Accessibility links

Петропавл колониясында жазасын өтеп жатқан 35 адам колония бастығының қызметтен кетуiн талап етiп өздерiне қол жұмсады

  • Ескендір ЕРТАЙ

Сенбiде Петропавлдағы 164-3 колониясында жазасын өтеп жатқан 35 адам абақты бастығының қызметтен кетуiн талап етiп дене мүшелерiне жарақат салғандығы анықталды. Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық атқару комитетi Солтүстiк Қазақстан облыстық басқармасының бастығы Бақытжан Сәдiбеков болған оқиға бойынша облыстық прокуратура мен iшкi iстер басқармасы бiрiгiп қылмыстық iс ашып, тергеу басталғандығын хабарлады. Сондай-ақ, осы абақтыда бұған дейiн екi жiгiттiң асылып өлу оқиғасы тiркелген.

500 адамның аштық жариялағандығы да тергеу барысында анықталып отыр. Әзiрге тергеу басталған бойда түрме бастығы Найл Ахметов қызметiнен уақытша шеттетiлдi. Тақырыпты “Азаттық” радиосының Астанадағы тiлшiсi Ескендiр Әбiтханұлы жалғастырады. Орын алған оқиға бойынша Әдiлет министрлiгi Қылмыстық атқару комитетiмен хабарласқанымызда, барлық мәселе жөнiндегi түсiнiктеменi Солтүстiк Қазақстан облыстық басқарма бастығы Бақытжан Сәдiбековтен анықтауымызды өтiндi. Бақытжан Мәлiкұлы жағдайдың қалыпқа түскендiгiн айта келiп атқарылып жатқан шаралар жөнiнде кешiрек сұхбат беруге уәде еттi. Ал, облыстық прокуратураның баспасөз қызметкерi Гүлназ Шәрiпова өздерiнде әзiрге ресми мәлiмет жоқ екендiгiн айтты. Сөйтiп, тиiстi мекемелерден жауап ала алмағандықтан “Азаттық” радиосының Солтүстiк Қазақстан облысындағы тiлшiсi Роза Рыспайқызына хабарласқан едiк. Ол да осы уақиғаға байланысты мардымды ақпар алу қиынға түсiп тұрғанын айтты. Әзiрге белгiлi болғаны, шiлде айынан берi капитан Найл Ахметов абақты бастығы болып тағайындалғаннан берi жазасын өтеп жатқандардың екеуi асылып өлiп, екеуi өзiне өзi қол салған. Ал соңғы оқиға былай өрбiген көрiнедi. “ Облыс прокуроры келгенше 15 ада қарнын тiлiп жiберген. Прокурордың көзiнше 20 адам осындай қадамға барған. Қазiр облыстық прокуратура мен iшкi iстер басқармасы қылмыстық iс қозғады.”,-дейдi Роза Рыспайқызы. Бұған дейiн де Қостанай облысындағы Арқалық қаласындағы түрмеде де ұрып-соғу оқиғасы кездескен болатын. Соған байланысты Үкiметке депутаттық сұрау салған Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Рамазан Сәрпековтен сол iстiң қалай аяқталғандығын және осы оқиғаға да түсiнiктеме беруiн сұраған едiк. Ол Арқалық түрмесiндегi оқиға бойынша екi милиционердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалғандығын атап өттi. Қазақстандағы Адам құқы жөнiндегi халықаралық бюроның төрағасы Евгений Жовтис:“Арқалықтағы оқиға барысына басшылық мұндай әрекеттi жергiлiктi қылмыс әлемiнiң беделдiлерi әдейi ұымдастырды деген баға бердi. Бұл оқиға да солай шешiлуi мүмкiн. Ал, бiздiң ойымызша адамдар құқықтарының сақталмауына байланысты осындай тәуекелшiл әрекеттерге баруға мәжбүр”,-дейдi.

17-ай абақтыға қамалып, кейiннен ақталып шыққан Қуат Далабаев болса:” Жалпы Қазақстандағы тергеу орындары мен түрмелердегi жағдай адам төзгiсiз. Онда ешқандай құқық жөнiнде әңгiме қозғаудың өзi қиын. Бәрiбiр жазасын өтеушiлер кiнәлi болып шығады. Өйткенi, сотталған деген аттары бар ”,-дейдi Қазақстандағы Адам құқықтары жөнiндегi халықаралық бюроның төрағасы Евгений Жовтистiң айтуынша, бұл оқиға бойынша құрылатын комиссия құрамына Адам құқықтары жөнiндегi комиссия мүшелерi мен үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi тартылса ғана мәселе әдiл шешiлуi мүмкiн дейдi. Ал, Қылмыстық атқару жүйесi облыстық басқармасы бастығының орынбасары Оңғарбек Мұстафиннiң айтуынша, өздерiне өздерi қол жұмсаған 35 адамның өмiрiне қауiп жоқ. Олар колония iшiндегi емдеу орнында жатыр. Жалпы жағдайды құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйым өкiлдерi де бақылауда ұстап отыр
XS
SM
MD
LG