Accessibility links

Қазақстанда тағы бiр Демократиялық партия пайда болғалы отыр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстанда бiр-бiрiне аттас, ұқсас партиялардың қатары көбейiп келедi. Олар Қазақстанның екi астанасы – Алматы мен Астанада кезектесiп өтуде. Көкек айының ортасында Алматыда Қазақстанның Коммунистiк партиясының кезектен тыс съезi өтсе, таяуда ғана Астанада Қазақстан Республикасының Коммунистiк партиясының құрылтай сьезi өттi. Өткен аптаның басында Қазақстанның демократиялық таңдау партиясы Әдiлет министрлiгiне құжаттарын тапсырса, күнi бүгiн Астанада Қазақстанның Демократиялық партиясының құрылтай съезi өттi. Құқықтық Қазақстан үшiн деп аталатын қозғалыстың төрағасы Қазақстанның мемлекеттiк Заң Академиясының ректоры, Мақсұт Нәрiкбаев өзi құрып отырған партияның атауын Қазақстанның демократиялық партиясы болсын деп ұсыныс жасады. “Неге Демократиялық деп өзiмiзiдi атадық, өйткенi бiздiң қоғамдық бiрлестiгiмiз демократиялық заңдарымызды қабылдауға тiкелей ат салысып, демократияның таңдап ғана қоймай, демократиялық қоғам құруға бүтiндей ат салысып жүргендiктен осылай атауды жөн көрдiк”, – дейдi Мақсұт Нәрiкбаев.

Құрылтай съезiнде Мақсұт Нәрiкбаевтың ұсынысымен партияның ән ұраны Шәмшi Қалдаяқовтың “Менiң Қазақстаным” әнi болды. Айта кету керек, бұл республикалық “Асар” партиясының да ән ұраны болып саналады.

Партияның құрылтай съезiне өзге партиялардың жетекшiлерiнен тек “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бiрi Әлихан Бәйменов ғана қатысып, құттықтауын жеткiздi. “Демократиялық партия деп жатыр ғой, ертең әдiлет министрлiгi тiркей ма, тiркемей ма бiлмеймiн, бiрақ атауы қандай болса да партиялар бағдарламаларымен бiр-бiрiнен ерекшеленiп тұруы керек. Бiз өзiмiздiң бағдарламамыздай бағдарлама ешқандай партияда жоқ екендiгiн бiлемiз. Сондықтан жаңа партиялардың пайда болғанын бiз дұрыс деп есептеймiз”,– деп жауап бердi Әлихан Бәйменов “Азаттық” радиосының қойған сұрағына.

Қазақстанның Демократиялық партиясы ұйымдастыру комитетiнiң мүшесi Әдiл Жүнiсов алдағы екi-үш аптаның iшiнде партияның қолы 50 мыңға жететiндiгiне сенiмдi. Құрылтай съезге Қазақстанның барлық аймақтарынан үш жүзге тарта делегат келгендiгiн жариялады. Дегенмен құрылтай съезi өткен Күләш Байсейiтова атындағы опера-балет театрында Заң Академиясының студенттерi көптеп келдi және олар өздерiн осы партияға мүше болып кiргендiктерiн де жасырмады. Коммунистер партиясының жетекшiсi, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Серiкболсын Әбдiлдин құрылып жатқан партияның атауына қатысты, халықты шатастыру деп бiледi. Ол күн санап партия құрушылардың саны көбейiп бара жатқандығына қатысты “ партияларды бiр-бiрiмен соғыстырып, айтыстырып қою үшiн жасалынып отырған саясат” дейдi. Сонымен Қазақстанның Демократиялық партиясының ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Мақсұт Нәрiкбаев тiркеуден өткеннен кейiн алдағы Парламент сайлауына белсене кiрiсетiндiктерiн де жеткiздi.
XS
SM
MD
LG