Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 17-сінде Мәскеуге барады


Қаңтардың 14-інде Ресей президентінің Қазақстанға жұмыс сапары аяқталды. Енді екі күннен соң қазақ президентінің Ресейге ресми сапары басталады. Мәскеу сапары кезінде қазақ-ресей мемлекеттік шекарасын межелеу туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланған.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің жерінде үш күннің ішінде рет кездеседі.

Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов Қазақстан президентінің Мәскеуге бұл жолғы сапарында екі мәселе қамтылатынын айтады. Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин Ресей мен Қазақстан президенттерінің апта өтпей қайта кездесуіне Украинадағы саяси уақиға әсер етіп отыр деп санайды.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов болса, қаңтардың 17-сінде Мәскеудегі президенттер кездесуінде осы екі мемлекеттің басшылығы қай бағытты таңдауы мәселесі қаралады деген болжам айтып отыр.

- Қазақстан Ресеймен жоғары деңгейдегі кездесу өткізгісі келеді. Ал, бірақ бүгінгі күні оған Ресейдің дайын еместігі байқалып отыр, - дейді саясаттанушы.

Мәскеудегі Қазақстан елшілігі таратқан ақпаратқа қарағанда екі ел басшыларының кездесуі барысында қазақ-ресей мемлекеттік шекарасын межелеу туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланған.

Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан республикасымен арада шекараға бағандар орнатылып, қоршалып жатса (демаркация), Ресеймен екі арадағы шекара тек карта жүзінде ғана белгіленетіндігін (делимитация) мәлімдеген болатын. Қазақстанның жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Жәмпейісевтің айтуынша, көршілес екі елдің ахуалы әрқилы.

Өзбекстан жағындағы шекараны бекемдеу ісі есірткі заттарының көбеюі мен заңсыз көші-қон кезінде діни экстремистердің ел аумағына еніп кетуінен туындап отырғаны айтылады. Парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахмановтың айтуынша, Қазақстан президенті осы сапарында ғарыш орталығында ұлттық «ҚазСат» жер серігінің жасалуы барысымен және «Бәйтерек» зымыран ұшыру кешенін құру жөніндегі Қазақстан-Ресей бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысады.

- Қазір Байқоңыр мәселесін саясатшылар мен экономистер сан-саққа жүгіртіп жүр. Негізінен, Байқоңыр мәселесінде саясатшылар көп сынап жүрген Қазақстанның өз ұстанымын төмендетпеуін мен де қолдаймын, - дейді депутаты.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, алдағы кездесудегі ресми екі мәселе "бетперде" ғана.

- Ал негізінен бұл жолы Қазақстанның қай бағытты ұстанатындығы айқындалады. Оны президент жеке-дара шешпей парламентпен ақылдасқаны жөн болар еді, - дейді саясаттанушы.

Кейбір сарапшылар екі мемлекет басшыларының Украина президенті болып сайланған Виктор Ющенконы ресми құттықтамауының астарынан Виктор Януковичті қолдау бағытында қалатындықтары көрініп отыр деген де пікір айтады.
XS
SM
MD
LG