Accessibility links

Ғани Қалиев: "Ұсыныс жоғары жақтан болды"


"Ауыл" партиясының бұрынғы төрағасы Ғани Қалиев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.
"Ауыл" партиясының бұрынғы төрағасы Ғани Қалиев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

«Ауыл» партиясының қызметінен кетіп бара жатқан төрағасы құрылғанына 13 жыл болған ұйымының парламентке өтпеуін әлдебір «күштерден» көретінін айтты.

Тамыздың 26-сы күні «Ауыл» партиясының Астана қаласында өткен съезінде Ғани Қалиев партия төрағасы қызметінен босатылды. Оның орнына совет кезінде комсомол және компартия қызметін атқарған, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, сенат депутаты болған Әли Бектаев сайланды.

185 мыңға жуық мүшесі бар деп есептелетін «Ауыл» партиясы 2002 жылы тіркелген. Партия 2007 жылғы мәжіліс сайлауында 1,51 пайыз, 2012 жылғы мәжіліс сайлауында 1,19 пайыз дауыс алып, парламентке өте алмаған.

«Ауыл» биыл сәуір айында өткен Қазақстан президентін мерзімінен бұрын сайлауда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаған.

Партияны құрылғаннан бергі 13 жыл бойы басқарып келген Ғани Қалиев Азаттыққа берген сұхбатында төрағалықтан не үшін кеткені жайлы айтты.

Азаттық: – «Ауыл» партиясының төрағалығынан кетуіңізге не себеп болды?

Бұл партияны фермерлер федерациясы мен ауыл шаруашылығы академиясының ғалымдары «ауылды қорғау үшін жеке саяси күш болуы керек» деп ұйымдастырған.
Ғани Қалиев.

Ғани Қалиев: – Бұл партияны фермерлер федерациясы мен ауыл шаруашылығы академиясының ғалымдары «ауылды қорғау үшін жеке саяси күш болуы керек» деп ұйымдастырған. Одан бері 15 жыл өттті. «Ауыл шаруашығы мен ғылымды және бизнесті біріктіру керек» дейтін ұсыныс жасағанымызға көп болған. Екі күн бұрын «Ұлттық аграрлық ғылыми білім орталығы» республикалық коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру жөнінде үкімет қаулысы шықты. Мені осы ұйымның директорлар кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Оған Алматыдағы аграрлық университет пен 24 ғылыми зерттеу институт және Қазақстандағы барлық тәжірибе шаруашылықтары кірді.

Жаңа қызметке бару жөнінде ұсыныс жоғары жақтан болды. Қазақстан президенті әкімшілігінің басшылығы жаңадан ашылған орталықты басқаруды ұсынды. Партияны қатар алып жүруге үлгермеймін. Жасым 77-ге келді. Менің жасымда атаққұмар болуға бола ма? Сөйтіп, «жарайды, партия төрағалығын тапсырайын» дедім, кезектен тыс съезд өткізуге келісім бердім. Жаңадан сайланған Әли Бектаевты танимын. Саясаттан тысқары адам емес. Мүмкін, менен гөрі гибкий (икемді) болатын шығар.

Азаттық: – Партия төрағасының ауысуы келер жылғы парламент сайлауына дайындық емес пе?

Ғани Қалиев: – Сондай бір себеп бар болса бар шығар, онысын білмеймін. Маған ешкім айтқан жоқ.

Азаттық: – Бұрынғы сайлауларда 1,5 пайыздан артық дауыс алмаған «Ауыл» партиясының парламентке өтуге мүмкіндігі бар ма?

«Ауыл» партиясының парламентке бармауын қалайтын күштер де болды.
Ғани Қалиев.

Ғани Қалиев: – Мүмкіндігі көп. «Дауысты қалай бергені емес, қалай санағаны маңызды». «Ауыл» партиясының парламентке бармауын қалайтын күштер де болды. Сіз айтқан 1,5 пайыз – қағаз жүзінде. Іс жүзінде өте жоғары екенін бәрі біледі. «Ауыл» партиясына кедергі 2000 жылдары қабылданған «Жер кодексінен» басталған. «Жер кодексі» қабылданғанда біз қарсы шықтық. Заңды парламентке ұсынған үкімет басшысы көз ұзамай қызметінен кетіп, артынша президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Партияның әрі қарай парламентке өтпей қалуына сондай да бір себептер болды. Одан кейінгі сайлауда да парламентке өтіп тұрғанымызда кейбіреулер «ең жоғарғы» жаққа барып, мұндай партияны өткізуге болмайтынын дәлелдепті. Өйткені біз қолында билігі барлардың ауылдың дамуына, өсуі мен өшуіне қандай үлесі бар екенін білетін едік. Сол сөз болып кетпесін деп қауіптенді.

Азаттық: – «Ауыл» партиясының бұрынғы басшысы ретінде Қазақстаның қазіргі саяси құрылысын қалай бағалар едіңіз?

Ғани Қалиев: – Қазақстанның саяси құрылысына реформа керек. Әсіресе парламенттің құзырын күшейту қажет. Жемқорлықты парламент комиссиясы тексерсе, күрес нәтижелі болады. Қазір шенеуніктер өздері заңды дайындайды, өздері «тағайындаған» депутаттар арқылы өткізеді. Сосын өздері талап жеп, сосын іздегенсиді.

Азаттық: – Билік партиясы «Нұр Отан» жемқорлықпен күрес жөнінде бағдарлама жасағанын бірнеше рет мәлімдеді. «Ауыл» партиясы да билікті қолдап келген жоқ па?

Ғани Қалиев: – Жемқорлардың бәрі сол партиядан шығып жатыр емес пе? Жемқорлық билігі барлардан шығады. Біз билік партиясы емеспіз, өйткені онда жоқпыз. Биліктің дұрысын қолдадық, бұрысын сынадық.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG