Accessibility links

"Божко халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрауы тиіс". Депутат сөзіне реакция


Мәжіліс депутаты Владимир Божко Қазақстан халықтары ассамблеясының жиынында сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 қыркүйек 2019 жыл.
Мәжіліс депутаты Владимир Божко Қазақстан халықтары ассамблеясының жиынында сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 қыркүйек 2019 жыл.

Мәжіліс депутаты Владимир Божконың "елде үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен, сол үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек" деп халыққа қарата айтқан сөзі қоғамда сынға ұшырады.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко қыркүйектің 3-і күні Қазақстан халықтары ассамблеясының отырысынан кейін жергілікті Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында "Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан-ақ түсінуге болады. Осы үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді, кейін "бұған бәрін бер" деп шыға келеді. Ондай адамды "стойлоға" (мал қорадағы орын - ред.) қоятын қоғам пікірі болу керек" деді.

Осы сөзден кейін, қыркүйектің 4-і күні Нұр-Сұлтанда бір топ әйел Ақорда маңына келіп, Божконың шығуын талап етті. Олар "Божко көп балалы аналардан және халықтан сөзі үшін тізерлеп кешірім сұрасын және депутаттық қызметінен кетсін" деп талап қойды. Арнайы жасақ оларды Ақордаға қарай өткізбей, қоршап тұрды.

- Божконың сөзі - көп аналарды қорлау. Бізді малға теңеп жатыр. Біз билікке не үшін алғыс айтуымыз керек? Президент [Қасым-Жомарт Тоқаев] оларға халыққа шығып, диалог орнатыңдар деген. Шенеуніктер қайда? Бізге ешкім шыққан жоқ. Божко шықсын. Ондай депутат бізге керек емес, - деді Ақордаға келген Данагүл Каткенова.

Депутат Владимир Божконың пікіріне қарсылық білдіріп, Ақордаға келген Данагүл Каткенова арнайы жасақ алдында тұр. Нұр-Сұлтан. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Депутат Владимир Божконың пікіріне қарсылық білдіріп, Ақордаға келген Данагүл Каткенова арнайы жасақ алдында тұр. Нұр-Сұлтан. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Наразы әйелдер Ақорда алдында бірнеше сағат тұрды. Әйелдерге Божко шыққан жоқ. Кейін олар Ақорда алдынан кетіп қалды.

ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Мәжіліс депутаты Владимир Божконың сөзі желіде де қызу талқыланып жатыр.

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі

Мәжіліс төрағасының орынбасары Божко "тізерлеп тұрып алғыс айту" және "стойлоға қою" туралы сөзі үшін Қазақстан халқынан ашық түрде кешірім сұрауы тиіс. Сіз депутатсыз. Мұндай сөздеріңізді Қазақстан азаматтарына емес, балаларыңызға, немерелеріңізге айтарсыз.

Nurtas Adambay, актер

Депутат Божко, ойландыңыз ба, егер мемлекет көмекті "17 есе өсірсе", қазір көмек сұрап жүрген отбасылардың саны әлдеқайда аз болар еді. Жұрт өмірі жақсарғандықтан көмек сұрап жүр деп ойлайсыз ба? Тұрмысы төмен отбасылардың өмірін өз көзіңізбен көрдіңіз бе? "Жұрт мемлекет алдында тізе бүгуі керек" дегеніңізге сенімдісіз бе? Кімді "стойлоға" қоймақсыз? Халықтың мүддесін қорғауы тиіс шенеунікке осындай сөз айтқан жараса ма? Зейнетке кететін уақыт келіп қалған жоқ па, Божко?

Сергей Дуванов, құқық қорғаушы

Билікте осылай ойлайтындар көп. Екі жағалауды шатастырып алды. Бұл - қауіпті. Владимир Божко қазіргі елдегі трендті көрсетті. Бүгінде биліктегілердің көбі талап айтқан халықты "стойлоға" қойғысы келеді.

Экс-депутат, білім және ғылым министрінің орынбасары болған Мұрат Әбенов те Божконың отставкасын талап етті.

Суретші Мұрат Дильмановтың Божко сөзінен кейін салған суреті:

Жанна Ильичёва

Божко, мырза, "тізерлеп тұрып билікке алғыс айтсын" дегеніңізді қалай қабылдасақ? Өмір сүру деңгейі жоғары Батыс елдерінің барлығында халық тізерлеп жатады деп ойлайсыз ба?

ЖҰРТ ТАЛАБЫНА БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ АЙТҚАНЫ

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқан. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдер, жалғызбасты әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар биліктен жәрдемақыны өсіріп, баспана мәселесін шешуді талап ете бастады.

Сол кезде президент болып тұрған Назарбаев наурызда бірнеше рет көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету жайлы айтқан. Ол ақпанның 21-і күні үкіметті "тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетпеді" деп отставкаға жіберген. Кейін наурызда жаңа тағайындалған үкімет мүшелерін қабылдағанда Назарбаев "мемлекет көмекке мұқтаж отбасыларға әрқашан көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар қашанда мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс" деген.

Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді. Тұрмысы төмен отбасыларға да көмек көрсетілетінін айтқан. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлей бастағандарын хабарлаған. АӘК туралы жарлыққа Назарбаевтың таңдауымен президенттікке келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Бірақ Қазақстанның бірнеше қаласында әйелдер билікке талаппен әлі келіп жүр. 16 мамырда Нұр-Сұлтанда бір топ әйел Астана халықаралық экономика форумы өтіп жатқан қонақ үй алдына келіп, жиынға қатысып жатқан Назарбаев пен Тоқаевтың шығуын талап етті. Бірақ оларға басқа шенеуніктер шыққан.

Форумның екінші күні, 17 мамырда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Мәселен, кеше Астана экономикалық форумы өтіп жатқанда бір топ көп балалы ана шығып, баспана беруді талап етті. Олар көп балалы аналарды мемлекет баспанамен қамтамасыз етуі керек деп санайды. Біріншіден, біз оларға баспана берсек, олар бақытты болып кете ме? Екіншіден, бұл мәселені шеше ме? Мемлекет баспанамен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлуге дайын ба? Бәлкім біз жағдай жасап, соған басымдық беруіміз керек" деген.

Ал 21 тамызда "Нұр Отан" жиынында партия төрағасы Назарбаев көп балалы әйелдер мен шетелден келген қазақтарды "көмек сұрай береді" деп сөккен.

- "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой... 1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, маған бер дейді. Жұмыс істеңдер! Жұмыс істемесе, ештеңе болмайды" деді ол жиында.

Назарбаев пен Абаевтың сөздері де қоғамда көп талқыланып, сынға ұшырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG