Accessibility links

Аджариядағы тығырық оның астанасы Батумидегі порттарға апаратын темір жолдар арқылы тасымалданатын каспий мұнайына кедергі болып тұр.


Халықаралық ақпарат көздерінің Әзірбайжан темір жолдары кәсіпорнына сілтеме жасаған мәліметтері бойынша, Әзірбайжан мен Грузияның шекарасында Қазақстан, Түркменстан және Әзірбайжан мұнайын тиеген 2 мыңға жуық вагон қаңтарылып тұр.

Қазақстандағы мұнай саудасына жауапты ұлттық компания құрамындағы «Қазмұнайгаз» сауда үйінің президенті Жанболат Сарсеновтың пікірінше, бұл вагондардағы мұнай Қазақстаннан шыққанымен, оның мемлекеттер арасындағы тауар айналымына қосатын үлесі шамалы.

-«Қазмұнайгаздың» мұнайы емес, ол басқа мұнай. Олар комерсанттар, олар өздері шешу керек, не істейтінін.

Болашақта, Грузия территориясы арқылы өтетін, салынып жатқан Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры Грузияны тіпті маңызды қылып отыр дейді сарапшылар. Бұл мұнай құбыры соңғы 10 жылда жасалған ең үлкен экономикалық жоба деп бағаланған. Жорамал бойынша, 2005 жылдың көкек айынан бастап, бұл құбыр арқылы ағылатын каспий мұнайы әлемдік базарларға жеткізілетін болады. Кейінгі кезде Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының құрылысына Аджариядағы саяси ахуал әсер етуі мүмкін деген пікірлер айтылуда. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек, бұл мәлімет шындыққа жанаспайды.

-Біздің Аджариямен байланысымыз жоқ. Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры әлі 2 жыл салынады. Аджарияның проблемасы 2 айда шешіледі. Екеуінің байланысы шамалы.

Ендігі Аджариядағы дағдарыс Еуропа-Кавказ-Азия бағытындағы Еуроодақтың ТRАСЕCА жобасына кедергі келтіріп отыр, дейді Грузин темір жолдарының бақылаушылар одағының мүшесі Георгий Хухашвили. Оның пікірінше, Грузия арқылы каспий мұнайын өткізуге бағытталған бұл жоба жүзеге аспаса, транзитке жауапты компаниялардың біразы Грузия бағытынан бас тартуға мәжбүр болады. Ал, «Қазмұнайгаз» сауда үйінің президенті Жанболат Сарсеновтың пікірінше, Қазақстан үкіметі транзиттік төлемдері ең төмен бағыттарды іздейді, мәселен қазір, республика үкіметі Қазақстанның Ақтау портынан Иранның Мера қаласына апаратын бағытты таңдап отыр.

-Біз Ақтаудан сатамыз ол әрі қарай Бакуға, Бакуден Батумиге, Ирандағы Мераға кетуі мүмкін. Ал, Қазақстанның, «Қазмұнайгаздың» мұнайы бәрі өз бағыттарында орнымен жүріп жатыр.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ресей жағы Қазақстан мұнайының өз территориясы арқылы өтпейтін бағыттарынан бәсекелестік көріп отыр. Әзірге, Каспий мұнайының едәуір бөлігі Теңіз-Новороссийск бағытындағы құбырларымен тасымалданып жүр. 1992 жылы Ресей, Қазақстан және Оман сұлтандығының күшімен салынған бұл құбыр қазір Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерін Ресей транзитіне тәуелді қылып ұстап отыр,-дейді сарапшылар. Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан - экономикалық тұрғыдан тиімді бағытты таңдайды.

-Бұл саяси мәселе емес, кейбіреулері айтады Қытаймен дос болсақ, Ресеймен дос болсақ, соларға ғана мұнай береміз деп. Достықтан басқа сауда бар ғой. Қытайға баратын мұнайдың 25 пайызға қымбат екенін білсек, ол бізге пайда емес пе?

Қалай болған күннің өзінде, Қазақстандық мұнайды тасымалдау мәселесі әлі толық шешілмеген. Бағыттардың көп болғандығының зияны жоқ. Керісінше, мұнайдың бірнеше бағытта тасымалдануы республика үшін тиімді болуы мүмкін деген пікір қалыптасып отыр.
XS
SM
MD
LG