Accessibility links

“Жасыл ғаламшар үшін” экологиялық қоғамдық ұйымы құрылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Көкектің 26-сы күні Алматыда “Жасыл ғаламшар үшін” экологиялық бірлестігінің өкілдері өздерінің көкектің 20-сы күні ҚР Әділет министрлігінде қоғамдық ұйым болып тіркелгендігі туралы мәлімдеді. Аталған экологиялық қоғамдық ұйымның төрағасы Мұсағали Дуамбеков мырзаның айтуынша, жаңадан құрылып отырған қоғамдық ұйымның басты мақсаты – Қазақстан қол қойған халықаралық дәрежедегі конвенцияларды мемлекет деңгейінде іске асыру, Қазақстандағы экологиялық жағдайды сауықтыру үшін жұмыс істеу. Сондықтан біздің алға қойған мақсатымыз – сол құжаттарды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру. Ол үшін алдымызға төмендегідей міндеттерді қойып отырмыз,-деді.



-Бірінші, экономиканы экологияландыру. Бұл біздің мүмкіндігінше өндірісте табиғи ресурстарды аз пайдаланатын болсақ, экономиканы экологияландырғанымыз. Екінші, заңды экологияландыру. Қоршаған ортаға байланысты 11 заң бар. Бірақ олар бір-біріне қарама-қайшы. Сол заңдардың барлығын топтастыру керек. Экологиялық кодекс жасауымыз керек. Үшінші, үкіметті экологияландыру. Бізде барлық министрліктер қоршаған ортаға қатысты. Негізгі қызметтері қатысты болмағанымен табиғатты пайдалану мәселелеріне күрделі өзгерістер енгізіп отырады. Сондықтан барлық министрліктер экологияға ат салысып отыруы керек.



Мұсағали Дуамбеков мырза осы міндеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстандағы барлық экологиялық ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіріп күзге дейін жасылдардың партиясын құруды көздеп, қол жинап жатқандықтарын айтты.



-Шет елде жасылдардың партиясы демократиялық партия, либералдық партиядан кейінгі үшінші орында тұратын партия. Ол партиялардың өздерінің белгілі бір саяси бағыттары бар. Бізде осыған келіп қалдық. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіріп жасылдардың партиясын құрсақ па деген ойымыз бар.

Осы орайда, басқа экологиялық ұйымдар бірігіп жасылдар партиясын құруға қалай қарайды? “Табиғат” экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов мырзаның пікірінше, Қазақстанға экологиялық сипаттағы партия керек. Бірақ “Жасыл ғаламшар үшін” экологиялық қоғамдық ұйымының экологиялық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарды біріктіріп партия құрамыз дегені бекер сөз.



-Партияға қоғамдық қозғалыстар кірмейді. Партияға жеке азаматтар кіреді. Жалпы сондай күш болмаса істің бәрі бекер. Парламентте экологтар көп болмаса біз ештеңе де істей алмаймыз. Ал эколог-маман Асылхан Артықбаев мырза болса, “Жасыл ғаламшар үшін” экологиялық қоғамдық ұйымы өкілдерінің партия құру туралы ойларын құптайтындығын айтады.



-Экологтардың басын біріктірмесе Қазақстанның жағдайы дұрысталмайды.



Эколог- ғалым Молдағали Матқанұлы өз ойын былайша білдірді.



-Қоғамдық ұйым өкілдерінің алдына қойып отырған мақсаты өте көлемді әрі күрделі. Біздің қоғамымызға ауадай қажет. Бізде экологиялық жағдай жылдан-жылға сағат сайын ушығып тұрған уақытта бағдарламаларды іске асырса, қазақстандықтардың алдында үлкен абыройға ие болады,- деп ойлаймын.



Қатардағы қазақстандық азаматтар экологиялық сипаттағы жасылдардың партиясының құрылуына қалай қарайды?



-Қарсы емеспін. Экологиялық мәселені шешіп жаста үлкен жетістік емес пе.



-Қазіргі таңда Қазақстанда партия деген көбейіп жатыр ғой. Менің ойымша құрылып жатқан партия сайлау алдындағы билікке таласу. Жоғарыдан мандат алу. Шенеунік болу басқа алдына қойған мақсаты жоқ.



-Халыққа септігі тиетін болса құрылғаны дұрыс. Қазір мына Алматыны көгалдандырып, көркейту керек деп ойлаймын. Сондықтан партияның болғаны жөн шығар.



-Мұндай партиялар бұрыннан бар деп естігенмін. Қазіргі кезде экология өте нашар. Оны жөндеу керек.
XS
SM
MD
LG