Accessibility links

Жартысынан астамы өзгеріп, Назарбаевты "елбасыға" айналдырған 95 жылғы Конституция


Қазақстан президенті болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны ұстап, ант беріп тұр. 20 қаңтар 1999 жыл.
Қазақстан президенті болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны ұстап, ант беріп тұр. 20 қаңтар 1999 жыл.

1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын (кейін 98 бап болды) Қазақстан Конституциясының 64 бабына парламент арқылы барлығы бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның басым көпшілігі сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін күшейтуге арналды. Адам құқықтары жайлы баптар өзгерместен қалды. Азаттық 30 тамыз Конституция күнінде 1995 жылғы басты заң қалай қабылданғанын, бұл Конституция Назарбаев билігін қалай күшейткенін шолып шықты.

"ХАЛЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ӨЗ ҚОЛЫНА ТИДІ"

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бірақ оның алдында Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше саяси қадамдар жасады.

Әуелі 1993 жылғы тұңғыш Конституцияны қабылдаған 12 шақырылымдағы Жоғарғы кеңес өзін-өзі "таратты". Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (2019 жылы 31 желтоқсанда өмірден өтті) мұны "алдын ала ойластырылған қадам" деп санады. 1994 жылы 7 наурызда Жоғарғы кеңес сайлауын қайта өткізіп, бір жылдан соң кеңес Конституциялық сот шешімімен таратылды. Сол кездегі сарапшылар "Жоғарғы кеңесте бұл жолы да оппозициялық күштер көбірек болған соң тарады" деп бағалады.

Жоғарғы кеңес тараған соң Нұрсұлтан Назарбаев билікті қолына ала бастады. Сөйтіп 1995 жылы 1 наурызда Қазақстанда бұрын болмаған Қазақстан халықтары ассамблеясын құрды (қазір Қазақстан халқы ассамблеясы). Бұл ұйым Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлыстардың "татулығын сақтау әрі нығайту үшін" құрылды дегенімен, "ассамблея – Назарбаевтың өкілеттік мерзімін ұзартуды Конституция арқылы "заңдастыру" үшін керек болған ұйым" дейтін сарапшылар бар.

1995 жылы 1 шілдеде Назарбаев ассамблеяның екінші сессиясында жаңа Конституция жобасын ұсынды.

"Сапасы өзгеше Конституция жобасы қолдарыңызда, онымен соңғы жарты жыл бойы белсене жұмыс істедім" деген ол "президенттік билікті авторитарлық билікке айналдыруға жол бермейтін тежеулер мен қарсы салмақтар жүйесін Конституцияға енгізгенін" айтты.

Назарбаев ассамблеяға ұсынған жаңа жоба 1995 жылы 4 шілдеде жарияланды. Алайда 1 тамызда баспасөзге қайтадан басқа жоба жариялап, талқыға салынды. Алғашқы жобада "Қазақ Республикасы" деген мемлекет атауы кейінгі жобада "Қазақстан Республикасы" болып өзгерді.

Жобада парламент сенат пен мәжілістен құралатыны, сенаттың 7 депутатын президент тағайындайтыны көрсетілді. Қазақстан президенті болып 35 жасқа толған, 65 жастан аспаған адам 5 жылға сайланатын болды. 95 жылғы Конституцияда "бір адам қатарынан екі реттен артық Қазақстан Республикасының президенті болып сайлана алмайды. Қазақстан Республикасының президенті өз өкілетін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардағы қызметін тоқтатады" деген баптар болды. Кейін мұның бәрі өзгерді.

Жаңа жобаға "вице-президент сайланған мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілетін сақтайды" деген бап енгізілген еді. Алайда 1991 жылы желтоқсанда Назарбаевпен бірге вице-президент болып сайланған Ерік Асанбаев Конституция қабылданғаннан кейін 5 айдан соң Германияға елшілікке жіберілді.

95 баптан тұратын жаңа жобаны оппозиция сынағанымен ресми билік мақтады (95 баптан тұратын Конституцияға кейін үш бап қосылып, 98 бап болды). Конституцияны жасаушы белгілі заңгердің бірі Нағашыбай Шәйкенов "Әрине, әлем алдында ыңғайсыздау жағдайға тап болдық. Кезінде мақтап, мақтанып қабылдаған [1993 жылғы] Конституциямыздың бүгінгі өмір талабына сәйкес келмейтіні белгілі болып қалды" деп сұқбат берді.

1995 жылы 31 тамызда Назарбаев Конституция бойынша референдум қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізіп, "Қазақстанда тұңғыш рет халықтың болашағы өз қолына тиді" деп мәлімдеді.

"Жаңа конституция советтік сот пен прокуратура тарихын да тәмамдады. Көп ұзамай біздің судьяларымыз, адвокаттарымыз бен прокурорларымыз Еуропа үлгісіндегі мантия киіп, нарық пен демократия идеологиясына сай келетін жаңа сот жүйесі жағдайында жұмыс істейтін болады" деді ол.

Сарапшы пікірі

Зәуреш Баталова, Сенаттың экс-депутаты. "Қазақстанда парламентаризді дамыту" қорының президенті:

1995 жылы қабылданған Конституция елдегі билік жүйесін түбегейлі өзгертіп жіберді. "Жаңа Конституция автократиялық билікке бастайтын жол" деген пікірлердің шындыққа айналғанын 30 жыл көрсетті. Жаңа Конституция бойынша президент барлық билік тармағына үстемдік етті. Мәселен, парламент заң шығарушы билік тармағы болғандықтан парламент депутаттарының да заң шығару бастамасы құқығы бар. Депутаттар өз бастамасымен заң қабылдауы мүмкін. Алайда ол заңды жүзеге асыру үшін қаржы керек болса, онда әуелі үкіметтің келісімін алуы тиіс болады. Үкімет келіспесе заң шығарудың мәні жоқ. Президенттің сот билігі тәуелсіз болады деген уәдесі де орындалмады. Сотты президенттің өзі тағайындап, өзгелерден тәуелсіз, еркін шешім шығаруына мүмкіндік берілген сияқтанғанымен шын мәнінде сот төрағалары судьяларға ықпал ететін тетікке айналғанын көріп отырмыз. 1995 жылғы Конституция бір ғана адамды – президентті тәуелсіз етті, ол не істегісі келсе соны істей алатын өкілетке ие болды.

1995 жылы Конституция жобасы талқыланып жатқанда мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газеті "Назарбаевтың бойынан тек қана диктаторлық содырлық іздейтіндер де даурығып, даңғаза көтерді" деп жазды. Көп ұзамай Қазақстан халқы ассамблеясының "бастамасы" бойынша Назарбаев президенттік өкілетін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін референдум арқылы созып алды.

1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын Қазақстан Конституциясының 64 бабына парламент арқылы барлығы 5 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы - бір, барлығы 93 өзгеріс қосылды.

Конституциялық өзгерістердің басым көпшілігі президент билігіне арналды. Адам құқықтары жайлы баптар өзгерместен қалды.

"КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ - ІБІЛІСТІҢ ӘРЕКЕТІ"

1998 жылы қазанда Конституцияға тағы өзгерістер енгізіліп, президент бес жылға емес, 7 жылға сайланатын болды. Бұрынғыдай 35 жастан асқан адам президент болып сайлана алады деген сөйлем "40 жастан асқан" деп өзгертілді және "65 жастан аспаған" деген сөзді алып тастады. Бұл – Назарбаевтың 65 жастан кейін де президент болып сайлануына жол ашты.

Осы өзгерістер барысында "Егер сайлаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысқан болса, сайлау өткiзiлдi деп есептеледi" деген сөздер алынып қалды. Осыдан кейін сайлаушылардың қанша пайызы дауыс беруге келсе де сайлау өтті деп саналатын болды. Бұл сайлауға бойкот жариялап, болдырмай тастау қаупін сейілтті.

2003 жылы Конституция күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Конституциясына ешқандай өзгеріс енгізілмейді, ал өзгерту жайлы айтып жүргендердің барлығы ібілістің әрекеті" деп мәлімдеді.

Сол кезде Қазақстан парламентінің оппозициядағы депутаты болған Серікболсын Әбділдин бұл пікірге "Конституция бір адамның мүддесі үшін жазылған, ол адамның аты Нұрсұлтан Назарбаев. Билікті ретке келтіру үшін, экономиканы, халықты басқару үшін Конституцияны өзгерту керек" деген еді.

Қазақстан Конституциясының үлкейтілген көшірмесінің жанында тұрған құрметті қарауыл.
Қазақстан Конституциясының үлкейтілген көшірмесінің жанында тұрған құрметті қарауыл.

Ал Назарбаевтың сол кездегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев "1998 жылы асығыс түрде енгізген өзгерістер де ібілістің ісі ме?" деген сауалға "Құдайдың ісі" деп жауап қайтарған.

2005 жылы президент сайлауы қарсаңында "Әділетті Қазақстан үшін" қоғамдық қозғалысы Жаңа конституция жобасын ұсынды. Бұл жобада "президенттің туған-туыстарына жоғары лауазымды қызмет атқаруға тыйым салатын, бір адамның бір мәрте ғана президент болуы" қарастырылған еді. Алайда бұл жоба баспаханадан шықпай-ақ тәркіленді.

"ПАРЛАМЕНТТІҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ"

2007 жылы мамыр айында парламенттің бірлескен отырысы небәрі 17 минутта конституцияны өзгертті. Бұдан былай президент 7 жылға емес 5 жылға сайланатын болды. "Қазақстанда кемінде 15 жыл тұрған адам президент болып сайлана алады" деген бап "соңғы он бес жыл" деп өзгертілді. Сарапшылар "бұл – соңғы жылдары Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған оппозициядағы саясаткерлерді сайлаудан шеттетуге арналды" деген болжам жасады.

Конституциядағы "Бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды" деген тармаққа "Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды" деген сөйлем қосылды. Осылайша Назарбаевтың президент сайлауына қалауынша қатысуына мүмкіндік берілді.

Мәжіліс депутаттарының саны 107-ге жеткізіліп, оның тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланатын болды.

Конституциялық өзгерістерге үш жыл толғанда, 2010 жылы мамырда парламент депутаттары Конституцияға өзгерту енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа "ұлт көшбасшысы" деген мәртебе беруді ұсынды, бірақ кейін "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" арнайы заңмен шектелді. Назарбаев "Елбасы" статусын алған соң өзі және отбасы қандай да бір қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды.

Елде Конституцияға өзгертулерге наразылық ара-тұра болып тұрды. 2010 жылы желтоқсан айында астаналық зейнеткер Мейірман Жазылбеков Конституцияның президент туралы баптарын "жерлеп", "құлпытас қойды".

Зейнеткер Конституция баптарын «жерледі»
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

2017 жылы қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу жөнінде үндеу жасады. Парламент өзгерістерді екі күнде қарап, мақұлдады. Конституцияға "үкімет президентпен қатар парламент алдында да жауапты" деген тіркес қосылды. Конституцияның 91 бабы "... тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деп толықтырылды.

Конституцияның 26-бабындағы "Қазақстан азаматы заңды мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" деген сөйлемдегі "Қазақстан азаматы" сөзін "әркім" деп өзгерту мәселесі көтеріліп, қоғам оны шетелдіктерге жер сату деп қабылдап, наразылық туған соң өзгеріссіз қалдырды.

2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, өкілетін сенімді серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Тоқаев бірден Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы бастамасы қоғамда екі-ұшты пікір туғызды.

1998 жылы конституцияға "Қазақстан Республикасы президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ" деген жолдар енгізілген еді. Алайда бұл бастама парламенттен Тоқаевтың бастамасы емес үкімет бастамасы ретінде өтіп кетті. Қоғамдағы қарсылыққа қарамастан Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG