біз қажет құжаттарын береміз. Мүгедектік мәселесін Қазақстан әлеуметтік қорғау комитетінің ОҚО департаменті шешеді. Ділбәр Құттыбай сияқты науқастардың кейбірі мүгедектікке шығады, кейбірі шықпайды. Бірақ бір жылға ғана шығарады. Кейін құжатты қайта тексереді, - дейді бас дәрігер.

Бұған дейін Ділбәр Құттыбай мүгедектік мәселесін сұрастырғанын, бірақ мамандар «пара талап еткенін» айтқан еді. Бұған әлеуметтік қорғау комитетінің ОҚО департаменті өкілі Төрехан Дауытов «Мүгедектікке шығару үшін қызметкерлер ақша сұрауы мүмкін емес екенін, онкологиялық сырқаттардың мүгедектікке шығу мүмкіндігі бар екенін, диспансер төрт ай қарап, жолдама беретінін» хабарлаған еді. Ділбәр Құттыбай қажет құжаттарды жинауға шамасы келмей, кейін «ол мекемеге бармай кеткенін» айтты.

Ділбәр Құттыбай кәмелет жасқа толмаған балаларымен тұрып жатқан жалдамалы үйдің ауласы.
Ділбәр Құттыбай кәмелет жасқа толмаған балаларымен тұрып жатқан жалдамалы үйдің ауласы.

Ділбәр Құттыбай 2016 жылы қараша айында Азаттық тілшісіне «ота жасатқан соң дәрігерлер жазып берген дәріні ішпей жүргенін» айтып қалған еді. Ол «ең арзаны 37 мың теңгелік дәріні ішкенше, бір күн болса да балаларымды тойғызғаным жақсы. Мемлекет көмектерін алсақ, балаларымның тамағы тоқ болса, амалдап аяқтан тұрып кететін едік» деген болатын.

ОҚО-да онкологиялық сырқатқа шалдыққан 12 мыңнан аса тұрғын бар. Жылына үш мыңға жуық тұрғын онкологиялық сырқат екені анықталады. Негізінен 45 жастан асқан науқастар көп. Араларында балалар да бар. Онкологиялық науқасқа шалдыққан адамдардың ем-дом шаралары дер кезінде әрі дұрыс жасалған жағдайда жазылып кету мүмкіндіктері бар.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG