Accessibility links

Баспасөзге шолу. 9 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда кейбір саяси партиялардың қаржыландыру көздерін тексеру жөнінде мәселе қойылып жатқандығы және Украинадағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан студенттерге оқу орындары әкімшілігі тарапынан қысым жасалып жатқандығы баяндалыпты.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин “Айқын” газетіне берген сұхбатында мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың депутаттық сауалынан кейін, саяси партиялардың есеп-шотын тексеру туралы әңгімелердің көтеріле бастағандығына қатысты өз ойын білдіріпті.

Жасарал Қуанышәлин мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың "ерекше партияларға қатысты ерекше мәлімдемелерінің" көп екендігін айта келіп, жалпы "өркениетті, демократиялық өрісі орныққан мемлекеттерде қоғамдық ұйымдарға, партияларға еш кедергілердің жасалмайтындығын" тілге тиек етіпті. Жасарал Қуанышәлинің айтуынша, ол елдерде "рұқсат беру мәселесі емес, есептелу мәселесі ғана іске асады". Сондай-ақ Жасарал Қуанышәлин бұл сұхбатында Грузия мен Украинадағы жағдайдың дәл сол көшірме күйінде Қазақстанда қайталанбайтындығына сенімді екендігін білдіріпті. Оның себебін саясаткер "әр елдің тарихында қоғамдық-саяси үрдістің бар екендігімен" байланыстырыпты.

Өзінің бейнесін электрондық ақпарат құралдарынан көрсетуге қарсылық білдіріп, келешекте "тек коммерциялық негізде ғана сұхбат беретіндігін" мәлімдеген парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов “Алтын Орда” басылымы тілшісіне берген сұхбатында Қазақстандағы кейбір саяси партияларды "Америка Құрама Штаты асырап отыр" деп мәлімдепті. Ерасыл Әбілқасымовтың айтуынша, Америка - экономикасы аса дамыған мемлекет.

“Сол себептен де бүгінгі экономикалық даму деңгейін сақтап қалу үшін, жер бетіндегі байлық атаулыға иелік еткісі келеді” деген Ерасыл Әбілқасымов Қазақстанға Сорос сияқты қорлар, ЮСАИД және адам құқығы жөніндегі бюро тәрізді беймемлекеттік түрлі ұйымдар мен демократиялық, республикалық партиялардың жанындағы институттар арқылы соңғы жылдары 40 милионнан астам доллардың құйылғандығы туралы дерек келтіріпті. Сондай-ақ мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов “Руханиат”, “Демократиялық партиялардың” құрамында елу мың мүше бар екендігіне күдіктеніп, Қазақстанның бас прокурорына жолдаған сауалында осы үш партияны жабу және сайлау алдындағы Аграрлық және Азаматтық партиялардың, “АИСТ” блогының, “Ақ жол” демократиялық, “Асар” республикалық, Коммунистік партия мен “Демократиялық таңдау қозғалысы” халықтық партиясының қаржыландыру көздерін тексеру жөнінде мәселе қойғандығын да айтып өтіпті.

“Жас Алаш” басылымының кезекті санында жарық көрген "Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі" қауымдастығының президенті Дос Көшімнің мақаласында Украинадағы өткен сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан студенттерге оқу орындары әкімшілігі тарапынан қысым жасалып жатқандығы баяндалыпты. Дос Көшім өз мақаласында бұл ахуалдың "1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсіретіндігін" айта келіп, Украинаға бақылаушы ретінде барған студенттерден түсініктеме алу, сынаққа жібермеу, қорқыту-үркітудің аяғы кейбіреулерді оқудан шығаруға алып келе ме деген күдігін білдіріпті.

Мақала авторының айтуынша, кезінде желтоқсандықтарға “сендер алаңда болдыңдар ма?” деген сауал қойылса, бүгінгі студенттерге “сендер халықаралық бақылаушылардың қатарында болдыңдар ма?” деген сауал қойылып жатқан көрінеді. Дос Көшімнің пікірінше, "осының бәрі Қазақстандағы жаңа дамып келе жатқан демократияға және президентке қарсы жасалып жатқан іс-әрекеттер".

“Оқу орындарының әкімшіліктері ешқандай саясатқа қатысы жоқ, халықаралық тәуелсіз бақылаушы қызметін атқарған студенттерді қысымға ала отырып, оларды оппозицияның қатарына бағыттамақшы” дейді "Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі" қауымдастығының президенті Дос Көшім.

“Город” және “Литер” басылымдары Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқитын қызды өлтіруге қатысы болуы мүмкін күдікті азаматтың ұсталғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, қамауға алынған күдікті азамат мектепте оқитын қызды "зорлап, содан кейін оны пышақтап өлтіргендігін мойындаған". Ал мектеп оқушысы жан тапсырғанда ол он алты жасар қыздың ұялы телефонын алып, оны сатып жіберген.

“Город” басылымының хабарлауынша, қыздың өліміне қатысы болуы мүмкін күдікті азаматты құқық орындарының қызметкерлері осы ұялы телефоны арқылы іздеп тапқан. Атап айтқанда, телефонның коды арқылы құқық қорғау орындарының қызметкерлері сатып алушы адамға шыққан. Ол азамат телефонды сатқан адам туралы деректерді берген.

Бұл оқиғаға айрықша назар аударған “Литер” басылымында құқық орындары қамауға алған мектеп оқушысын өлтіруге қатысы болуы ықтимал күдікті азаматтың психиатриялық экспретизадан өтіп жатқандығы хабарланыпты. Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері Фархат Нұрмұхамедовтың айтуынша, тұтқынға алынған азаматтың отбасы да бар, тіпті қаңтар айының басында ол бала сүю бақытына болған.

Газет тілшісінің хабарлауынша, ол жалға алған “Жигули” көлігі арқылы такси жүргізушісі болып күнін көріпті. Мақала авторының айтуынша, тұтқынға алынған күдіктің азаматтың өзі болса, бастапқы кезде қызды өлтіргісі келмегендігін, алайда ол полицияға айтамын деп қорқытқаннан кейін өлтіруге мәжбүр болғандығын айтып беріпті.
XS
SM
MD
LG