Accessibility links

Каспий теңізіне мұнайдың төгілуіне жол бермейтін арнайы топ құрылатын болды


Каспий теңізіне мұнайдың төгілуіне жол бермейтін немесе төгілген мұнайдан тазартатын топта 300 дей адам жұмыс жасайды, деп жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің 5-ші наурыз күні таратқан ақпаратына жүгінсек, топқа алынатын мамандар алдын ала дайындықтан өтеді. Агенттіктің баспасөз хатшысы Қайыржан Төрежанұлы бұл құрылатын топ, қазіргі заман талабына сай жұмыс атқаратын болады дейді.

Қайыржан Төрежанұлы,Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің баспасөз хатшысы:

-Құтқару топтарын ең алдымен жоғары сападағы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз, сол себептен олар жұмысын жақсы атқарады, деп ойлаймын.

Қазіргі таңда Қазақстан үкіметі апаттың алдын алатын немесе мұнаймен ластанған Каспий суын тазартатын топты құру үшін қанша ақша бөлетіні белгісіз. Әзірге, арнайы топқа, өрт сөндіретін құрал жабдығы бар екі кеме, екі қайық берілетіні айтылып отыр.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, соңғы үш жылда Каспий теңізіне 11 рет мұнай төгілген. Алайда «Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Махамбет Хакімов ресми деректерге күмәнмен қарайды. Махамбет Хәкімов, «Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйым жетекшісі:

-Бүгінгі таңда Каспий маңында болып жатқан жағдайды тексеріп жатқан адам жоқ. Көптеген ұңғы судың астында қалды. Су астындағы қалған ұңғылардың 200 дейінде мұнай бар. Бұл ұңғылардан мұнай шығып тұрады. Үкіметтік емес ұйым жетекшісі Каспий экологиясын қазірден бастап ретке келтіру керек, деп санайды. Олай болмаған жағдайда, Каспий Арал тағдырын қайталауы мүмкін,- дейді Махамбет Хәкімов. Махамбет Хәкімов, «Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйым жетекшісі:

-Бізге неге шу көтере бересіңдер, деп сын айтады. Егер біз бар мәселені қазір айтпасақ, болашақта Каспийды сақтай алмай қаламыз. Кезінде Арал мәселесін көтергенімен, нәтиже болмады. Енді Каспий Аралдың тағдырын қайталамау керек. Арал маңында тұрған азаматтардың басым көпшілі босқын болып кетті.Каспий табиғатын нашарлатып алсақ, біз қайда барамыз, біз осы мәселе жөнінде ойлануымыз керек.

Экологтар алаңдап отырған Каспий табиғатын қарапайым қазақстандықтар қалай бағалайды, осы сұраққа жауап алу үшін біз тұрғындар арасында арнайы саулнама жүргіздік. Қарапайым алматылықтар:

-Каспийдың қаншалықты лас екенін білмейміз, бірақ ластау жерлері бар. -Негізінде Каспий экологиясына айтарлықтай назар аудару керек, деп ойлаймын. -Каспий теңізіне төгілетін мұнайдың салдарынан балық, құс,басқада жануарлар қырылып жатыр.

-Каспий тек Қазақстанның теңізі емес -бұл бес мемлекеттің теңізі.Сонымен қатар бұл теңізде бар мұнай Қазақстанның мұнайы, деп айтуға болмайды.Қазақстан жағындағы мұнайды шетелдің алпауыт компаниялары иеленіп алған. Бұл компаниялар Каспий экологиясына назар аудармайды да. Ал Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі шетелдік компанияларға талап қоя алмайды.

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі осы уақытқа дейін Каспий экологиясына зиян тигізген қанша компанияны жауапқа тартқанын білгіміз келді,алайда министрліктің баспасөз хатшысы Ұлан Қасымбеков толыққанды ақпарат бере алмады.

Ұлан Қасымбеков, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

-Ең бастысы біз оларға айыпұл салдық, олар мемлекетке айыпұлды төледі. Бірақ қанша компания айыпұл төлегені туралы айта алмаймын, себебі қолымда бұл жөнінде құжат жоқ.

Каспий теңізіне мұнайдың төгілуіне жол бермеу үшін арнайы құрылатын топтың базасын Баутино портында орналастыру жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG