Accessibility links

Қазақстан түрмеде отырғандардың индексі бойынша әлемде үшінші орыннан 19–шы орынға шықты

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Үкіметі қабылдаған қылмыстық атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасына 9,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы сотталғандарды ұстау жағдайын жақсартуға және тергеу изоляторларын қайта құруға көзделіпті.

Ал, түзеу мекемелеріндегі сотталғандар саны 48 мыңға, тергеу изоляторындағылар саны 8 мыңға дейін төмендепті.

Қазақстан түрмеде отырғандардың индексі бойынша әлемде үшінші орыннан 19–шы орынға жылжыған. Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков, Қазақстан түрмелерінде сотталғандардың азаюына заңдардың жетілдірілуі әсер еткенін айтады.

Министр, келешегі жоқ колонияларды жабу мәселесі 1988 жылдан бастап бірінші рет қойылып отырғанын және өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты қажетті іс-шаралардың қолға алынғанын айтады.

Оңалсын Жұмабеков соталғандардың білім алуы және дінге сенуі жағынан толық жағдай жасалған. Қазіргі кезде 6 500 сотталушы оқитын 46 мектеп және 3 500 сотталушы оқитын 32 кәсіптік мектеп жұмыс істейді. Онда 30 мамандық бойынша үйретеді дейді.

Министр қылмыстық атқару жүйесі органдары қызметкерлерінің атқаратын лауазымдарына орай аттестация өткенін, оның нәтижесінде 493 қызметкерге ескерту жасалып, ал, 28 қызметкердің жұмыстан босатылғанын айтты.

Әділет министрінің айтуына қарағанда министрлікке қарасты қылмыстық атқару саласы мамандарын дайындайтын бірде-бір оқу орыны жоқ. Биылғы жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен Қостанай заң институтында 120 маманды оқыту көзделіпті.

Оңалсын Жұмабеков Қазақстанда жеке меншіктегі түрмелердің немесе шаруашылық есептегі камералардың болуына мүлдем қарсы. Ол түрмелерді мемлекет ұстауға міндетті деп есептейді.

Оның айтуынша, қазіргі деңгейдегі түрмелерді салуға мемлекет біртіндеп ақша табуда.

Ал, Мәжіліс депутаты Виктор Иванов, мемлекеттің ауыртпалығы азайса, әлеуметтік проблемаларды шешуге қаржы көп қалар еді. Біз сотталған адамның теледидар қарау, қажет еткен газетін оқу құқығынан айырамыз. Жазасын өтеп шыққан адамның қалыпты өмірдегі болып жатқан жайттарды білуі керек. Бұл жазасын өтеп шыққан адамның қалыпты өмірге бейімделуі үшін маңызды. Жекеменшік мектептер бар, ал, жекеменшік түрмелерді де неге жасамасқа дейді депутат. Мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков, жеке түрмелердің болуын қаламайды.

«Кәсіпкердің ниеті бір тиын шығын шығарып екі тиын пайда табу. Ертеңгі күні ол менің түрмеме отыруға ыңғайы бар деген лауазым иесін алам деген талап қоюы мүмкін. Себебі қандай адам алсам да өзі білем деуі мүмкін» дейді депутат.

Ал, Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров, Қазақстанда жеке түрмелердің болуын теріс көрмейді. Бірақ жеке түрме ашуға көп қаржы керек, оған инвесторлар бармайтын шығар деген ойды айтады.

Әділет министрінің айтуынша, республикадағы колониялар мен тергеу изоляторларына жөндеу жасалуда. Бірақ колониялардың жағдайы нашар. Ал, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарды ұстауға Жітіқара қаласындағы колониядан орын бөлінді. Дегенмен жаңа түрме керек дейді министр
XS
SM
MD
LG