Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04 - 30 - 2004


Мерзімді басылымдарда американдық азамат Джеймс Гиффеннің сотта басқаша түсініктеме бере бастағандығы және Қазақстан президентінің қыздары Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева туралы мақалалар жарық көріпті.

“Ассанди таимс” басылымының жұма күнгі санында жарық көрген Сағындық Меңдібаевтың мақаласындағы келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан президенті мен оның қарамағындағылардан көптеген миллион доллар пара алды деп айыпталып отырған американдық азамат Джеймс Гиффеннің төңірегіндегі дау-дамай күн өткен сайын ушығып барады. Мақала авторы соңғы деректерді келтіре отырып, Джеймс Гиффеннің бүгінгі таңда жанын сауғалап, өзін-өзі қорғауға көгіп, бұрын-соңды айтылмай келген дүниелерге қатысты түсініктеме бере бастағандығын хабарлайды.

Атап айтсақ, Гиффеннің адвокаты Уильям Шварц 2004 жылдың 4 ақпанында Америка Құрама Штаты Бас прокурорының орынбасары Питер Найманға сотта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың “Мобил”, “Амокo”, Филипс Петролеум” секілді американдық ірі мұнай компанияларынан пара алған айыпкер ретінде қаралуын талап етіпті.

Ал, жеке басына тағылған айыптауларға қатысты Джеймс Гиффен бүкіл кінәні өзінен алып тастау үшін Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Нұрлан Балғымбаевқа байланысты пара берілгендігіне қатысты жауапкершіліктен босатуын талап етіп, сотқа хат жазған. Джеймс Гиффен мұның себебін Қазақстанда пара бермейінше ешқандай да жұмыстың алға жылжымайтын жүйенің тамырын тереңге жібергендімен байланыстарған.

Мақала авторының айтуынша, Джеймс Гиффен мемлекет басшысы өзі күәлік табыстаған ең негізгі, маңызды кеңесшілерінің бірі болған.

“Қазақгейт” тақырыбын жалғастырған “Сөз” газеті Джеймс Гиффеннің адвокаттарының, іске тіркелген құжаттар негізінде, осы кезге шейін Қазақстан басшылығынан алынған ақшалардың пара емес, Нұрсұлтан Назарбаев пен Нұрлан Балғымбаевтың тапсырмаларымен алынған трансакциялар екендігін дәлелдеуге тырысып жатқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, егер де істің беті насырға шапса, Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық қауымдастықтың алдында жеке есеп-шотының нөмірлерін ешкімге бермегендігін дәлелдеуге тура келеді.

“Қазақстан” басылымы болса Америка Құрама Штатында тергеу жүріп жатқан жылдар ішінде Назарбаев пен Гиффеннің қорғаушылары ортақ бір бағдар ұстанып қорғанумен келгендігіне тоқталып өтіпті. Мақала авторының айтуынша, осы кезге шейін Гиффен Назарбаев пен оның мемлекет істерін қолдарында ұстап төленген төлемдер пара емес деп, ал, Қазақ елінің мемлекеттік органдары Америка Құрама Штаты Әділет департаментіне жолдаған меморандумдарында “Президенттің кеңесшісі қазақстандық заңдылықтар шеңберінен шыққан жоқ” деп ант-су ішіп келген. Газет тілшісі қазіргі кезде Джеймс Гиффеннің бұл іске қатысты саясатын өзгерткендігіне тоқтала келіп, негізгі қылмыскерлер Назарбаев пен Балғымбек екенін , өзін солардың тапсырмасын орындаймын деп, алданып қалғанынын дәлелдеуге тырысып бағуда екендігін айтыпты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева да мерзімді басылымдардың басты кейіпкеріне айналыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымының жұма күнгі санында Дариға Назарбаевамен жүргізілген көлемді сұхбат жарық көріпті. Газетке берген сұхбатында Дариға Нұрсұлтанқызы өзінің де, сіңілілерінің де президенттің қызы болғаны үшін ғана сынға ұшырай беретіндігін тілге тиек етіпті. Дариға Назарбаева дұрыс сын айтыла бермейтіндігіне тоқтала келіп, сын айту мен күйе жағудың арасында айырмашылқтың жоғалып бара жатқандығын сөз қылыпты. Сондай-ақ Дариға Нұрсұлтанқызы қоғамның бұл кезеңді өткізуі керектігін айта келіп, адал көңілмен айтылатын сынның дәуірінің басталатындығына үмітті екендігін де білдіріпті.

“Ассанди таимс” басылымы болса президенттің тағы бір қызы Динара Құлыбаеваның күйеуінен әкесінің қоры үшін ақша сұрап отырғандығын хабарлапты. Мақалада президенттің қызы Динара Құлыбаеваның қолы қойылған құжаттың 2003 жылдың 14 наурызында “Қазмұнайгаз” жабық акционерлік қоғамына келіп түскендігі баяндалыпты және Динара Құлыбаеваның қолы қойылған сол құжаттың өзі де мақаламен қатар беріліпті. Мақала авторының айтуынша, Динара Құлыбаева “Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың” атындағы қоғамдық қоры үшін “Интелектуалдық олимпиада” атты ойын өткізу мақсатында “Қазмұнайгаз” жабық акционерлік қоғамынан 380 мың доллардан астам қаражат сұраған.

Газетке осы құжатты жіберген белгісіз біреу тек қана президенттің үлкен қызының ғана емес, сонымен қатар ортаншы қызының да әкесінің атын пайдаланатындығынан хабардар етіпті. Мақала авторы егер де басқа елде президенттің қызы өз әкесінің атында қор ашып және онымен қоймай оған ақша сұраса бүл үлкен дау туғызар еді деп есептейді. Газет тілшісі мақала соңында, егер де президент мемлекетті жекешелендіріп алып, оны өзінің саяси қарсыластарына қарсы қолданса, оның қыздарының біреуі әкесінің атын саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін, ал екіншісі әкесінің атындағы қорға ақша жинау үшін пайдаланып жүр деген ойын білдіреді.
XS
SM
MD
LG