Accessibility links

Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша, соңғы кезде Қазақстанға Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерден адамдарды алдап әкелу оқиғалары белең алған.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметі бойынша, шетелге шыққан қазақстандықтардан 10 мыңға жақын шағым түскен. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, алданып қалғандардың саны бұдан әлдеқайда көп.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Екатерина Батикова соңғы уақытта Қазақстанға Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерден адамдарды алдап әкелу белең алғанын айтады. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын адам саудасынан 5 миллион адам зардап шегеді екен.

Бұл салада 9 миллиард доллар айналымда жүр деген мәлімет бар. Адам саудасынан түсетін табыс есірткі және қару саудасынан кейін үшінші орында тұр дейді мамандар. Ұйымдасқан қылмысты топтар жұмыссыздар мен кедейлері көп елдерден құлдыққа адам тасиды. Бақылаушылар ондай елдердің қатарына Қазақстанды да жатқызады.

Жақында Қазақстанның әділет министрі Оңалсын Жұмабеков Астанада қыз-келіншектерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген топтың қолға түскендігін мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, Астанада 9 адамнан құралған топ 120 әйел адамды жезөкшелікпен шұғылдануға тартқан. Олар Астанадан 15 пәтер жалдап, жезекшөлер үйіне айналдырған. Адамдарды заңсыз сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссияның мәліметінше, бұл топқа ішкі істер органдарының қызметкерлері қолдау көрсеткен.

Атырау қаласында да осыған ұқсас екі топ мүшелері қолға түскен. Астана газеттерінің бірінде жарияланған жыныстық қызмет көрсетуге шақыратын жарнамалардың бірі бойынша телефон шалғанымызда, тұтқаны көтерген адам келіскен ақша төленсе, еуропалық, азиялық және аралас нәсілді қыздардың жыныстық қызмет көрсететіндігін, олардың жасы 19-23 аралығында екендігін айтты.

Ресми орындар Қазақстан территориясы арқылы заңсыз көші-қонның 5 арнасы жабылды деп хабарлап отыр. Қазақстанның әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, өткен жылы адамдарды заңсыз сатуға қатысты қылмыстық істердің саны көбейген:

- 2003 жылы 6 іс қозғалса, 2004 жылы 12 іс қозғалып, 7 бойынша сот үкімі шыққан, - дейді министр Жұмабеков.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орта Азиядағы үйлестірушісі Екатерина Батикова осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмысты істер мүлде қозғалмаған болса, 2004 жылы ондай 12 іс қозғалғанын мысалға келтірді.

- Осының өзі көрсеткіш. Өйткені, адамдарды алдап жалдау бір елде, мәселен Қазақстанда, оларды тасымалдау келесі бір ел арқылы, зорлап мәжбүрлі түрде жұмысқа салу үшінші елде жүргізіледі, - дейді Екатерина Батикова.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, қылмысты істердің аз болуына Қазақстан заңдарындағы олқылықтар себепкер:

- Заңның өзіне өзгерістер бір жыл бұрын енгізілді. Бұған дейін біреу адамдарды құлдыққа сатуға апара жатыр деген деректерге қандай шаралар қолданатынын білмеді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2003 жылғы адам саудасына қатысты баяндамасында Қазақстан адам саудасының құрбандарын қорғауға қатысты шараларды толық орындамайтын мемлекеттер қатарында аталады.
XS
SM
MD
LG