Accessibility links

Әлемде мұнай бағасының өзгеруі Қазақстанның бюджетіне тікелей әсер етеді


ОПЕК сарапшыларының болжауынша, 2005 жылы мұнайдың әлемдік бағасы едәуір түсіп, бір баррель мұнай 30-35 доллар шамасында болуы мүмкін. Бюджеті әлемдік мұнай бағасы негізінде түзілетін Қазақстан экономикасына мұның қандай әсері болмақ?

Қазақстандық академик Нәдір Нәдіров мұнайдың әлемдік бағасы дүниежүзілік саясатқа байланысты құбылып отыратынын айтады.

– Ирактағы саяси ахуалға байланысты биыл да мұнай бағасы тұрақсыз болады, – деген болжам айтады академик.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали мұнай бағасына Ирактағы жағдайдың көп әсері бола қоймайды деп санайды.

– Өйткені қазір партизандық соғыс жүріп жатса да Ирак сыртқа мұнай шығару көлемін бейбіт кездегі көрсеткішке шамалап қалды, – деген пікір айтты Ғали.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси бірлестігінің мүшесі Серікбай Әлібаев Қазақстан бюджетінде мұнай бағасы төмен мөлшермен жобаланғанын еске салды.

– Өткен жылы Қазақстанның бюджеті сыртқа шығарылатын мұнайдың баррелін 19 доллар шегінде бекітті. Күзде 55 долларға дейін көтерілген кезде арадағы өсімі шетелдегі Ұлттық қорға аударылды, – дейді саясаткер.

Астана қаласындағы «Тексако» мұнай құю бекетінде 85-ші маркалы бензин бағасы 52 теңге, ал 93-ші маркалы бензин – 59 теңге тұрады. Жүргізушілер Қазақстанда жанармай саудасында монополистік басқару болғандықтан баға солардың еркіндегі жайт деп есептейді.

– Қазақстанның өз ішіндегі мұнай бағасының құбылуын академик бола тұрсам да, әлі түсіне алмай жүрмін. Мұны қасақана жасап отырған топ бар сияқты. Өйткені Павлодар, Атырау, Шымкент мұнай айыру зауыттарының жалпы қуаты 18 миллион тонна. Ал, олар оның жартысын ғана алады. 18 миллион тонна мұнай айырса Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаны түсіруге болар еді. Шетелдің иелігіне берілген Павлодар мен Шымкент зауыттары Қазақстанның энергетика министрлігін тыңдамайды, – дейді Нәдір Нәдіров.

Оппозициялық саясаткер Серікбай Әлібаев Қазақстанның өз ішіндегі бағаны тұрақты ұстауға «мұнай маңындағы шенеуніктердің қалтасын толтыруды ғана мақсат етуі бөгет болып отыр» деген сын айтады.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше, Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаны төмендету үшін монополияға қарсы комитеттің пәрмені күшті болуы тиіс және сырттан мұнай тасуға тыйым салу қажет.

Өткен жылы Қазақстан парламенті әлемдегі мұнай бағасының шарықтап кетуіне байланысты бюджет мәселесін екі рет қарап өзгертті.

Алғашқыдағы табыс түгелдей әлеуметтік салаға бөлінсе, соңғы түсім Ұлттық қорға аударылды. Қазақстандық сарапшылар биыл мұнай бареллі орта есеппен 35-40 доллар шамасында болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
XS
SM
MD
LG