Accessibility links

Нан бағасы неге құбылды?


Биыл Қазақстан диқандары үшін астықты жыл болды. Ресми деректер бойынша елде 17 жарым млн тонна астық жиналды.

Бірақ, соған қарамастан осы жазда елде кейбір жерлерде қымбаттап кеткен нан бағасы тек жергілікті әкімшіліктердің араласуынан соң қайта түскендей болды. Әйтсе де нанға қатысты күдік әлі де болса сейілген жоқ. Себебі, бірқатар облыстарда ішкі тұтынуға қажетті астық қоры жеткіліксіз күйде қалып отыр.

1998 жылдан бастап Қазақстанның азық түлік корпорациясы жыл сайын мемлекеттің ішкі қажеті үшін орташа есеппен жарты млн тоннаға да толмайтын астық сатып алып келген-тұғын. Ал былтырғы жылы корпорация бұрынғыдан үш есе көп мөлшерде, яғни 1,5 млн тонна астық сатып алды.

- Биыл Қазақстан үкіметі азық түлік корпорациясына жаңа астықтан екі жарым млн тонна сатып алуды тапсырып отыр. Оның 500 мың тоннасы мемлекет қорындағы астықты жаңалауға пайдаланылады, ал, 1 млн тонна астықты елдің ішкі базарында сатуға дайындап отырмыз, - дейді корпорация өкілі Сапархан Омаров.

Елдің ішкі базарында нан бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұруға арналған жаңағы бір млн тоннаға жуық астық қоймаға салынып, кейін белгіленген баға бойынша наубайханаларға сатылады. Мұндай астық қоры жыл сайын жасалып келеді. Алайда, биылғы жаз айында Қазақстанның бірқатар аймақтарында нан бағасының қымбаттағаны мәлім. Осы мәселеге байланысты Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіндегі департамент директоры Төлеутай Рақымбеков былайша жауап береді:

- Бүгінгі күні өндіріліп отырған астықтың көлемі және басқасын алып қарар болсақ, нан бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ.

Ал ендеше нан бағасының негізсіз қымбаттауына не себеп болды деген сауалға министрлік шенеунігінен мынадай жауап алдық:

- Оның себебі, «Ресейде нан қымбаттап жатыр, ендеше бізде де нан бағасын көтеру керек» деген алыпқашпа сөздерге сүйенді. Тамыз айынан бастап біздің Aуылшаруашылық министрлігі аптасына үш рет арнайы мониторинг жүргізді. Оның мәліметтеріне сүйенер болсақ, тамыз және қыркүйек айларында нан бағасы өскен болса, осы қазан айында бұрынғы бағаға тұрақтала бастағаны байқалады, - деді Т.Рақымбеков.

Дегенмен де азық-түлік корпорациясының өкілдері бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар аймақтарында ішкі тұтынуға қажетті астық қоры жеткіліксіз екенін айтып отыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы өзіндегі бар астықты көршілес елдерге сатып жібергендіктен, қазір бұл облыста өз ішкі тұтынуына қажетті 154 мың тонна астық жетпей отырған көрінеді. Астық тапшылығы Атырау мен Маңқыстау облыстарында да қалыптасып отыр. Мамандардың айтуынша биылғы жылдың үшінші тоқсанында 400 мың тоннадан астам астық шетелге бақылаудан тыс сатылып кеткен.

Қазақстанның азық-түлік корпорациясы қазір мемлекеттік сатып алу бағамы бойынша астықтың бір тоннасына 100 доллардан, ал коммерциялық баға бойынша 125 доллардан төлеп отыр. Корпорация өкілдері бұл бағаны жыл аяғына дейін ұстауға уәде береді. Олар мұндай бағаны нарықтың өзі белгілеп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG