Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда өзбекстандық шекарашылардың өздері бергі бетке жаяу өтіп, тып-тыныш күзетте тұрған жас жауынгерді айдың-күннің аманында итімен қоса айдап әкеткендігі және тағы да басқа әлеуметтік, рухани тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

Қазақ пен өзбек шекарасын делимитациялау бейбіт түрде шешіледі дегенмен, дау-дамайдың азаяр сыңайы сезілмейтін көрінеді. Бұл туралы “Жас алаш” газетінің сейсенбілік санында Ғалымжан Елшібайдың мақаласы жарық көрді.

Мақала авторының айтуынша, қит етсе, қару кезеніп, ойланбастан оқ атуға дағдыланған өзбекстандық шекарашылар, бұл жолы өздері бергі бетке жаяу өтіп, тып-тыныш күзетте тұрған жас жауынгерді айдың-күннің аманында итімен қоса айдап әкетіпті. Жоқ жерден шатақ іздеп, шу туғызған өзбекстандық шекарашылардың бүйтіп намысты қорлағанына қатты ашуланған, “Қызыл таң” шекара бекетінің бастығы А. Манасов көп уақыт ұзамастан қарсы жақтың үш жауынгерін ұстап әкелудің көзін табады. Қазақстандықтар тарапынан мұндай шұғыл әрі қарқынды қарсылық күтпеген Өзбекстан жағы екі араға елші жіберіп, кешірім сұрағаннан кейін, ертеңіне бір қазаққа үш өзбекті айырбастап алады. Алайда барымтаны алдымен бастаған өзбекстандықтар, қазақстандықтарды кінәлі көрсетуге тырысып, шара қолдануға шақырады. Міне. соның салдарынан, осы батыл қадамға барып, қазақстандық жауынгерді тұтқыннан босатқан Манасовқа шындығында да шара қолданылғалы жатырған көрінеді.

Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, қазақ-өзбек шекарасындағы дау-дамай ушығып барады. Таяуда қазақ-өзбек шекарасындағы №2020 әскери бөлімнің екі жауынгері Өзбекстанға қарай бағыт түзеген күдікті “Камаз” автокөлігін тоқтатып, құжаттарын тексермек болғанда, контрабандалық тауар тасымылдаушылар соққыға жығып, қашып құтылған. Күзетшінің бірі ауыр жарақат алыпты.

Соңғы екі аптаның ішінде жанар-жағар май бағасының көтерілуімен бірге, азық түлік тауарларының бағасы да шарықтап шыға келгені белгілі. “Известия Казахстан” басылымының 11 қараша күнгі санындағы Елена Меншикованың мақаласында осы тақырып сөз болыпты.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жылдықта табиғи ресурстары бай мемлекеттер ең төменгі экономикалық көрсеткіштерге ие болған. ХХІ ғасырда сан түзеген кедей мемлекеттер арасында Қазақстан мен Әзірбайжан да бар. Бұл туралы “Ақ жол Қазақстан” газетінің соңғы санында жарық көрген Нәзия Жоямергенқызының мақаласында айтылған. Мақала авторының айтуынша, шикізаттық мемлекеттер экономикалық өсімнің бәсеңдігімен бірге басқару жүйесінің дұрыс жолға қойылмауынан да жиі жапа шегеді екен. Оның үстіне көптеген зерттеулер нәтижесі минералдық ресурстар коррупция деңгейінің өсуіне мүмкіндік беретіндігін дәлелдеп отыр. Мұнай саудасынан түскен пайданың үкіметке тікелей бағыныштылығы түсімнің мақсатсыз жұмсалуына және ішкі саяси топтардың пайданы жымқырып қалуына жағдай жасайды екен.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдың ішінде ішімдікке салынған бүлдіршіндердің саны 21 есеге көбейген. “Экспресс К” газетінің тілшісі Николай Халабузар өзінің мақаласында осы проблема жөнінде әңгіме қозғапты. Мақала авторы егер де осы ахуал өзгермесе, енді бір он жылдан кейін ішімдікке салынған тұтас бір ұлт өсіп шығады деп есептейді. Қазақстанда ішімдікке салынған жас балалардың саны соңғы бір жылдың өзінде еке есеге өсіпті. Қазақстанда спирт ішімдігі адам басына шаққанда жылына отыз үш литрден асады екен. Бұл қажетті нормадан төрт есе көп.

“Алматы ақшамы” газетінің кезекті санында жарық көрген Құттыбек Аймаханың мақаласында бүгінгі таңда үлкен сөз болып жатқан өлім жазасын алып тастау мәселесі тілге тиек етіліпті. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, 2000 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 50 адам өлім жазасына кесіліп келген. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш едәуір азайған. Атап айтқанда, 2000 жылы қырық адамға, 2001 жылы 39 адамға, 2002 жылы 18 адамға өлім жазасы туралы үкім шығарылса, үстіміздегі жылдың алты айында тек алты адамға ғана осындай ауыр жаза қолданылған.

Жалпы қазір әлемнің 84 мемлекеті өлім жазасын қолданып, жылына жер бетінде 5 мыңдай адам өлім жазасына кесіледі екен. Дегенмен Қазақстандағы азаматтардың басым көпшілігі өлім жазасына мораторий жариялауды әлі ерте деп есептейді. Мақала авторының айтуы бойынша, өткен жылы мемлекетте 135 мың қылмыс тіркелсе, биылғы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 61725 ті құраған. Бұл орайда кісі өлтіру 6,6 процентке, ауыр қылмыстар 4,7 процентке төмендепті. Қалай болған күнде де келер жылы Павлодардағы бұрынғы химия зауытының аймағында өлім жазасына кесілгендерге арнап айрықша тәртіптегі түрме салу қолға алынбақ.

“Начнем с понедельника” апталығының 11 қараша күнгі санында жарық көрген Владимир Воеводттың мақаласында жексенбі күні өткен “Ақ жол” партиясының кезекті сьезі туралы айтылған. Мақала авторының айтуына қарағанда бүгінгі таңда “Ақ жол” партиясы қоғамдағы демократиялық процестерге батыл араласатын күшке айналып барады. “Ақ жол” партиясының 120 мыңнан астам мүшесі бар көрінеді. Мақала авторы, Алтынбек Сәрсенбаев секілді мықты саясаткердің “Ақ жол” партиясына келуі, партияның күшейе түсуіне ықпалын тигізеді деп пайымдайды.

“Егемен Қазақстан” басылымының соңғы санында жарық көрген Арғынбай Бекбосынның мақаласында жазушы Болат Бодаубайдың шығармашылығы туралы сөз болған.
XS
SM
MD
LG