Accessibility links

Cенатор Уалихан Қайсар өлім жазасын орындауға мораторий енгізуге қарсы.


Парламент Мәжілісінде мақұлданған “Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстеріне өлім жазасынa мораторий енгізуге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы ақпанның 10-ы күні болған Сенаттың заңдар және құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды.

Бұл Қазақстан президентінің Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы 2003 жылдың 17-і желтоқсандағы №1251 санды Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген жоба. Жоба бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға келетін болсақ, Қылмыстық кодекстің өлім жазасына кесілген және өлім жазасын қолдануға мораторий қолданылатын адамдардың мәртебесін, мораторий қолданысының кезеңінде, сондай-ақ оның күші жойылғаннан кейін қылмыстық жазаларды іске асыру шарттары мен тәртібін белгілеу бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өлім жазасы туралы үкімді қараудың және өлім жазасын орындауға мораторий енгізу кезеңінде ,сонымен қатар оның күші жойылғаннан кейін заңды күшіне енгізу тәртібі мен негізін белгілейді. Қылмыстық атқару кодексіне енгізілетін өзгеріс, онда мораторий қолданысының уақытында сондай-ақ оның күші жойылғаннан кейін өлім жазасын орындауды тоқтата тұрудың реттелуін көздейді. Өлім жазасын кейінге қалдыру кезінде оның күші жойылғаннан кейін өлім жазасына сотталғандарға кешірім жасау құқығын қамтамасыз ету кепілдігін бекітуді көздейді. Әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосынов: “Сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторий енгізудің тағы бір себебі бұл Қазақстанның Еуроодаққа кіруіне жол ашады және барлық Еуропалық құқық қорғау ұйымдары қолдайтын қадам болмақ”- деді Ал сенат депутатының ішінде өлім жазасына мораторий енгізуге қарсы жалғыз сенатор Уалихан Қайсардың айтуынша: - Қатысып отырған 33 сенатордың ішінде бір-ақ дауыс қарсы болды.Ол менің дауысым.Неге десеңіз мен мораторий жариялағанға қарсымын, меніңше өлім жазасы қалуы керек. Біздің қоғам бүгін оған дайын емес.Бірнеше кісіні өлтірген,бірнеше баланы немесе қыздарды зорлап өлтірген адамның осы дүниеде өмір сүруге құқы жоқ. Сондықтан өлім жазасын орындауға мораторий енгізу деген дұрыс емес.Президенттің ұсынысы болса да, мен оған қарсымын. Зардап шеккен, өлген адамдардың рухтарының алдында менің арым таза. Өзім үшін халықтың пікірін айтып жүрмін деген ойдамын. Қазақстанның Еуроодаққа төрағалыққа ниет білдіріп отырғандығы да себеп болуы мүмкін,- дейді сенатор Уалихан Қайсар: -Еуропа айтты-ау деп қолма –қол солардың талаптарын орындау дұрыс емес.Өлім жазасы Жапонияда, Канада да бар. Президентті де түсінуге болатын шығар. Ол 2009 жылы Еуроодаққа төрағалыққа түсемін деп үміттеніп жүрген шығар, бірақ дегенмен сол Еуропаның талаптарын ғана ойлап, халықтың мүддесін ойламауға біздің ешқандай хақымыз жоқ. Сөйтіп Сенаттың заңдар және құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысы соңында “Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстеріне өлім жазасын орындауға мораторий енгізуге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы ақпанның 13-і күні болатын Сенаттың жалпы отырысына шығарылатын болып шешілді.
XS
SM
MD
LG