Accessibility links

Кеніш үстіндегі Зайсан ауданының ауылдары неге газбен қамтылмай қалды?


Кеніш үстінде отырған Зайсан ауылдарына газ қашан жетеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:50 0:00

Кеніш үстінде отырған Зайсан ауылдарына газ қашан жетеді?

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 2013 жылы табиғи газ кеніші игеріле бастаған. Алғашқы жоспар бойынша, жеке компания газ қорының тең жартысын облыс аумағына таратып, тең жартысын Қытайға экспорттауға тиіс болған. Алайда арада он жылдан аса уақыт өткенде табиғи отынның басым бөлігі шетелге сатылып, ауданның өзі көгілдір отынмен толық қамтылмай қалды. Бұған не себеп болды?

Зайсан – Шығыс Қазақстанда облыс орталығынан ең алыс жатқан аудан. Өскемен қаласынан 400 шақырым қашықта, Қытаймен шекарада. 2013 жылы Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кенішінен газ шықты. Зайсан қаласы мен оның төңірегіндегі тоғыз ауыл көгілдір отынға қосылды.

Кеніштегі қордың тең жартысы Қытайға экспортталады, тең жартысы Шығыс Қазақстан тұрғындарын қамтиды деген үлкен жоспар болған. Нақтырақ айтқанда, көрші Күршім, Тарбағатай аудандары және Өскемен мен Семей қалаларын табиғи газбен қамтып, Өскеменде көліктерге сұйылтылған газ құятын станса салу көзделген еді.

Алайда бұл айтылғандар сөз жүзінде қалып келеді. Өскемен мен Семей қалаларын былай қойғанда, он жылдан астам уақыт ішінде Зайсан ауданының өз ауылдары толық қамтылмады. Аудандағы Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдары 2022 жылы қосылуы керек еді, бірақ жоспар орындалмаған.

Газға қосылған Зайсан қаласы (суретте) мен маңайындағы тоғыз ауылға 10 жылға жететін ғана газ қоры қалған дейді билік. 14 наурыз, 2024 жыл.
Газға қосылған Зайсан қаласы (суретте) мен маңайындағы тоғыз ауылға 10 жылға жететін ғана газ қоры қалған дейді билік. 14 наурыз, 2024 жыл.

Бұл сегіз ауылға кезек келгенде газ қоры таусылуға таяды деген хабар тарады. Бас прокуратураның дерегінше, тең жартысы ішкі нарыққа, тең жартысы Қытайға экспортталады деген талап сақталмай, қордың көп бөлігі Қытайға сатылып кеткен.

Осыдан кейін жергілікті халық газды сыртқа экспорттауға наразылық білдірді.

"ШАШУ ШАШЫП, ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛҒАН, БІРАҚ ГАЗ ЖОҚ"

Жергілікті билік газ келеді деп сендірген ауылдардың халқы әлі күнге көмір мен ағаш жағып отыр. Солардың бірі – Дайыр ауылының 74 жастағы тұрғыны Нәзигүл әже. Демікпесі бар кейуана пештің күлін қорқа-қорқа әрең алатынын айтады.

Дайыр ауылының тұрғыны Нәзигүл Қорықпасованың үйін көмір жағып жылытатын пештің күлін алып отыр. 14 наурыз, 2024 жыл.
Дайыр ауылының тұрғыны Нәзигүл Қорықпасованың үйін көмір жағып жылытатын пештің күлін алып отыр. 14 наурыз, 2024 жыл.

– Ұлым екеуіміз ғана тұрамыз. Биыл қыстай екеуіміз бірдей ауырып, ауруханаға кезек-кезек жатып шықтық. Көмірді үйге тасып, күл алу оңай емес. Астмамен ауырамыз, екеуіміз де. Қыс бойы малға шөп салуға көршіміз көмектесті. Кейде көмірді де әкеліп береді. Үлкен адаммын, зейнеткермін, маған қиын болды. Денсаулық жоқ. Газ керек болып тұр, – деді Нәзигүл Қорықпасова.

Дайыр – газ кезегі келген сегіз ауылдың бірі. Тіпті 2021 жылы ауыл сыртына жеткізілген желі мен газ таратқыш аспап салтанатты түрде ашылып, 2022 жылы ауылдың жартысынан көбіне құбыр да салынып кеткен. Бірақ құбыр іші көгілдір отынға толмады.

– Ойбай-оу, ауыл адамдары шашу шашып, лентасын қиып, дал болған, – дейді ашылу рәсімін еске алған Дайыр тұрғыны Бибиза Құрманғожина.

Дайыр ауылының сыртындағы газ таратқыш жабдық екі жыл бұрын салтанатты түрде ашылған, бірақ ауылға әлі күнге газ берілмеді. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, 14 наурыз, 2024 жыл.
Дайыр ауылының сыртындағы газ таратқыш жабдық екі жыл бұрын салтанатты түрде ашылған, бірақ ауылға әлі күнге газ берілмеді. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, 14 наурыз, 2024 жыл.

Бибиза Құрманғожина ашылу рәсімі өткеннен кейін газ келмей қоймайды деп ойлаған. Ол осы үмітпен газ пешіне арнап үйіне жеке бөлме жалғағанын да айтады.

– Мен ғана емес, осы қарайған халық кіреберіс жалғап салды. Үш миллион теңгеден шығынданғандар бар. Аты кіреберіс болғанымен, міне, өзіңіз көріп тұрсыз, үлкен бір бөлме ғой. Үлкейген үйді көмірмен жылыта алмайсың ғой. Көмір деген қымбат әрі көп мөлшерде жағу керек болады. Бала-шағамыз болған соң кеңейтіп едік, амал не, газ келмей жатыр, – деді ол.

Аудандық мәслихат төрағасы Еркебұлан Зағыпаров ауылға газ құбыры бұрынғы әкімнің атүсті қабылдаған шешімімен тартылып кеткен дейді. Оның айтуынша, Дайырға газ жете ме, жоқ па белгісіз.

Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров үкіметтен газ қорын толық зерттеуді сұрайды. Шығыс Қазақстан облысы, 14 наурыз, 2024 жыл.
Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров үкіметтен газ қорын толық зерттеуді сұрайды. Шығыс Қазақстан облысы, 14 наурыз, 2024 жыл.

– Бұрынғы әкім шашуын шашып, жер-көкке жарнама жасап, міне, газ келді, ауылға келеді деген. Ол – шалағайлық. Бір нәрсені "пиарға" пайдаланғандай болды. Артынан тартқан құбырларының жұмысы жүрмеді, – деді Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Расымен, газ құбыры толық тартылып бітпеген. Оған бюджеттен 215 млн теңге жұмсалған.

Ауыл азаматы Марат Биғазанов құбыр тарту аяқсыз қалғаннан кейін, көшелерді асфальттау да кешеуілдеді деп қынжылады.

– Төрт көшені асфальттауы керек болатын. Бірақ газ құбырын тартатын кезде жолдың үстін бұзып тастаған ғой. Құбырға қазған жердің топырағы жолдардың үстіне жайылып, көктемде батпақ болып, айдалып жатыр, – деді Марат Биғазанов.

Газ тарту кезегі жеткен Дайыр ауылына құбыр жартылай тартылып, тоқтап қалған. Жерді қазған мердігер компания жолдарды да бүлдіріп кетті деп шағынады ауыл халқы. 14 наурыз, 2024 жыл.
Газ тарту кезегі жеткен Дайыр ауылына құбыр жартылай тартылып, тоқтап қалған. Жерді қазған мердігер компания жолдарды да бүлдіріп кетті деп шағынады ауыл халқы. 14 наурыз, 2024 жыл.

Құбыр жұмысынан ауыл ішіндегі жол бүлініп қана қоймай, бау-бақша өсіретіндер де зиян шеккен. Дайыр тұрғыны Әйгерім Оралханованың айтуынша, жер қазылғанда арықтар бұзылған.

– Қазу жұмыстары кезінде, жаз уақытында бақшаға су келетін арықтардың бәрін бұзды. Жазда әркім егіннен қысқы азығын жинайды. Арыққа су келмей, халық зардабын көрді. Ал күзде көмір таситын кезде техника батты. Қазып кеткеннен кейін батпақ болды ғой. Халық ол кезде де зардабын көрді. Шынын айтсақ, газдың қызығын көрмедік. Қазу басталғаннан бері халық қана зарбадын шегіп келеді, – деді ауыл тұрғыны Әйгерім Оралханова.

"ГАЗ ПЕШІНЕ ДЕЙІН САТЫП АЛЫП ҚОЙДЫҚ"

Дайырда газ келеді деп жапсарлас бөлме салғандар болса, Біржан ауылында газ пешінің өзін сатып алып қойғандар да бар. Мұны сол ауылдың тұрғыны Гүлжауар Айтмұханбетова айтады.

Дайыр ауылының тұрғыны Гүлжауар Айтмұхамбетова
Дайыр ауылының тұрғыны Гүлжауар Айтмұхамбетова

– Газ тартылмай тұр. Тосқанымызға қанша… Кейбіреулер әуелі газдың пешін несиеге алып қойған ғой. "Келіп қалады", "міне, ойбай, газ тартылады" дегеннен кейін дайындалып… Бәріміз де дайындалдық. Қазір ауылды аралап қарасаңыз, елдің көбі әжетханасын кіреберісіне жасап, кіреберістерін үлкейтіп, газбен жылынады, жағдайымызды жасаймыз деп, жұмыстар істеген. Ал көмір болса қымбат. Өзімізден, міне, жақын жерден шығады көмір. Келгенше 25 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Семейдікі одан қымбат. 28 мың теңгеге дейін. Мысалы, үлкен үйлер жылына 300 мың теңгеден астам қаражатқа көмір жағамыз. Бұл оңай емес, – деді Дайыр тұрғыны Гүлжауар Айтмұханбетова.

Газ тосқан зайсандықтар көмірден әбден қажыған. Көмір кеніші ауданның өзінде бар. Бірақ бағасы Абай облысынан жүздеген шақырым жерден әкелінетін көмірге жетіп жығылады. Бір үй қыста шамамен 10 тонна көмір жағады, яғни жеткізуімен қосқанда 300 мың теңгеге жуық ақша жұмсайды.

Үйдің қасына түсірілген көмір. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан ауылы, 14 наурыз, 2024 жыл.
Үйдің қасына түсірілген көмір. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан ауылы, 14 наурыз, 2024 жыл.

Көмір сапасына ауыл халқының көңілі толмайды. "Тасы көп, үйді жылыту қиын" дейді Қажыхан Дәлелханұлы.

Ал газға қосылған ауыл тұрғындары ай сайын көгілдір отынға 5 мың теңгедей ғана төлейтінін айтады. Олар оның үстіне "от жағып, күл шығарып жан қинамаймыз" дейді.

Зайсан ауданында газға қосылған елдімекендер

Зайсан қаласы және Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдары

Газдандыру жоспарына енген сегіз ауылдың сыртына газ таратқыш аспап салынған. Олардың ішінде Біржан ауылы да бар. Осында тұратын Қажыхан Дәлелханұлы іші бос газ таратқыш аспапқа қарап, көгілдір отыннан үміт етеді.

Біржан ауылының тұрғыны Қажыхан Дәлелханұлы.
Біржан ауылының тұрғыны Қажыхан Дәлелханұлы.

– Әлі газ келген жоқ. Әне, анау тұрған жерге әкеліп қойды ғой. Бірақ ауылға тараған жоқ. Неге тарамағанын біз білмейміз. Өкімет біледі. Газдың болғаны біз үшін, халық үшін жақсы ғой, – деді Қажыхан Дәлелханұлы.

ӘКІМДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Адамдардың арманы орындала ма, жоқ па, белгісіз. Себебі, осыдан екі жыл бұрын аудан әкімдігі газ қоры түгесілуге таяды деп мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, жер қойнауынан барланған 3 млрд 325 млн текше метр газдың 3 млрд текше метрі Қытайға сатылған. 2022 жылы халық наразы болғаннан кейін экспорт тоқтатылды.

Қалған көлем қазір газбен қамтылып отырған Зайсан қаласы мен тоғыз ауылға 10 жылға ғана жетеді деген болжам бар. Бұған басқа ауылдарды қосса, жағдай тіпті нашарламақ. Сондықтан Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Сарыжыра ауылдарын газға қосу жоспары тоқтап қалды.

Біржан ауылында бір отбасы қыстық отынға шамамен 300 мың теңге жұмсайды. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, 14 наурыз, 2024 жыл.
Біржан ауылында бір отбасы қыстық отынға шамамен 300 мың теңге жұмсайды. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, 14 наурыз, 2024 жыл.

Былтыр қыркүйекте бас прокуратура газ өндіруші компанияға газды шетелге көп мөлшерде жөнелткені және әлемдік нарықтан арзан бағада сатқаны үшін 6 млрд теңге айыппұл салғанын хабарлаған.

Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров жергілікті билік жеке компания берген дерекке сүйеніп, газ қоры таусылуға жақын дегенді айтып келеді, ал үкіметтің өзі нақты зерттеу жүргізген емес дейді.

– 325 млн текше метр газ қазіргі газға қосылып тұрған ауылдарға 10 жылға жетеді. Енді сегіз ауылды қосса, газ айналасы бес жылға ғана жетуі мүмкін. Ал газдың жалпылама қоры анықталып, нақты Зайсан ауданында "Тарбағатай мұнай" компаниясында осынша газ қоры бар дегенді мемлекет анықтаған жоқ. Мемлекет осыны халыққа анықтап беруі керек. Егер газ қоры анықталмаса, мемлекеттің ақшасын тендерге шығарып, газ [құбырын] тартып тастағаннан пайда жоқ. Өйткені қор анықталмай тартып тастасақ, қажеті жоқ болып қалады, – деді Зағыпаров.

Газға қосылған Зайсан қаласындағы үйлердің бірі. 14 наурыз, 2024 жыл.
Газға қосылған Зайсан қаласындағы үйлердің бірі. 14 наурыз, 2024 жыл.

Депутат айтып тұрған өңірді газбен қамтуға міндетті мекеме – "Тарбағатай мұнай" компаниясы. Қазақстандық "Курсив" сайтының жазуынша, компанияның құрылтайшылары Нидерландыда тіркелген, ал түпкілікті бенефицары – Қытай азаматы. Сайт дерегінше, "Тарбағатай мұнай" "Сарыбұлақ" кен орнынан өндірілген газ бен мұнайдың 99 пайызын өзімен байланысы бар өзге қытай компаниясына сатып келген.

2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының кіріс департаменті компанияны тексеріп, 7,5 миллиард теңге қосымша салық төлеуге міндеттеді. Компания сотқа жүгініп, ақыры Жоғарғы сот шешімімен 1,9 миллиард теңге қосымша салық төлеуге мәжбүр болған.

2023 жылы қарашада "қосымша салық компания жұмысын тежеді, шығынға батырды" деп сауалхат жолдаған мәжіліс депутаттарына сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов компания қытайлық серіктесіне газды әлемдік нарықтан арзан бағамен сатқанын айтып, жауап берген.

"Тарбағатай Мұнай" компаниясы адамдарымен сөйлесу мүмкін болмады. Өскемендегі кеңсесінде бухгалтер ғана отыратын боп шықты. Басшылығы Алматыда. Өңірге газ тарту туралы әуелгі жоспардың неге аяғына жетпегенін сұрау үшін ресми телефон нөмірлеріне қайта-қайта қоңырау шалғанымызбен сөйлесе алмадық. Тұтқаны ешкім көтермеді. Азаттық компанияға газ мәселесіне қатысты сұрақтар жазылған ресми хат жолдап қойды, осы мақала шыққанға дейін жауап келмеді.

Ал Біржан ауылының халқына есеп беруге келген аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы газ жөніндегі сұраққа жауап беруге құлқы болмады.

– Ресми хат арқылы ғана жауап беремін, – деді Азаттық тілшісіне Аэлита Ахметсәлімқызы 14 наурызда.

Осыны айтты да, әкім қарсы алдынан әндетіп шыққан ақ жаулықты әжелермен көрісу амалын істеп, құшақтасты. Шенеуніктің халыққа есеп беру жиыны Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген болатын.

Наурыз мейрамы қарсаңында Біржан ауылы халқына есеп беруге шыққан Зайсан ауданы әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы (сол жақта) өзін қарсы алған әжелермен "көрісу" амалын жасауға келе жатыр. Шығыс Қазақстан облысы, 14 наурыз, 2024 жыл.
Наурыз мейрамы қарсаңында Біржан ауылы халқына есеп беруге шыққан Зайсан ауданы әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы (сол жақта) өзін қарсы алған әжелермен "көрісу" амалын жасауға келе жатыр. Шығыс Қазақстан облысы, 14 наурыз, 2024 жыл.

Азаттық радиосы Зайсан ауданын табиғи газбен қамту жоспары неге уақтылы іске аспағанын, жоспардағы ауылдар қашан көгілдер отынға қол жеткізетінін сұрап Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне де ресми сауалхат жолдаған. Бірақ әкімдік жазбаша жолдаған жауабында аймақты осы уақытта газдандыру көзделген деп нақты мерзімді атап көрсетпеген.

"Сегіз ауылға газ құбырын салу жұмысы 2022 жылы басталған. Алайда мердігер белгіленген мерзімді бұзды. Қазір осыған байланысты сот даулары жүріп жатыр. Жобаны аяқтау мәселесі сот дауларынан кейін қарастырылады. Сарыбұлақ кенішінде газ қоры шектеулі, облысты газдандыру мәселесі кеніште қосымша қор анықталса қарастырылады. Сонымен бірге энергетика министрлігі солтүстік пен шығыс өңірлерге Ресейден газ тарту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр" деп жазылған Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан Азаттыққа келген жауапта.

Зайсандағы кейбір ауылдың халқы газға қосыла алмай кетеміз бе деп пұшайман болса, кейбір ауыл адамдары он жылдан кейін қайтадан көмірге ауысамыз ба деп уайымдайды. Мәслихат төрағасы билік басқа аймақтан газ жеткізуді ойластырып жатыр дейді. Бірақ үкіметтің Қазақстанның шығыс және солтүстік аймақтарын газдандыру жоспары көп жылдан бері айтылып жүрсе де, іске аспай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG