Accessibility links

20 қыркүйекте өтетін Алматы қалалық мәслихат сайлауына үміткер-дәрігерлердің пікірі.


Мәслихат сайлауына үміткер Алматы қалалық 7-ші клиникалық ауруханасының бас дәрігері - Тұрарбек Төлендиев, Алматы қалалық 1-ші балалар ауруханасының бас дәрігері – Клара Медеубаева, Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Амантай Біртанұлы сайлауға түсудегі мақсат-тілектерін ортаға салған. Сондай-ақ, мәслихат депутаттығына үміткер дәрігерлер өз бағдарламаларында медицина саласында ақсап тұрған мәселелерді шешуге үлес қосатындықтарын айтады.

Дәрігерлер жағы медицина қызметкерлерін халық қолдайды деп есептейді. Себебі, алдыңғы Алматы қалалық мәслихат сайлауына түскен 10 дәрігердің 8-і сүрінбей өткен болатын.

-Бұл халықтың дәрігерлерге үлкен сенім артатындығын көрсетеді, -дейді Алматы қалалық 7 аурухананың бас дәрігері, Мәслихат сайлауына кандидат Тұрарбек Төлендиев. Сондай-ақ ол - Алматы қалалық мәслихат құрамында 8 бас дәрігердің болуы әжептәуір күш екендігін айтады. Бас дәрігердің пайымдауынша, мұның өзі Қазақстан халқын алдымен денсаулық мәселесі алаңдататындығын байқатады.

Мәслихат депутаттығына үміткер дәрігерлердің сөзіне қарағанда, олардың басты мақсаты - халықтың денсаулығын жақсарту. Олар өз бағдарламаларында да осыны өзек етіп алған. Мәселен, ересек адамдарды емдейтін ауруханалардың бас дәрігерлері, халық арасында салауатты өмір сүру салтын арттыруда және медицина саласындағы шешімін таппай тұрған мәселелерді шешуде үзбей еңбек ететіндіктерін айтса, педиаторлар аналар мен балалар денсаулығын көтеруге ат салысатындықтарын алға тартады.

2003 жылдың ақпан айының басында Алматы қалалық әкімшілігінің Мәжіліс залында 2002 жылы денсаулық саласында атқарылған істерді қортындылауда медицина мамандарын Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Емдеу-профилактикалық департаментінің басшысы Халел Сағын үлкен сынға алды, Халел Сағынның айтуынша, Алматыда аналар өлімі мен жасанды түсік жасаушы әйелдер саны өсіп отыр. Департамент басшысының келтірген мәліметіне қарағанда, Қазақстанда құрт ауруының қарқыны да дес бермей келеді. Мәселен, республикада туберкулез дертіне шалдыққандардың саны 70 мыңнан асып жығылады. Сондай-ақ, туберкулез менингитімен ауыратын науқастар жылдан -жылға молая түсуде.

Алматы қалалық 1-ші клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері, 20 қыркүйекте өтетін мәслихат сайлауына үміткер Клара Құбашқызының айтуынша, соңғы жылдары аналар мен балалар денсаулығының күрт төмендеп кетуіне, бұл мәселеге мемлекет тарапынан жете көңіл бөлінбей қалуы себеп. Мемлекеттің көмегінен тысқары қалған жүкті , жалғызбасты және көп балалы аналардың ауыр тағдыры да елеусіз келеді. Сонымен қатар жылдан-жылға көбейіп келе жатқан қамқорсыз қариялар да әлеуметтік көмекке зәру екендігі белгілі. Клара Құбашқызы Алматы қалалық мәслихатқа депутат бола қалған жағдайда осы мәселелерді шешуге үлес қосатындығын айтып, өз сайлаушылары алдында уәде беріп отыр.

Ал, Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Амантай Біртанұлы осымен 3ші рет мәслихат сайлауына түсіп отыр. Ондағы мақсатын түсіндірген Біртанов мырза қай кезде болмасын халықпен қоян - қолтық араласатын дәрігерлер мен мүғалімдер дегенді алға тартады. Сондықтан да олардың саясатта жүруі дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ, Біртанов мырза дәрігерлер көпшіліктің қандай жағдайда өмір сүріп отырғандығынан хабардар болғандықтан олар халықтың мұң- мұқтажын ел атқамінерлеріне еш бүкпесіз, ашық жеткізе алады дегенді айтады. Сонымен қатар ол, соңғы жылдары беделдерін төмендетіп алған медицина қызметкерлерінің мәртебесін қайта көтеруді қолға алудың қажеттігін сөз етті.

Алматы қала тұрғындарының Мәслихат сайлауына түсушілерге деген пікірі әрқилы. Біреулері – сайлау кезінде олар халыққа құр уәдені беріп, кейін із-түзсіз жоғалып кетеді. Сондықтанда аудан тұрғындары арасында өз сайлаушыларын білмейтіндер де жеткілікті дегенді айтады. Ал екіншісі – ауданды аралап, көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген кандидаттардың ішінде қолынан іс келетін, халық сенімін ақтай алатын азаматтар да бар деп есептейді. Үшінші біреулер - өз округтарынан кімдердің сайлауға түсіп жатқандығынан да бейхабар екендіктерін айтады.
XS
SM
MD
LG