Accessibility links

Қазақстанда экологиялық мәселелердің оң шешімі табылмай келеді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

“Қазақстанда экологиялық мәселелердің оң шешімі табылмай келе жатқандығы министрліктер мен атқарушы органдар жұмыстарының бытыраңқылығында” деп мәлімдеді Айткүл Самақова

Қазанның 14-күні Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде алқа мәжілісі өтті. Оған Астанада өтіп жатқан Азаматтық форумға қатысуға келген үкіметтік емес экологиялық ұйымдардың да өкілдері қатысты.

- Қазақстанда экологиялық проблемалардың оң шешімі табылмай келе жатқандығы бұл министрліктер мен мекемелердің экологияға қатысты жұмыстарының бытыраңқылығында, - деп мәлімдеме жасады Қоршаған ортаны қорғау және экология министрі Айткүл Самақова.

Үстіміздегі жылдың тамыз айындағы Үкіметтің қаулысымен қоршаған ортаны қорғау және оның жағдайын анықтау, нақтылау мақсатында мекемеаралық комиссия құрылған болатын. Оның құрамына Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау және экология, энергетика және минералды ресурстар, денсаулық сақтау секілді министрліктердің басшылары кірген болатын. Қоршаған ортаны қорғау және экология вице-министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, қазан айының аяғында жоғарыдағы комиссия алғашқы отырысын өткізіп, онда ең маңызды деген экологиялық мәселелер талқыланбақ. Олар Каспий теңізіне қатысты және Қытаймен шекаралас жатқан аймақтардан радиациалық қалдықтардың табылуы.

Қазақстандағы экологиялық ахуалға қатысты баяндама жасаған экология министрі Айткүл Самақова бірнеше мәселелерге тоқталды. Алдымен қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмі. Министрдің айтуынша бұл бағытта жеткілікті жұмыс істеуге орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарындағы бірікпеушілік, түсінбестік кері әсерін береді. Мәселен 2002 жылдың қаңтар айындағы салық және бюджет кодекстеріне енгізілген өзгерістер бойынша, қоршаған ортаның ластауына байланысты салықтың 100 пайызы жергілікті бюджетке түседі. Ал Айткүл Самақова болса, бұл бюджетке түскен қаржы орнымен жұмсалмайды дейді. Мәселен 2002-жылы аймақтарға бөлінген 8 млрд. теңге көлеміндегі экологиялық төлемдердің небәрі 19,5 проценті ғана табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында пайдаланылған. Екінші бір министр көтерген мәселе ол - мемлекеттік бақылау. Қазір мемлекет тарапынан Ақмола облысындағы Есіл және Нұра өзендеріне ерекше көңіл аударып отырғанға ұқсайды. Министрдің орынбасары Нұрлан Ысқақовтың айтуы бойынша, жоғарыдағы аталған өзендер мен су қоймалары ластануда.

Алқа отырысында министр Айткүл Самақова экологиялық ахуалды жақсарту үшін барлық мүдделі мекемелердің етене ықпалдастығын қалыптастыру, қоршаған ортаға мониторинг жүргізудің біртұтас жүйесін құру, қазіргі экологиялық нормалардың мәртебесін заңдық деңгейге дейін көтеру қажеттігін айтты.
XS
SM
MD
LG