Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда “Отан” партиясының кезектен тыс бесінші сьезінің өткендігі, Қазақстан президентінің қызы Дариға Нұрсұлтанқызымен сұхбат және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік мәселелерге арналған материалдар жарияланған.

“Қазақстан Заман” басылымының кезекті №29 (436) санында жарық көрген материалдардың ішінде Орынбасар Дөңқабақтың “Қазақ радиосын қалай тыңдаймыз” деген проблемалық мақаласы көңіл аудартқызады. Мақала авторы кейбір шенді-шекпенді қаракөздердің – қазақ тіліндегі теле-радио бағдарламаларының сапасы төмен, мазмұны таяз, сүреңсіз, солғын, - дегенді желеу етіп, оның ешкімге қажеті жоқ, бекер ақша шығындап қайтеміз деген сөзді тарататындығын айтып, оларды қатты сынға алған.

Мақала авторының айтуына қарағанда, ауылда тұратын адамдардың көбісі қазақ радиохабарларын тыңдай алмайтын көрінеді. “Бүгінде еліміздің ақпарат әлемінде өгей баланың күйін кешіп, шетел тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары мен идеологиялық бәсекеге түсе алмай, шаңырағы шайқалып тұрған қазақ тіліндегі теле-радио арналары мұндай күйді бұрын соңды бастарынан кешпеген шығар” дейді мақала авторы.

Қытайда тұратын ғалым Тілеуберді Әбенайұлының “Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазуы” деп аталатын ғылыми-зерттеу мақаласы газеттің он төртінші бетінен орын алған.

“Жас қазақ” газетінің кезекті №29 (143) санында Қазақстан Президентінің қызы Дариға Нұрсұлтанқызымен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Дариға Назарбаеваның айтуынша, Мәскеудегі Үлкен театрдың Бетховен залында ән айтуға ресейлік мәдениет министрлігі өкілдері өтініш жасаған. Журналистің "Рахат Әлиевке шейін құда түскендер болған жоқ па?" деген сауалына Дариға Нұрсұлтанқызы "Назарбаевтың отбасымен құда болғысы келгендер мол еді. Маған жігіттердің бірінен соң бірін көрсетіп жататын. Оларды мен таныспай тұрып-ақ ұнатпайтынмын" деп жауап қайтарған. Сондай-ақ президенттің қызы күйеуі Рахат Әлиевтің бизнесті өзі бастап, тауар алып, тауар сатқанын, бастапқы капиталды өз еңбегімен тапқанын да тілге тиек еткен.

“Алғашқы мәшинеміз “Жигулиді” сатып алғанда біз өзімізді баймыз деп сезіндік. Бүгінде елшінің айлығы қанша екен деп елеңдемейтін күйдемін. Әкем маған соңғы рет университетте оқып жүргенде ақша берген. Тұрмысқа шыққан соң: “Сенің отбасың – Рахат. Сол асырасын" деп мәлімдеді. Содан бері күйеуім мен өзімнің еңбегіме ғана сүйенемін” дейді Дариға Назарбаева.

“Егемен Қазақстан” газетінің 19 шілде күнгі санында Самат Мұсаның “Сындарлы пікір алмасу”, Сұңғат Әліпбайдың “Малға да төлқұжат толтырылатын болады”, Сейсенбай Ахметтің “Сандалмамен өткен қайран өмірім-ай” және тағы да басқа әлеуметтік, саяси мәселелерге арналған мақалалар жарық көріпті. Сондай-ақ газеттің осы санында “Қазақстан Республикасының Орман кодексі” мен “Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы берілген.

“Алматы ақшамы” газетінің 19 шілде күнгі санында бір топ ата-аналардың “Айнабұлақ” мөлтекауданынында тағы бір қазақ мектебі ашылуы керектігін сұраған ашық хаты жарық көрген. Хатты жазушылар “Айнабұлақ” мөлтекауданында бір-ақ қазақ мектебі мен бір-ақ қазақ балабақшасының бар екендігін тілге тиек еткен.

“Дала мен қала” атты жаңа басылымының екінші санында жарық көрген Айдос Серікбайдың мақаласында “Отан” партиясының кезектен тыс бесінші сьезінің болып өткендігі туралы айтылған.

“Сьезге партияның барлық филиалдары мен өкілдіктерінен сайланған 252 депутаттың 246 делегаты қатысты. Олар Астана және Алматы қалалық, облыстық филиалдары мен 207 аудандық өкілдіктер атынан сайланды. Партия еліміздің түрлі деңгейлердегі мәслихаттарына депутаттыққа 2577 кандидат ұсынуды жоспарлап отыр” дейді мақала авторы.

Ал, осы газетте жарық көрген Сейдәлім Жақыптың мақаласында Қазақстанның сақтандыру рыногы туралы сөз болады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстанда лицензиялы 33 сақтандыру ұйымы болса, оның тек біреуі ғана адам өмірін сақтандырады. Соңғы жылдары сақтандыру компанияларының саны едәуір азайған. 1998 жылы Әділет министрлігінде тіркеуге алынған 71 компаниядан, қазір отыз үш компания ғана қалған.

“Экспресс К” газетінің 19 шілде күнгі санында София Мұстафаеваның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиевамен жүргізген сұхбаты жарық көрген. Зағипа Балиева ханымның айтуына қарағанда, жаңа заң жобасында қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар және 1999 жылдан кейінгі ұсыныс жасаған ОБСЕ-нің он төрт талабы ескеріліп отыр.

“Мен мұндай жобаны бүкілхалықтың талқысына салуды демократиялық қадам деп есептеймін” деген Зағипа Балиева, Орталық сайлау комиссиясының неге сынға алына беретіндігін өз тұрғысынан былайша түсіндіріп өткен.

“Орталық сайлау комиссиясына деген қоғамның назары ылғи да ерекше болып отыр. Бүгінгі демократиялық дамудың кезінде бұл қалыпты жағдай. Бізге көп жағдайда, сайлау комиссиясының құзырына жатпайтын мәселелермен өтініш жасайтындар жиі кездеседі. Біз өз тарапымыздан келген адамдарға мәселенің мәнісін түсіндіруге тырысамыз. Бірақ олар сол мәселені біздің шешіп бергенімізді қалайды” дейді Зағипа Балиева.

“Панорама” апталығының кезекті №28 (544) санында жарық көрген Алексей Гончаровтың мақаласында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жарты жылдық жұмыстарының қорытындысы жасалғандығы туралы баяндалады.

“Осы жарты жылдың ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері республикаға заңсыз жолмен келген 5346 босқынды еліне қайтарған. Есіркті сатуға әрекет жасаған 15 адам жауапқа тартылған. Олардың алтауы Қазақстанның, төртеуі Тәжікстанның, бесеуі Өзбекстанның азаматы. 47 килограмм есірткі тәркіленген. “Хизб – ут- Тахирдің” үнпарақшаларын таратып жүрген 5 азамат тұтқынға алынған. “Таблиги Джамаат” атты исламдық ұйымның мүшесі болып, үгіт-уағыз жұмысымен айналысқан Қазақстан мен Өзбекстанның отыз төрт азаматына әкімшілік шара қолданылған» дейді мақала авторы.

Ал, “Новое поколение” апталығының кезекті №28 (268) санында жарық көрген редакция мақаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, алаяқтық жолмен пайда тапқан, “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясы қызметкерлерінің қолға түскендігі туралы баяндалған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, аталмыш компанияның үш менеджері жалған құжаттар жасау негізінде отыз миллион теңгені жымқырып қалған. Жеңіл ақша табуға дәніккен олар осындай жолмен тағы да 41 миллион табуға әрекет жасаған кезде қолға түскен. “Қазмұнайгаз” баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыскерлер компанияның қаржылық жүйесін де, құжаттарды қалай толтыру керектігін бес саусақтай жақсы білген. Дегенмен мақала авторы, осы мәселеге байланысты, “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының көптеген ақпараттарды жабулы қазан қалпында ұстауының артында бір шикілік бар деп есептейді.

Газеттің төртінші бетінде Ольга Медведьеваның “Абақтыға қайта қамалды” деп аталатын мақаласы жарық көрген. Мақалада бұрынғы өндіріс министрі Қайролла Оспановты өлтіруде делдалдық қызметті атқарған, қылмыс әлеміндегі ерекше тұлға болып саналатын, абақтыдан қашып кеткен Бахтик атты қылмыскердің қайтадан қолға түскендігі туралы баяндалған. “Бахтик төрт күн бойы теңіз жағалуындағы тастардың арасында тығылып жүріпті. Төртінші күні ол әйелдің киімін киіп алып, әпкесінің үйіне барған. Дегенмен тергеушілер Бахтиктің нан-сусыз төрт күн бойы тастардың арасында тығылып жүргендігіне сенімсіздікпен қарайды. Тергеу барысында Бахтиктің бұрынғы милиция майорының баласы екендігі анықталған” дейді мақала авторы. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұл қылмыстық іс айдың соңында сотқа беріледі.
XS
SM
MD
LG