Accessibility links

Ауған соғысы ардагерлері ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңесуді қалайды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтар әр елдегі соғыс операцияларына қатысушылардың мәртебесін 2-ші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіру мәселесін көтерді.

Астанадағы Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымы қаланың орталық мешітінде Совет одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарылуының 16 жылдығына орай майданда қаза тапқан жауынгерлерге құран бағыштады. Бұдан соң ауған соғысы жауынгерлеріне орнатылған ескерткіш жанында митинг өткізілді. Митингіде Ауғанстан, Тәжікстан және Иракта болған жауынгерлердің мәртебесін 2-ші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіру мәселесі көтерілді.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, ауған соғысының ардагері Хамит Әмірғожин соғыс ардагерлері туралы заңның қажеттігін, бірақ, ондай заңның өзі депутат болған шақырылымда қабылданбай қалғанын айтады. Тәжік-ауған шекарасында әскери қызмет атқарған Серік Әділбековтің айтуынша, соңғы кездерде тәжік-ауған шекарасында тұрған Ресей әскері әкетіле бастаған. Алдағы уақытта оны қорғауға ТМД елдері ортақ жасақ шығаруға тиіс.

- Соған дейін әскери қақтығыстар болған аймақтарда қызмет еткен әскерилердің мәртебесі айқындалуы қажет, - дейді Серік Әділбеков.

Қорғаныс министрлігінің арнайы қызмет департаментінің директоры, ауған соғысының ардагері, генерал-майор Мүсілім Дайыров ақпанның 14-інде Иракта болып қайтқандығын, онда қаза тапқан және жараланған жауынгерлердің орнына басқа ерікті әскерилердің апарылғандығын айтты.

- Біздің мақсатымыз «Ардагерлер туралы» заң қабылданса, соған өзгерістер мен қосымшалар енгізу еді. Өкінішке қарай, оған мүмкіндік болмай отыр, - дейді ауған соғысының ардагері Ғалым Қожабеков.

Митингіде сөз сөйлеген парламент мәжілісінің депутаты Төлеген Мұхамеджанов кезінде депутат Хамит Әмірғожин бастаған істі ақырына дейін апарып, ауған соғысы және басқа да болған жауынгерлердің мәртебесін теңестіру туралы заң жобасын парламентке ұсынатындығын айтты.

Митингіде айтылған мәліметтерге қарағанда, ауған соғысына 22 мың қазақстандық жауынгер қатысып, оның 900-ге жуығы қаза тапса, 28-і хабарсыз кеткен. Митингіден соң ауған соғысы ардагерлері ұлттық ұлан жауынгерлерімен «Жас ұлан» әскери мектебінің курсанттарымен кездесулер өткізді.
XS
SM
MD
LG