Accessibility links

Қазақстан елбасы жайлы кітап авторы 2008 жылғы дейін билік басында Н.Назарбаевтың отырғанын қалайды


Жұма күні Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға екі күндік ресми сапары басталады. Екі ел басшыларының ұйғарымымен былтырғы жыл Қазақстанның Ресейдегі жылы ретінде аталып өтсе, Қазақстанда биылғы жыл Ресейге арналмақ. Осынау атаулы жылдарға арналып Қазақстанда әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Бейсенбі күні түстен кейін Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен кездесу де осындай мақсатпен ұйымдастырылды. Қазақстан президентінің қайраткерлік бейнесіне арналған «Нұрсұлтан Назарбаев. Тарихта қалар із» атты кітап авторы Ольга Видова журналистермен өз ой-пікірімен бөлісті.

Мәскеудің экономика, статистика және информатика университетінің Өскемендегі филиалын басқаратын Ольга Видованың бұл кітабы осымен үшінші мәрте баспадан шығып отыр. Кітап ең алғаш 1998 жылы жарық көрген болатын. Ал сол жылдың күзінде республика парламенті елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағаны белгілі.

Негізгі мамандығы тіл білімі болғанымен, соңғы 5-6 жылдың көлемінде саясаттану тақырыбында бірқыдыру еңбек жазып тастаған О.Видова ханымның айтуынша Қазақстан елбасы жайлы жазылған кітаптың бұрынғы нұсқасы толықтырылып, осы жолы 50 мың данамен Ресейде басылып шығыпты. Дәл қазіргі таңда Қазақстанның ең мықты деген жазушылары үшін бұндай данамен кітап бастырып шығару үлкен арман.

Автор кітабында 14 жылдан бері Қазақстанды билеп отырған елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси тұлғасына, соңғы он екі жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанда атқарушы билік басында болған үкіметтер мен олардың жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясатына өзіндік баға берген. Осы кезеңде елде болған үлкен өзгерістер жайлы баяндай келе кітап авторы қазіргі уақытта Қазақстан ТМД елдері арасында қаржы-несие, тұрғын үй шаруашылығы және жалпы экономиканың көрсеткіштері мен заң шығару жағынан көршілес Ресейден де озып кеткенін айтады.

- Әлеуметтік-экономикалық салада түрлі ауыртпашылықтарды жеңе отырып, ХХІ ғасырдың басында Қазақстанның қол жеткізген табыстары негізінен мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегі, - дейді Ольга Видова.

Осы орайда біз автордан Қазақстан басшылығы елде демократиялық өзгерістерді жүргізуге құлықсыз екенін айтып жүрген билікке оппозициядағылардың талаптарына қатысты пікірін сұраған едік.

- Оппозиция үшін, олар қай жерде отырмасын, билікке сын айту қашан да жеңіл, - дейді О.Видова. - Мәселен, менің өз басыма батыстық демократияның ешқандай қажеті жоқ.

Осы жерде Ольга ханым өз кітабының негізгі кейіпкері Н.Назарбаевтың жиі айтатын сөзін қайталады.

- Батыста демократия 670 жыл бойы дамып-қалыптасты, ал біз ол жолға енді ғана түстік. Оның үстіне әрібір ел демократияға әртүрлі көзқараспен қарайды. Бұны президент Н.Назарбаев та, оның ресейлік әріптесі В.Путин де жақсы түсінеді, - дейді О.Видова.

Ол сөз арасында қазірде өзінің тағы бір маңызды еңбек жазып жатқанын айтты. Оның басты кейіпкері Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин болмақ.

Саясат жайлы айтқан сөзінде Ольга ханым қазірде Құсмұрындағы қамау орнында жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновты Ресейде түрмеде отырған Михайл Ходорковскиймен салыстырды. Оның пікірі бойынша, «бұл екі адамның істері бір-біріне ұқсас, екеуі де байып алғанан кейін билікке ұмтылғандар».

Әуесқой саясаттанушыға біздің қойған келесі сұрағымыз Қазақстанда саяси биліктің ауысуы хақында болатын.

- Қазақстанда 2008 жылға дейін билік басына басқа адамды әкелудің қажеті жоқ. Себебі, ел қазір даму үстінде, қоғамда тұрақтылық орнаған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев күш-қайраты әлі бойында, бабында отырған қайраткер, сондықтан оған өзі бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беру керек, - дейді мәскеулік университеттің Қазақстандағы өкілі О.Видова.

Қазақстанда қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан барлық үкіметтік бағдарламалар президент Н.Назарбаевтың белгілеген «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стартегиясы» деп аталатын басты құжатты негізге алады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG