Accessibility links

Көп балалы аналар наразылығына биліктің "жауабы" және қоғам реакциясы


Астана әкімдігіне талаптарын айтып келген көп балалы аналар. 15 ақпан 2019 жыл.
Астана әкімдігіне талаптарын айтып келген көп балалы аналар. 15 ақпан 2019 жыл.

Сарапшылар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы съезінде көп балалы аналарды қолдау туралы уәдесін "елдегі аналар наразылығына билік жауабы ретінде" қарастырады. Кейбір саясаттанушылар биліктің кеш реакция танытқанын, билік "жауабының" толымсыздығын атап өтеді.

Астанада ақпан айының басында болған қайғылы жағдай мен одан кейін бірқатар қалаларда көп балалы аналардың жаппай наразылығы Сағынтаев үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болды.

Жақында президент Нұрсұлтан Назарбаев бюджеттің жартысына жуығын әлеуметтік салаға бағыттайтынын мәлімдеді.

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ КҮДІГІ МЕН ҮМІТІ

Алматыда тұратын бес баланың анасы Ақмарал Басирова Астанадағы қайғылы жағдайдан соң алғашқылардың бірі болып өз атынан сол кезде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған Мәдина Әбілқасымоваға үндеу жасаған.

Министрге жазған хатында ол Қазақстандағы көп балалы аналардың басты мәселелері: жәрдемақы мөлшерінің аздығы, тұрақты тіркеу мен кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан аналардың әлеуметтік төлем мен несие ала алмайтынын жазған. Бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету кезінде көп балалы отбасылардың жағдайын анықтау мәселелерін атап көрсеткен.

Ақмарал Басирова балаларымен бірге. Жеке мұрағаттан алынған.
Ақмарал Басирова балаларымен бірге. Жеке мұрағаттан алынған.

Басирова әлеуметтік желілерде көп балалы аналардың мәселесін көтерген белсенді азаматтардың бірі. Ол да аналардың ақпандағы акциялары кезінде үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.

Отбасымен бірге жалдамалы баспанада тұратын Басированың шағын клинингтік компаниясы бар. Ол жерде өзі сияқты көп балалы аналар жұмыс істейді.

– Мемлекет көп балалы отбасыларға "балық" емес, "қармақ" бергенін қалаймын. Яғни, жәрдемақысын дұрыстаумен қатар мамандық алу үшін оқытса деймін, өз ісін ашу үшін субсидия, жер телімін немесе жеңілдікпен несие берсе деймін, - дейді ол видеолары мен жазбаларында.

Қазір белсенді мемлекеттің көмегінсіз көп балалы аналардың ғимарат тазалап, жиһаздарды химиялық тазалауды үйренуіне көмектеседі. Облыстық әкімдіктер жанынан көп балалы аналарды қолдау жөнінде жұмыс топтары құрылған соң Басирова Алматы әкімдігі жанынан осындай топқа кіріп, Алатау ауданы бойынша еріктілерді басқарды.

Билік жұмыс тобындағы аналарға жағдайы төмен көп балалы отбасылардың есебін жүргізіп, кеңес беру үшін ғимарат берді, олар тіркеуге тұрмағандықтан әкімдіктің тізіміне енбей қалған. Назарбаевтың көп балалы отбасылардың жағдайын жақсарту туралы уәдесіне Басирова күмәнмен қарайды.

- Ол ары қарай наразылық жалғасып кетпес үшін халықты тыныштандырғысы келеді. Сыбайлас жемқорлық кесірінен мұндай көмектің мұқтаж отбасыларға жетпейтініне сенімдімін. Көбейетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті осындай жәрдемақыны алып жатқан, тіркеуде тұрған отбасылар ғана алады. Ал ала алмай жүргендер тағы да құр қалмақ. Көп балалы аналардың басты талабы – осындай есепке алынбай қалған отбасыларға көмек беру, - дейді Ақмарал Басирова.

"НАРАЗЫЛЫҚҚА ЖЕТКІЗБЕУ КЕРЕК ЕДІ"

- Президенттің тапсырмасын халықтың жеңісі ретінде қарастырса болады. Ақпанда жаппай наразылық болмағанда президент әлеуметтік көмек туралы уәде бермес еді, - дейді қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.

Тайжанның айтуынша, көп балалыларға қатысты жағдайдан соң тұрғындар "ұйымдасқан, заңды түрде өз талаптарын қоюға болатынын" түсінуге тиіс және жұмыс топтары мен келісім комиссиялары арқылы нәтижеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, соңғы наразылық шараларынан соң халықтың мұң-зарын естіп, қажетінше шара қолданған биліктің өзі де ұтқан.

Мұхтар Тайжан.
Мұхтар Тайжан.

- Бірақ билік халықтың осылай бас көтеруін күтіп отырмауы керек. Қатардағы азаматтардың пікірі, халықтың жай-күйі мен тыныс-тіршілігі шынайы жұмыс істейтін мәслихат, парламент арқылы үнемі бақылауда болып, биліктің жоғарғы сатысына жеткізіліп, тиісті шара қабылданып тұруы керек, - дейді Мұхтар Тайжан.

Саясаттанушы Әміржан Қосановтың пікірінше, "уақытынан кешігіп жеткен" президенттің әлеуметтік бастамалары қазақстандықтардың шынайы әлеуметтік мәселелерін шешуге қауқарсыз.

Саясаттанушының айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси шиеленісті көп балалы отбасылардың мәселесін шешу арқылы күн тәртібінен алып тастау мүмкін емес.

Саясаттанушы Әміржан Қосанов.
Саясаттанушы Әміржан Қосанов.

– Осылайша билік біраз уақыт қомақты әлеуметтік мәселелерден халықтың назарын бұра тұрмақ. Олар қоғамдағы шиеленісті бірді-екілі мәселені шешу арқылы басамыз деп ойласа, қателеседі. Қазір тұрғындар тек әлеуметтік-экономикалық мәселе көтеріп отырған жоқ, биліктің өзгермеуі, транзиттік кезең және елдің болашақ басқару формасының бұлыңғырлығы мәселелеріне алаңдап отыр, - дейді Қосанов.

Ақпанның 27-сі күні "Нұр Отан" съезі өтіп жатқан кезде Астана мен Алматыда ондаған азаматты полиция ұстады. Олардың кейбірі президенттің отставкаға кетуін талап етті.

Ақтөбе облысының әкімі болған, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып жаңадан тағайындалған Бердібек Сапарбаевтан партия съезінен соң журналистер көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғауға қатысты сұраған еді. Бірақ министр мекеме жоспары туралы айтудан бас тартты.

Министрлік дерегі бойынша, Қазақстанда 340 мың көп балалы отбасы бар.

"Нұр Отан" кеңсесі алдына жиналғандар: "Назарбаев кетсін!" (27.02.2019 жыл).

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG