Accessibility links

Кезiнде Қазақстанның атом қаруы Ұлыбритания, Франция және Қытайды қоса есептегендегiден артық болды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстандағы Семей атом сынағы өткiзiлген жерде болып қайтқан АҚШ конгрессменi Эни Фалеомаваега Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Үнi өшкенiне 13 жыл болғанымен 42 жыл бойы жасалған атом сынақтарының зардаптары әлi күнге дейiн толық зерттелiп болған жоқ.

«Семей сынағы аймағындағылар қуаты Хиросима қаласына тасталған бомбадан 2,5 мың есе күштi 456 атомдық жарылыстардың куәсi болды. Соның салдарынан Қазақстанның 1,5 миллион адамы зардап шектi,»- дейдi АҚШ конгресiнiң мүшесi Эни Фалеомавага. Қазақстанның АҚШ-тағы елшiлiгi мен «Атом қаупiн азайту» қоры бiрлесiп шығарған «Қазақстан атом қаупiн төмендетiп, ғаламдық қауiпсiздiктi нығайту» атты жаңа кiтапта:»Полигон жабылғанға дейiн Қазақстанның ядролық қару қоры Ұлыбритания, Франция, және Қытайды қоса есептегендегiден артық болды. 1040 стратегиялық ядролық оқтұмсық, 104 құрылықаралық СС-18 баллистикалық зымырандары, қанатты зымырандардың 370 оқтұмсығы, ауыр үлгiдегi 40 дана ТУ-95 бомбалағыш ұшақтары АҚШ-қа бағытталып кез келген секөнтте атуға дайын тұрды»,-деп жазылған Қазақстанның АҚШтағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Қанат Саудабаев: «1991 жылы Қазақстан Президентiне «Бойнг-747» ұшағымен келiп Президент мырза бұл қарудан бас тартпаңыз. Мұсылман елдерi iшiндегi ең қуатты мемлекет сiздер боласыздар. Өйткенi кез-келген мемлекет қолында ядролық қаруы бар елмен қорыққаннан санасады деп айтушылардың куәгерi болдым,»- дейдi. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрi Владимир Школьниктiң айтуынша, 1993 жылы «Сапфир» операциясы бойынша Қазақстаннан 600 килә жоғары сападағы қарулық сипаттағы байытылған уран АҚШ-қа жiберiлдi. 148 зымыран қондырғыларын орнататын шахта,әрқайсысы 1 мегатонналық 1100 ядролық заряд пен 110 СС-18 үлгiсiндегi зымырандар жойылған. «Соның есесiне қазiр АҚШ Үкiметi қазақстандық мекемелерге ядролық сынақ салдарынан болған сейсмикалық жағдайларды ғарыштық бақылау қондырғыларын жасауға көмектесiп жатыр. Мұндай ең үздiк жүйе Қазақстан аумағында тұр,»- дейдi Школьник мырза.

«Қазақстанның ең бiрiншi болып ядролық қарудан бас тартуы оның абыройын асырды, Өзге елдердiң Қазақстанға деген сенiмiн оятты»,- дейдi АҚШ конгресiнiң мүшесi Эни Фалеомавага. Оның айтуынша, мұндай қадамға Франция Президентi Жак Ширак та бара алған жоқ. «Ол мемлекет мүддесi үшiн деген желеумен 1995 жылы Муруроа аралында 20 килотонналық атом бомбасын жарды. 1996 жылы франсуздардың 70 пайызының қарсылығына қарамастан Муруроа, Фоготауф аралдарында бес ядролық сынақ өткiздi,» -дейдi. Эни Фалеомаганың айтуынша, Франция 200-ден астам атом сынақтарын өткiзсе, оның бiрде-бiрi Франция аумағында жарылмаған.
XS
SM
MD
LG