Accessibility links

Алматыда халықаралық «Азия дауысы» ән байқауы ашылды


Жұма күні Алматыда Республика сарайында қала қонақтары мен өнер сүйер қауымға ХІҮ халықаралық «Азия дауысы» байқауы өз шымылдығын ашты.

Жылдағы дәстүр бойынша конкурсқа қатысушылар құрметіне арнап «Жас қанат – 2003» байқауының жүлдегері Әсел Мадекешова «Өмір өзен» атты әнді шырқады.

Халықаралық аталмыш байқау тұңғыш тұсауын кескеннен бері Гран-при жүлдесін жеңіп алу үшін оған әлемнің 69 елінен үміткерлер келген екен. Бұл жолы да әдеттегідей 15 мемлекеттің әншілері өнер көрсетпек. Халықаралық ән думанында өнер көрсететін үміткерлердің ерекшелігі – дені жас таланттар.

Енді ғана 16 жасқа толған малайзиялық Эляне мен чехиялық Элистер балғын өнер иелері болса да, талай байқаулардың дәмін татып, жүлдесін алып үлгерген. Үміткерлердің біразы өздері ән шығарып, орындайтын, түрлі музыкалық аспапта ойнай білетін өнерлі жастар. Іштерінде әр тілде ән шырқайтындары да бар. Осыған қарап биылғы ән додасының тартысты өтетінін аңғару қиын емес сияқты.

Бүкіл әлем көз тіккен ән додасына қазақ елінің атынан екі үміткер, Маржан Арапбаева мен Нұрділла Сәрсенбаев қатыспақ. Қазақстан намысын қорғағалы отырған қос үміткер де осал емес. Нұрділла Сәрсенбаев жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауының 1995 жылғы дипломанты. Ал Маржан Арапбаева болса «Жас қанат –2002» байқауының жүлдегері.

Үміткерлер арасынан бірінші болып өнер көрсету бақытына македониялық Славиша Кибровский ие болды. Қазақстандық Нұрділла Сәрсенбаев 8-ші, ал Маржан Арапбаева 14-ші болып өнер көрсетеді.

Сондай-ақ қазақ әндерінің байқауы да осы фестивальдің аясында үш күн бойы сарапқа салынбақ. Байқаудың тағы бір ерекшелігі - өнер тақырыбына жазып жүрген журналистерден де қазылар алқасы құрылып, әншілерге өз бағаларын бермек.
XS
SM
MD
LG