Accessibility links

Қазақстанда астықтың сапасын анықтау қарабайыр қол құралдарымен атқарылып келедi

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның бидай сапасының төмендеп бара жатқандығын ғалымдар мен тауар өндiрушiлер жиi айта бастады. Соған қарамастан биылғы өнiмнiң бағасы тез көтерiлетiн сыңайлы. Өйткенi, 2004 жылғы шiлденiң 20-сынан бастап “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясы” астықты темiржолмен тасымалдау тарифын 23 пайызға көтерудi жоспарлап отыр. Мұның өзi Қазақстанның егiн шаруашылығына зиян шектiруi мүмкiн дейдi мамандар.

Егiншiлiк саласының мамандары мен ғалымдар Қазақстан астығын бағалайтын мекеме ашу қажеттiгiн алға тартуда. Өйткенi, бидайдың нәрлiлiгi мен ылғалдылығын анықтау осы күнге дейiн қарабайыр құралдарымен атқарылып келедi. Қазақ Астық және оның өнiмдерiн өңдеу ғылыми-зерттеу институтының директоры Әбдiманап Оспанов: “Көршiлес Ресейде астық сапасын бiрыңғай анықтаудың мемлекеттiк жүйесi жұмыс iстейдi. Ондай мекеменiң Қазақстанда болмауы себептi астық ауруларын алдын ала анықтау қиынға түсуде. Соның салдарынан дәнде болған бактериялар нан арқылы адам ағзасына да жұғуы мүмкiн”,- дейдi.

ТМД және Ресей астық индустриясын дамыту жөнiндегi ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Валерий Скрябин Қазақстанның Солтүстiк өңiрiндегi өнiм сапасының төмендеп кетуiн алдымен ауа райының тым жауын-шашынды болуынан және агротехникалық шаралардың орындалмауынан, яғни, минералды тыңайтқыштар мен бидайды уақытында жинап алуға техникалық мүмкiндiктiң аздығынан деп бiледi. Оның айтуынша астық өндiруге бөлiнетiн қаражат және дихандарды ынталандыру жағы да жеткiлiксiз. Алайда, ресейлiк ғалым Валерий Скрябин: “Сапалық деңгейiн көтерсе, Қазақстан астығын Канада астығымен тең жағдайда саудалауға болады”,- дейдi. Бұл мәселемен жұмыс барысында айналысып жүрген “Алейран” жауапкершiлiгi шектеулi фирмасының президентi Бауыржан Жанғоразов Қытайдың Канада бидайын қазақстан өнiмiне қарағанда екi есе бағаға сатып алып жатқандығын айтады. Ғалым әрi кәсiпкер Бауыржан Жанғоразов: “ Ел аумағындағы бидайды тартып ұн ретiнде өңдеп қосымша тағамдық минералдық қоспалар енгiзу арқылы да құнарын көтеруге болады,”- дейдi.

Шiлденiң 20-сынан бастап темiржол тарифының өсуi сыртқы базарда ғана емес iшкi тұтыну жағдайында да бидай өнiмдерiнiң бағасының жоғарылауына әкелiп соғатын түрi бар. Агроном Сәбит Хайруллинның айтуынша, биылғы жылы Солтүстiк өңiрдегi Қостанай, Ақмола облыстарындағы ауа райының егiнге қолайсыздығы да бағаның шарықтап кетуiне әсер етпек. Баға осы бетiмен көтерiле берсе желтоқсан айына дейiн нан өнiмдерiнiң бағасы екi есеге дейiн көтерiлуi мүмкiн. Қазақстан Астық одағының атқарушы директоры Мұхамеджан Дүйсебаев өздерiне қарасты iрi 12 кәсiпорынның көршiлес елдер Ресй мен Украинадағы бидай бағасының ауытқуына назар аударып отырғандығын, соған байланысты баға белгiлейтiндiктерiн айтты.

Астаналық Жолдасбек Мұқашевтың пiкiрiнше, iшкi базардағы астық бағасының мемлекеттiк тұрғыдан реттелуi қажет.

Биылғы жылы диқандар 13,7 милион гектар жерге дән септi. Одан 11,8 миллион тонна бидай алуды жоспарлап отыр. Қазақстан жылына 5 миллион тоннаға дейiн астық экспорттайды. Қазақстан астығын 40-тан астам ел тұтынады.
XS
SM
MD
LG