Accessibility links

Түркіменстанда білім алуға ұмтылған жастардың тауы шағылып тұр


Түркіменбашының жаңа жарлығы бойынша, жоғарғы оқуға түскісі келетін талапкерлер ең әуелі екі жыл жұмыс істеп барып, әлгі арманына қол соза алады.

Орталық Азиядағы өзін-өзі тұйыққа тіреп отырған Түркмен елінде елбасы Сапармұрат Ниязовтың жарлығымен жоғарғы білім алуға ұмтылған жастар алдына таудай кедергі жасалып қойылған.

Яғни оқуға түспес бұрын ол талапкерлер, өзі межелеп жүрген оқу орынының сипатына сай келетіндей салада, екі жыл еңбекке араласып барып, содан кейін ғана аңсаған арманына қарай қол соза алады.

Немесе ер балалар екі жыл әскер қатарында болып, борышын өтеуі тиіс. Ал, әскер қатарында жүріп, олардың атқаратын негізгі міндеттері- жол жөндеу және басқа да қара жұмыстарды атқару. Мұның өзі тіпті Совет дәуіріндегі тәртіп жүйесінен де кері кеткендік болып отыр.

Білім беру министрлігіндегі бір өкілдің Франс Пресс ақпарат агенттігі тілшісіне айтуынша, мысалы, Ниязов атындағы Түркмен ауыл шаруашылық университетіне түсу үшін талапкер ең әуелі екі немесе үш жыл астық өндірумен айналысуы шарт.

Сейсенбі күні елдегі ресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша аталған заңды айналып өтіп, кейбір талапкерлерге оқуға түсулері үшін жалған құжат жасап беруге тырысқан жоғарғы оқу орындарының бірнеше оқытушылары мен білім беру саласының мамандары жұмыстарынан қуылған екен.

Елде автократтық билік жүргізіп отырған Ниязов аталған қарарын шілде айында ғана жариялаған еді. Оның осындай алғашқы келеңсіз қорытындылары да шыға бастады. Биылғы жылы мектеп бітіріп отырған 300 мыңдай жастар үшін бұл жаңалық төбеден түскендей, күтпеген оқиға болып отыр.

Соғыс және Бейбітшілік институтының Қазақстандағы кеңсе басшысы Едуард Полетаевтің пікірінше, өткен жылғы қараша айында өзіне жасалған қастандық шабуылдан қорқып қалған Ниязов осындай әртүрлі қадамдарға баруда. Мектептердің оқу бағдарламасы бойынша негізінен Ниязовтың Рухнама кітабы көбірек оқытылады. Бұрынғы 10 жылдық мектеп оқуын бұдан бұрынғы жарлығымен Түркменбашы 9 жылға түсіріп тастаған болатын.

Совет кезеңінде бұл елде жоғарғы оқу орындарына жыл сайын 40 мыңдай талапкер түскен болса, қазір оның саны 3900-ге дейін қысқартылып тасталған. Бес миллион халқы бар, әрі табиғи газға бай бұл елде жұмыссыздар саны шарықтап тұр. Жастар арасында нашақорлықпен айналысу құбылыстары көбейе түскен.

Туған елінде не оқуға түсе алмай, не жұмыс таба алмай сенделген жастардың бәзбіреулері шет елдерге шығып білім алғысы келсе, ол жолдар да барынша қиындатылып тасталған. Себебі, біріншіден, Түркменстаннан азаматтардың шетке шығу әрекеттері мықты бақылауда. Тіпті шыға қалған жағдайда, екінші қиын түйіннің алдарынан сопаң ете қалары сөзсіз. Атап айтқанда, 9 жылдық білімі бар түркмен жастарының құжаттарын Ресей сияқты көршілес елдердегі жоғарғы оқу орындары қабылдамайды. Оларға 10 жылдық білімі бар талапкерлер керек. Осылайша, түркмен талапкер-жастары түркменбашының ойлап табуындағы тұйықталған шеңбер ішінде қалып қоюда.
XS
SM
MD
LG