Accessibility links

Әртүрлі қозғалыстар мен саяси партия өкілдері заңсыз миссионерлікті тоқтату жөнінде үндеу қабылдады


Қазақстандағы түрлі қозғалыстар мен саяси партия өкілдері жиналып, Қазақстан мемлекеті тұрғындарының қазіргі діни руханият жағдайы туралы пікірталас ұйымдастырды. Пікірталасты ұйымдастырушы «Рух» клубы мүшелерінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда бүгін 1543 мешіт, 230 православие, 38 католик, 70 лютеран қауымдастығы және 40 елушіл, 34 иегова куәгерлері, 20 пресветериан топтары, көптеген діни ұйымдар мен секталар жұмыс істейтін көрінеді. Жастардың жат діндерге өтіп жатқандығы жанымызға батады, - дейді Мақсұт Оразай мырза. Сондықтан біз үкіметтен, мемлекет органдарынан миссионерлікке тиым салуды талап етпекпіз. Қазақстан азаматтары қазақ, орыс демей бір ауыздан қарсы шығамыз ба деген үмітіміз бар.

«Рух» клубының белсенді мүшесі Ержан Тілепберді мырзаның айтуына қарағанда, Қазақстандағы ішкі саяси жағдайдың әлсіздігі салдарынан халық рухани дағдарысқа ұшырап отырған көрінеді.

- Қазақстандағы ішкі саяси жағдайдың әлсіздігі салдарынан халық апатты түрде саясаттанып барады. Бұған жол бермеу керек. Өйткені рухани кеңістікті өз қолына алған өзге дінділер идеологиялық іс-әрекеттерге барып отыр. Әкімшілік жүйе бұған ешқандай шара қолданбағандықтан қоғамдық күштер мен оппозиция өкілдері, Қазақстанның мұсылман діни басқармасының өкілдері халықтың наразылығына алаңдап, елді жинап мәлімдеме қабылдап отыр. Өйткені мемлекетіміздің іргетасын кеміріп жеп бара жатқан мына өзге дінділер мен секталардың күшейгені сонша мемлекеттің өзі оларға бақылау жасамай мойын ұсынып кетті. Оған куә жақын күндерде «Жаңа өмір» сектасы Алматының төріне келіп өздерін көрсетіп кетті. Мыңдаған қазақ жастарының солардың уағыздарын айтып, жетегінде кеткеніне куә болдық. Бұл жақсылықтың нышаны емес.

Еділ Ермекбайұлы есімді студенттің айтуына қарағанда, жастардың басқа дінге кетулеріне қазіргі экономикалық жағдай себеп болып отырған көрінеді.

- Қазір бізде рухани тәрбие жоқ. Ата-аналарымыздың өзі балаларына дұрыс діни тәрбие бере алмайды.

Пікірталасқа қатысушы әртүрлі саяси қозғалыстар мен партия өкілдері заңсыз миссионерлікті тоқтату жөнінде үндеу қабылдады.
XS
SM
MD
LG