Accessibility links

Қазақстандағы кедейшiлiкке қарсы әрiптестiк келiсiм жасалды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

ҚР үкiметi мен Азия даму банкiнiң арасында кедейлiкпен күрестегi әрiптестiк туралы келiсiм жасалды деп хабарлайды Үкiметтiң баспасөз қызметi.

Қазақстан Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Александр Павлов пен аталған банктiң Шығыс және Орталық Азия бойынша Департаментiнiң бас директоры Мұхамед Тұсним қол қойған бұл құжатта тараптардың стратегиялық тұрғыдағы әрiптестiк мәмлесi мазмұндалған. Ол Қазақстандағы кедейлiктi азайту мақсатын көздейдi.

Азия даму банкi бұған дейiн кедейлiкпен күрес бағдарламасын жасау үшiн Қазақстанға 800 мың доллар бөлген болатын. Бүгiнгi таңда Қазақстан үкiметiмен бiрлесе отырып, екi жобаны iске асыруда. Оның-- бiрi жалпы сомасы 52 миллион доллар тұратын Алматы-Бiшкек автокөлiк жолын қайта жөндеу, екiншiсi-Оңтүстiк Қазақстан облысындағы су ресурстарын басқару жобасы. Кейiнгi жобаға 50 миллион доллар салынып отыр. 2006 жылға дейiн Азия даму банкiнiң қатысуымен республика бойынша жалпы сомасы 190 миллион АҚШ долларына тең бiрнеше iрi жоба жүзеге асырылмақ.

Тараптар Әрiптестiк туралы келiсiмге қол қойылғаннан кейiн экономиканы дамыту бағытындағы жобалардың кедей адамдардың мүддесiне сай келетiнiн атап өткен. Өйткенi, стратегиялық әрiптестiк адамдарды көбiрек еңбекке тартуға, ауыл мен қаланың арасындағы теңсiздiктердi жоюға, сондай-ақ, сауда саласын өркендетуге бағытталатын болады.
XS
SM
MD
LG